Полицейлер енді зейнетке ерте шықпайды
Полицейлер енді зейнетке ерте шықпайды
576
оқылды

Жапонияда полицей өзге адамдар қатарлы тек 65 жас­та ғана зейнеткерлікке шыға алады. Чехияда тәртіп сақ­шыларына 15 жыл жұмыс істеген соң зейнетке кетуіне рұқсат етілген, бірақ бұл құ­қығын пайдаланса, «жазаланады»: зейнетақысының төрттен бірі ғана төленеді. АҚШ-та полисмендер қызметте егде жасқа жеткенше қалады. Қазақстан құқық қорғау қызметкерлерін ерте зейнетке шығу тәжірибесінен бас тартудың қамына кірісті. Бұл реформаның 2-ші кезеңі болмақ.

Бірінші кезең баспана сыйлады

Елімізде заң бойынша Ішкі істер министрлігінің қызметкерлеріне 20 жыл қызметтен соң ерте зейнеткерлікке шығуына мүмкіндік берілген. Олар осыны пайдаланып, негізінен 45-55 жаста зейнеткер атанып шыға келеді. Содан кейін экс-полицейлер күзет агенттігін ашады, жеке компаниялардың, банктердің күзет қызметін басқарады, жеке сот орындаушысына айналады. Кейбірі оққағар даярлау, азаматтық және әскери тұлғаларды жаттықтыру сияқты басқа да салаларға кетеді. Сарапшылар ІІМ қызметкерлерінің ерте зейнетке шығуға құмартуының тағы бір себебін анықтады. Олар қызметтік баспананы тезірек жекешелендіріп алу үшін осыған мәжбүр болатын көрінеді. Сондықтан реформа аясында «Ішкі істер органдары туралы» заңдағы полицейлерге қызметтік баспананы тек қызметтен кеткеннен кейін жекешелендіруге мүмкіндік беретін ескі норма жойылды. «Ішкі істер органдарының күнтiзбелiк есеппен жиырма және одан да көп еңбек сiңiрген қызметкерлерінің және қызметтен қуылғандарды қоспағанда, қызметтен шығарылған және күнтiзбелiк есеппен жиырма және одан да көп еңбек сiңiрген қызметкерлердің, сондай-ақ күнтiзбелiк есеппен он және одан да көп еңбек сiңiрген және мүгедек балаларды асырап-бағып отырған қызметкерлердің мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген, өздері тұрып жатқан тұрғын үйді өтеусiз жекешелендіруге құқығы бар» делінген жаңа заңда. Яғни, құқық қорғау органдарында 10-20 жыл еңбек еткен мүгедек баласы бар полиция қызметкері өзі тұратын мемлекеттік тұрғын үйді тегін жекешелендіре алады. Себебі ІІМ дерегінше, қазір по­лиция қызметкерлерінің қатары күрт «жасарған», тиісінше олар еңбек өтілін де ерте жинайды. Бұрындары ішкі істер органдарына азаматтар шамамен 30 жаста алынатын, демек 20 жыл қызмет етсе, 50-ге келетін. Сөйтіп, қылшылдаған жасында зейнетке шыға салатын. Ал бүгінде статистика бойынша полиция қызметкерлері 22 жастан бастап органға қызметке тұра бастады. Олардың арасында заңгерлік мамандықты бітірген жастар жетерлік. Нәтижесінде, «жастар» санатынан кеткенде – 42 жаста зейнеткер атанғаны бар! Айта кету керек, «полицейлер зейнеткерлікке кешірек шығуы қажет» деген идея бұрыннан талқыланып келеді. Оны қазіргі ІІМ басшысы Ерлан Тұрғымбаев ішкі істер министрінің орынбасары болып жүрген кезде-ақ ілгерілете бастағанға ұқсайды. Мысалы, тура үш жыл бұрын, 2018 жылғы 14 наурызда Мәжілістің жалпы отырысында сөз сөйлеген ішкі істер министрінің орынбасары полицейлердің ерте зейнетке шыға бастауы мүмкін екенін ескертіп еді. «42 жастағы қызметкер – қылшылдаған, күші толысқан адам, жақсы маман. Мысалы, ол осы кезде подполковник, бөлімше не орган бастығы атанады. Мұндай кезде ол ішкі істер органдарына аса қажет. Сол себепті біз 20 жыл еңбек сіңірген полиция қызметкеріне қызметтік пәтерін жекешелендіруге рұқсат ететін депутаттық бастаманы қолдаймыз. Осы арқылы зейнеткерлікке шықпай-ақ баспанасын жекешелендіруіне және органдардағы жұмысын ары қарай жалғастыруына мүмкіндік жасаймыз. Әйтпесе, бізде кадрлардың өзге салаларға ауысып кетуі басталды. Өйткені 20 жыл ішкі істер органдарында жұмыс істеген 42-43 жастағы бастықтар жеке үйіне қол жеткізу үшін жұмыстан босату туралы өтініш жазуға мәжбүр» деген еді сонда Е.Тұрғымбаев.

