Наурыз айының алғашқы күні Шымкент қаласындағы автобөлшек сататын «Тұлпар» базарында өрт шыққан болатын. Сауда орнындағы аумағы 600 шаршы метр қойманың үштен бірі күлге айналды. Түнгі мезгілде болған жалынды республикалық «31» және «Астана» телеарналарының меншікті тілшілері дер кезінде түсіріп алмақ болып бейнекамераларын қосады. Алайда тәртіп сақшылары рұқсат бермей, соңы журналистерге қол көтерумен аяқталды.
Бұл туралы алғашқылардың бірі болып «Әділсөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры жариялады. Ал полицейлердің тепкісіне ұшыраған «Астана» телеарнасының тілшісі Бахрамбек Талибжанов бүгінде еттен өткен таяқтан емес, сүйектен өткен сөзден көңілі қалып, демалыс алып үйінде жатыр. Ол психологиялық тұрғыда шаршағанын айтады. «Біраз уақыт тынығып алғым келді. Оның үстіне, денемдегі көгерген тұстар жазылсын дедім. Қазір денсаулығым жақсы, Құдай қаласа келесі апталарда жұмысқа шығамын», – дейді ол. Алайда Шымкент қаласы Полиция департаменті тарапынан осы мәселеге қатысты істің баяу жүріп жатқанына көңілі толмайды. «Түнгі сағат 12-нің шамасында «31» арнаның тілшісі Бахром екеуміз өтіп бара жатып, сауда орнында болып жатқан өртті көрдік. Түннің бір уағында операторларымызды мазаламайық деп, қауіпсіз жерге алысырақ тұрып өзіміздің смартфонымыздың бейнекамерасына түсіре бастадық. Менің алдымда 2 метрдей жерде Бахром түсіріп жатты. Бір кезде оған полицей келіп «түсірме, артқа тұр» деп ескертті. Ол онсыз да қауіпсіз жерде тұрғанын, өзінің журналист екенін түсіндірді. Қасына 2-3 полицей жиналып қалды. Ерегіс күшейіп кетті. Бахром да өзінің құқын таптап жатқанын айтып дауыс көтере бастады. Қауіпсіздік қызметіне жүгінетінін де жеткізді. Бірі-бірінің кеудесінен итеріп, полицейлер журналистің жағасынан ұстап, соңы төбелеске ұласып бара жатқан соң мен олардың жанына бардым. «Қойсаңдаршы» дегеніме қарамастан, екі полицей екі жағымнан көтеріп алды да, 15 метрдей жерге апарып тастады. Осы кезде бұл екеуінен бөлек полиция қызметкері арқамнан, яғни бүйрегімнен екі рет теуіп, аузыма соққы жасады. Ернім қанап кетті. Не үшін ұрғанын білмедім», – дейді Бахрамбек Талибжанов. Оның сөзіне қарағанда, полицейлер журналистерді көлікке мінгізіп алып, Абай полиция бөлімі кезекшілігіне апарған. Журналистер өздерін көлікке мінгізер кезде әлгі сүйреп алып келген полицейлердің өздерімен бірге жүруін талап еткен. Бірақ оны ешкім тыңдамапты. «Кезекші бөлімдегілер алғашында түсініктеме жазуымызды талап етті. Біз өзіміз таяқ жеп, қалайша түсініктеме жазамыз? Қарсылықтарына қарамастан арызымызды жазып, үйімізге қайттық», – дейді Бахрамбек Талибжанов. Әріптесінің сөзін растаған Бахром Абдуллаев полиция қызметкеріне өзінің қызметтік куәлігін көрсеткеніне, қарамастан, «түсіруге болмайды» деп тұрып алғанына ренжиді. Республикалық арна тілшілерінің айтуынша, бұлар «Әділсөзге» хабар бермеген. Алғашында барлығы да өзара шешілетін шығар деп ойлаған. Ақпарат құралдарында жарияланып кеткен соң, Полиция департаментінің басшысы, полиция генерал-майоры Ералы Жұмаханбетов тілшілерді қабылдауына шақырып, мәселені дұрыс шешетінін, түсініспеушілік әрекеттердің реттелетінін, кінәлілер жазасыз қалмайтынын айтқан. Алайда оқиғаның өткеніне бір айға жуықтаса да, әлі күнге дейін журналиске қол көтерген полицей табылмапты. «Біз генералдың алдында осымен 3 мәрте болдық. Ертесіне кешке, сосын түнде тағы шақырды. Сол жерге заңгер Айгүл Орынбек те келді. Ол кіре сала «бас жарылып, көз шыққан бірнәрсе болды ма, не болып қалды?» деп кірді. Біз түсінбей қалдық. Кейін үшеуміз оңаша қалғанда оған мән-жайды түсіндірдік. Сол кезде барып бұл мәселенің дұрыс болмағанын айтқан. Ал үшінші шақырғанда іс қозғалғанын, анықтау шаралары жүріп жатқаны, осы күнге дейін нендей жұмыстар атқарылғаны бойынша сөйлестік. Алайда әлі күнге дейін Бахрамбекті тепкен тәртіп сақшысы анықталмай отыр. Оның түрін біз байқамай қалғанымызбен, әлгі Бахрамбекті екі жағынан көтеріп алып кеткен полицейлер анық біледі», – дейді «31» арнаның тілшісі. 3 наурыз күні Шымкент қалалық Полиция департаментінің басшысы, полиция генерал-майоры өзінің Facebook әлеуметтік желісінде тілсіз жаудың қауіпті екенін, мұндайда аса сабырлықтың қажет екенін ескерте келіп, «Тұлпар» базарында болған өртте полиция қызметкерлерінің адамдардың өмірі мен қауіпсіздігі үшін дер кезінде қажетті шараларды қабылдағанын айтады. «Жайт бойынша мен тілшілермен кездесіп, оларға адамдардың өмірі мен денсаулығын қорғау қажет болған жағдайда полиция қызметкерлері батыл және белгілі бір дәрежеде қатаң әрекет етуі керек екенін түсіндірдім. Бұл үшін кешірім сұраймын. Мен полиция қызметкерлерінің іс-әрекеттерінің заңдылығын анықтауға бағытталған қызметтік тексеру тағайындадым. Тексерудің нәтижесінде тиісті шешім қабылданатын болады», – деп жариялаған. Шымкент қаласы Полиция департаментінің баспасөз хатшысы әзірге ешқандай өзгерістің жоғын мәлімдеді. Ал Бахрамбек Талибжанов полицейдің қол көтергені бойынша экспертиза қорытындылары бар екенін айтады. Алайда бұл тұрғыда департамент жақтан хабар жоқ. Ең болмаса журналиске қол көтерген тәртіп сақшысы өзінің кінәсін мойындап, кешірім де сұраған жоқ. Соққыға жығылған тілшілердің де қынжылатыны осы. Ал жергілікті БАҚ өкілдері әліптің артын бағып отыр.Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы