Әлеуметтік желіде Алматыдағы мамандандырылған мектеп-лицейдің оқыту жүйесіне сын-пікірлер жазылды. Нақтырақ айтсақ, №90 мамандандырылған мектеп-лицейде қазақ баласы бастауыш сыныпты оқығанымен, білімін ары қарай жалғастыра алмайды. Мұның себебін лицей директоры кадр жоғымен түсіндірді. Ата-аналар да сан жылдан бері балаларын басқа мектепке ауыстыруға бейім екен. Екі жақтың пікіріне үңілсеңіз, сіз де бір ой түйеріңіз анық. Оның үстіне, Ақмола облысындағы мектеп жайы да назарымыздан тыс қалмады.
Аралас мектептің жайы осылай болып тұр
Алматы қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы мектептің математика пәнінің мұғалімі Дархан Ардақұлы бұл жағдайды кездейсоқ білген. Оның айтуынша, №90 мамандандырылған мектеп-лицейі бастауыш сыныбын аяқтаған қазақ сыныптарын ары қарай оқытпай таратып жібереді де, тек орыс сыныптарын оқытады. Байқап қарасаңыз, аталған оқу орнын тек орыс тілінде білім алатын түлектер бітіреді. Мұның өзі ойландыратын сұрақ болса керек. «Біз өз елімізде Ресейдегі татарлар мен башқұрттардың күйін кешіп жүргендейміз. Facebook-те жазған дүниенің бәрі рас. Білім бөлімі де мардымды жауап қайтара алмады. Қазір аталған мектепте бастауышта төрт орыс сыныбы мен бір қазақ сыныбы бар. Білуімше, орыс сыныптары емтихан тапсырады да, ары қарай оқуын жалғастырады. Ал қазақ сыныбын оқытпаған соң ата-аналар балаларын басқа мектепке ауыстырады. Тіл тұрғысынан алып қарасақ, бұл – дискриминация. Сұрай қалсаңыз, қазақ тілінде білім беретін кадр жоғын сылтауратады. Меніңше, директор сұрау салып, кадр іздемей отыр. Әйтпесе, Алматы қаласында магистратурада оқып жүріп сабақ беретін докторант көп емес пе? Көрші мектептермен келісіп те, кадр мәселесін шешуге болады. Бұл лицей Райымбек көшесіне жақын орналасқан. Ал Думан, Өжет, Дархан шағынауданында қазақтілді аудитория тұрады. Арғы жағында Талғар бар. Айналып келгенде, кейбір ата-аналар 5-сыныптан бастап бұл мектепте қазақ сыныбы жоқ, сондықтан баламызды орыс сыныбына берейік деуі мүмкін», – дейді Дархан Ардақұлы. Математика пәнінің мұғалімі жауапты органдардың осы жайтқа назар аударғанын қалайды. Ол «адам капиталын жоғалтып отырғанымызға» күйінеді. Өйткені орыс сыныбын бітірген түлектер мемлекеттік емтиханды тапсырғаннан кейін шетел асуы мүмкін. Сондықтан ол 5 сыныпқа көшетін қазақ сыныбын таратып жібермей, ары қарай оқытатын болса, сабақ беруге дайын. Одан бөлек, әлеуметтік желіде қазақ тілінен сабақ беретін педагог те, бұл жағдайға бейжай қарамайтынын жеткізді. Иә, №90 мамандандырылған мектеп-лицейде жоғары сыныпта қазақ сыныбы жоқ. Мұны мектеп директоры Көлбай Нұрмұхамедұлы да растады. Оның айтуынша, кейінгі 2-3 жылда қазақ сыныбының жайын біржақты ету үшін қолынан келгенін жасаған. Бастама көтерген ата-аналар екен. Осылайша, директор конкурс жариялап, қазақ тілінде сабақ беретін мұғалімдерді іздеген. «Кез келген педагог 18 сағат болмаса, 24 сағатпен жұмыс істегенді жөн көреді. Сондықтан 5 сағатқа мұғалім табу қиын», – дейді ол. Тапқан күннің өзінде бір-екі күн жұмыс істеген соң сабақ берігісі келмейтінін айтқан. Оның үстіне, аталған лицейден 1-1,5 шақырым