Екінші кезең зейнеткерлікті алыстатпақ

Реформаның екінші кезеңі аясында полицейлердің зейнетке шығу жасын көтеру мәселесі қарастырылуда. Түбегейлі шешім әзірге қабылданған жоқ. Мәселе пысықталуда. Мәселенің қайта көтерілуіне себеп – тәртіп сақшылары зейнеткерлікке ерте жастан құмартуын тыймағанға ұқсайды. «Қазір біздің көптеген өте тәжірибелі, кәсіби қызметкеріміз 45-55 жаста қызметті тастап, зейнеткерлікке шығып жатыр. Олар әртүрлі коммерциялық құры­лым­да жұмыс істейді», – деді Сенаттағы «Үкімет сағатында» сөз сөйлеген Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев. Ол көрші Ресейде полицейлер тек 60 жаста, Жапония мен Германияда – 65 жаста ғана зейнеткерге айналатынын алға тартты. Ішкі істер ведомствосы осы тәжірибені елімізде енгізу мәселесін пысықтауға кірісті. –Майорлар үшін зейнетақы жасын 52-ге дейін, яғни қазіргіден 4 жылға көтеруді жоспарлап отыр­мыз. Подполковниктер үшін – 55 жасқа дейін, полковниктер үшін – 58 жасқа дейін, ал жоғарғы басшылық құрам үшін 63 жасқа дейін ұлғайтпақпыз, – деді министр. Ерлан Заманбекұлының өзі биылғы тамызда 59-ға толады. полицей Қолданыстағы заңнамаға енгізілуі тиіс бұл түзетулер қазір талқылау процесінде. Еске сала кетсек, 2013 жылы күш құрылымдары қызметкерлерінің зейнетке шығу мерзімі ұлғайтылған болатын. Нақтылай кетсек, құқық қорғау органдарында қызмет атқарудың шекті мер­зімі майорлар үшін соған дейінгі 45 жастан 48-ге дейін, подполковниктер үшін – 47-ден 50-ге дейін, полковниктер үшін – 53 жастан 55-ке дейін, жоғарғы басшылық құрам үшін – 58-ден 60-қа дейін көтерілді. Сонымен қатар қолданыстағы заң талабына сәйкес, орта және аға басшылық құрамдағы лауазымдарға жасы 35-тен асқандар ғана қабылдана бастады.

