"Құр қағаз болып шықты": Ақтөбеде әкім көпбалалы анаға жарамсыз сертификат берген
"Құр қағаз болып шықты": Ақтөбеде әкім көпбалалы анаға жарамсыз сертификат берген
158
оқылды
Ақтөбеде көпбалалы анаға сертификат табыстаған облыс әкімінің басы дауға қалды, деп хабарлайды  КТК телеарнасы. Айсұлу Күздібаеваға Алғыс айту күні Оңдасын Оразалин ел алдында екі миллион теңге деп жазылған қағаз табыстаған. Алайда, онысының көк тиын құны болмай шықты. Әкімдіктегілер қайырымды жандардың көрсеткен көмегін сертификатқа жазып бергенін мойындап отыр. Аймақ басшысының өзі 2 миллион теңгенің сертификатын салтанатты түрде табыстағанда ақтөбелік Айсұлу Күздібаеваның қуанышында шек болмапты. Кейін Оңдасын Оразалиннің ұстатқаны құны жоқ құр қағаз екенін білгенде салы суға кеткен. Қазір ол сертификат кішкентайларының ойыншығына айналған. «Бұлай жұрт алында кәдеге жарамайтын сертификатты берудің не қажеті бар еді» дейді көпбалалы ана.
"Екі миллион теңгенің үстіне шамалы ақша қосып үй аламын деп ойладым. Сертификатты берген кезде қуандым. Көршілерім құтты болсын айтып келді. Екі миллион алыпсың деді. Бұл құр қағаз болып шықты. Маған бұл ақшаны бермеді", - дейді Айсұлу Күздібаева.
Жатақхананың аядай бөлмесінде бес баласымен тұратын Айсұлу жыл басында әлеуметтік желі арқылы елден көмек сұраған. Сол кезде еріктілер керек-жарағын алып беріп, бөлмесіне жөндеу жүргізіпті. Ал әкімдік тарапынан ешқандай қолдау болмаған.
"Ол отбасының тұрмыстық жағдайы қиын екен. Барлық жастар болып өзіміз жөндеу жұмысына ақша жинадық. Еденінен бастап, төбесі мен қабырғасына дейін жаңалап бердік. Қосымша керекті жиһаз бен теледидар алып бердік", - дейді еріктілердің бірі Шахретдин Азимов.
Еріктілердің еңбегін еншілеп, жомарт жандар жинап берген қаржыны сертификатқа 2 миллион теңге деп жазып бергендерін шенеуніктер де мойындайды. Бірақ, көк тиын құны жоқ бір жапырақ қағазды көпбалалы анаға не себепті салтанатты түрде тапсырғандарын түсіндіріп бере алмай отыр.
"Неге осы жастардың игі істерін басқаларға үлгі ретінде көрсетпеске деген оймен, осы Айсұлу ханымға жасалып жатқан жұмыстарға жұмсалған қаржыны көрсете отырып, сертификат ретінде жастардың атынан тапсырып алғысымызды білдіру деген ойдан туындаған болатын" , - дейді Ақтөбе облысы ҚХА хатшылығының меңгерушісі Маржан Қорғанбаева.
Бес баланың анасы Айсұлу Күздібаеваның басында баспанасы жоқ. Тұрып жатқан жатақханадағы бөлмесін туыстары берген. Жолдасы қыстауға қатынап қой бағады. Ал әкімдіктегілер осы даудан соң қандай да бір көмек беру туралы жақ ашпай отыр. Ең болмағанда, кешірім сұрап баратындарын да айтпады.