жерде таза қазақша білім беретін үш мектеп (№161,№39,№147) бар. Сондықтан ата-аналар балаларын жоғарыдағы мектепке ауыстырған. Мәселе көтерілгенімен, аяқсыз қалған. «Балам 4-сыныпты бітіреді. Сыныптағы барлық бала №39-мектепке ауысады. Құжаттарды онлайн тапсырдық. №39 мектеп тек 5-сыныптан кейін қабылдайды. Бұрыннан солай, балалар бастауышта №90 мектеп-лицейде оқиды да, кейін №39 мектепке ауысады», – дейді ата-ана Әйгерім Омарова. Ал Дархан Ардақұлы №39 мектептің бар баланы бірден қабылдайтынына күмәнмен қарайды. «Мәселе түбегейлі шешіліп, балалар алаңсыз білім алса», – дейді. Жоғарыда баяндалған жағдайды Білім министріне де хабарлаған. Өз кезегінде министр білім басқармаларына тапсырма беретінін айтқан екен. Бірақ біз Алматы қаласының білім басқармасымен байланыса алмадық. Нақтырақ айтқанда, сұрағымызға жауап берген жоқ.Ы.Алтынсарин аты берілетін мектеп
Ақмола облысында да мектепке қатысты мәселе әлеуметтік желіде кеңінен талқыланды. Осы тұста әлеуметтік желінің үлкен күш екенін айтпаса болмас. Жоғарыдағы оқиға да желінің арқасында тікелей министрдің құлағына жетті. Ал төмендегі оқиғадан кейін Атбасар ауданындағы Мариновка ауылындағы мектептің аты Ы.Алтынсарин деп өзгертілмек. Оқиғаны баяндасақ, ауыл тұрғындары «Мариновка қазақ орта мектебі» атауының бір сәтте «Жалпы білім беретін №2 мектебі» болып өзгеріп кеткеніне наразы. Сол үшін Қайрат Бәйден бастаған мұғалімдер мен ауыл тұрғындары министр атына хат жазған. «Қазақ» атауын алып тастағанына, жалпы ауылдағы тілдің ахуалына алаңдайтындарын жеткізген. Ақмола облыстық білім басқармасы да оқиғадан хабардар. Біз де Бейбіт Жүсіповпен байланысқа шықтық. Әңгіме барысында ауыл тұрғындарының датына жауап қатып, мектеп атын Ы.Алтынсарин есімімен атайтындарын айтты. «Аудандардың барлығы 1 қаңтардан бастап облыс қарамағына өтті. Қазір министрліктің бұйрығына сәйкес, мектеп атауынан қазақ, орыс, ұйғыр деген сияқты атауларды алып тастау міндет. Жалпы, негізгі, орта, бастауыш деген атаулар бар. Бұрыннан «Мариновка қазақ орта мектебі» деп аталатын. Бұйрық негізінде «Мариновка жалпы білім беретін №2 мектебі» деп өзгерткен. Артынша ауыл тұрғындары наразылық білдірген соң қазақ атауын қайтарып беруді ойладық. Бірақ Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай, облыс мектептеріне ғұламалардың атын беруді ұйғардық. Мектеп ұжымы мекемені Ы.Алтынсарин деп атауға шешім қабылдады. Қазір құжаттарды рәсімдеуді бастадық. Бұл жұмыстың біршама уақыт алатыны бар», – деді Ақмола облыстық Білім басқармасының басшысы Бейбіт Жүсіпов. Екі оқиғаны да салыстырып қарасаңыз, тіл тағдырына жанашырлық танытқан халықты көресіз. Олар осыған ұқсас жайттың көбейгеніне налиды. Мәселен, Ақмола облысының тұрғындары өңірде қазақ тілінде білім беретін мектептің саны аз екенін жасырмады. Балаларға арналған іс-шаралар өтсе, басымдық орыс тіліне беріледі. Қосымша білім беретін мекемелердің жарнамасы да орыс тілінде екен. Балабақша мен мектеп жайына келгенде қазақ тілі тағы да «жабықтан» сығалайды. Бұл «тілім менің тірлігімнің айғағы» дейтін ұлт үшін рухани қасірет екені даусыз.Айзат АЙДАРҚЫЗЫ