Полицей бұқараға жақындай түспек

Дамыған елдердің тәжірибесі көрсеткендей, полицейлердің зейнетке шығу жасын көтеру құқық пен тәртіптің сақталуына теріс ықпал етпейді. Мысалы, АҚШ-та полицейлер лайықты демалысқа қартаюды күтпей-ақ, 20 жыл жұмыстан кейін қол жеткізе алады. Бірақ бұл жағдайда оларға жалақысының 50% көле­мінде зейнетақы төленеді. Соның өзі қомақты: шамамен 2,5 мың доллар. Әйткенмен, Америкада орташа зейнетақы 5 мың доллардан асатынын ескерсек, мұны місе тұту жөн болмас. Тиісінше, полисмендердің көбі бұл құқығын пайдаланбай, ары қарай қызметте қалуды және мансап сатысымен ілгерілей беруді қалайды. Германияда тәртіп сақшылары өзге азаматтармен бірге 65 жаста зейнеткерге айналады. Рас, заңда ерте кетуге жол беріледі, ондай жағдайда 2,5 мың еуродай алады. Чехияда шаршаған полиция қызметкерлеріне 15 жылдан соң зейнеткерлікке шығуға жол ашық: оған жалақысының 20% көлеміндегі мардымсыз зейнетақыны қанағат тұтуға тура келмек. Егер 30 жылдан кейін кетсе, мемлекет жалақысының 50%-ы көлемінде зейнетақы төлейді, бұл шамамен 450 доллар. «Күншығыс елінде» «кейбу» (полицей) жұрт қатарлы тек 65 жаста ғана зейнеткерлігін рәсімдей алады. Дегенмен оларға баршаға берілетін базалық зейнетақы сыртында қосымша төлемдер төленеді. Қорытындысында экс-полицейлер шамамен 1 500 доллар зейнетақыға қол жеткізеді. Айтпақшы, зерттеулер көрсеткендей, дүниежүзінде дәл осы жапон зейнеткерлері волонтерлікпен көбірек айналысады және ұдайы шынығып, денесін шымыр ұстайды. Ішкі істер органының ардагері Александр Ильин бір мәселеге назар аудартады. «Бірер жыл бұрын көрші Ресей де салада «зейнетақы реформасын» жүргізгені есте. Сонда қызмет ету өтілінің көтерілуінен шошынған полиция қызметкерлері 2018 жылы еңбек сіңірген жылдарына сәйкес жаппай жұмыстан кете бастады. Салдарынан РФ ІІМ-інде кадр тапшылығы рекордтық деңгейге жетті. Елдегі қоғамдық тәртіпті сақтау және қылмысқа қарсы тұру үшін ішкі істер органдарының жеке құраммен жабдықталу деңгейі 95 пайыздан аз болмауы керек. Ресейде 92,6% ғана болып қалды. Бізде жоғарылау. Өйткені ерте зейнетке шығу – жас мамандарға ішкі істер органдарын қызықты етететін факторлардың бірі екені жасырын емес. Бұл мәселені барлық тарапты тарта отырып, әбден пысықтаған жөн», – деді сарапшы. ІІМ басшысы Ерлан Тұрғымбаев полицейлердің халыққа неғұрлым жақын бола түсуі қажет екенін айтады. – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сай біз полицияның сервистік моделіне көшуді жүзеге асырудамыз. Оның негізгі қағидаттарының бірі «Жұртқа жақын полиция» болмақ. Қазіргі модульді бекеттер тиім­ділігін дәлелдеді. Өйткені олар орнатылған аудандарда құқық­бұзушылықтар саны айтарлықтай төмендеді. Жалпы, құқық қорғау органдары халықпен тығыз жұмыс істейтін жерлерде қылмысқа қарсы күрестің оң нәтижелерін көріп отырмыз. Азаматтар ішкі істер органдары жүйесінде оң өзгерістерді сезіне отырып, өз бастамаларын ұсынуда және тәртіп сақ­шыларымен ынтымақтастықта болуға мүдделі. Себебі азаматтар үшін қоғамдағы қауіпсіздік пен тұрақтылық қашанда зор маңызға ие, – деді еліміздің бас полицейі. Соның ішінде полицейлер зейнет жасы бойынша да жұртқа жақындай түсуі мүмкін.

Елдос СЕНБАЙ