Наурыз көже – Ұлыстың ұлы күні жасалатын қасиетті ас. Бұл мерекені наурыз көжесіз елестету мүмкін емес. Оны «міндетті түрде осылай жасау керек» дейтін талап жоқ. Бастысы – құрамына жеті түрлі дәм қосылуы шарт. Әркім өз қолындағы азығына, сосын талғамына қарай жасай алады.
Наурыз көженің ең басты тағамы – сүрленген ет, қазы мен шұжық қосса, дәмі одан бетер тіл үйіреді. Ет піскен кезде түсіріп алып, сорпасына жаншылған бидай не бидай жармасын, ақталған тары, күріш, қарақұмық, жүгері, ас бұршағы, тағы басқа да қолда бар дәнді дақылдар пісу уақытына қарай кезегімен салынады. Дайын болған көжеге езілген құрт, ол болмаған жағдайда айран, қатық қосылады. «Құнарлы ас – наурыз көжені әбден тойғанша ішу керек. Сонда жыл бойы тоқ жүресің» деген пікір қалыптасқан. Оңтүстік өңірде Наурыз мерекесін тойлау Кеңес Одағы кезінде де үзілген жоқ. Бала күнімізде үлкендер бір күнді белгілеп, ауыл болып осы мерекені атап өтетін. Алдымен ауыл-аймақты тазалап, ағаш отырғызып, сосын белгіленген күні бәрі Наурыз мерекесін тойлауға жиналатын. Әйелдер жағы әрқайсысы өз үйінен наурыз көжесін, бауырсағын пісіріп келіп, қонақтарға дәм татыратын. Сол кездері «татулығымыз арта берсін, араласып-құраласып тұрайық» деп көжелерді бір-біріне араластырып жататын. Кейінгі жылдары Алматыда да аула-аула болып Наурыз мерекесін атап өту дәстүрге айналып келеді. Қала жағдайында олар ортақ қазан көтеріп, бір-бірін тәтті дәммен сыйлайды. Пандемия салдарынан бұл жағдай әзірге тоқтап тұр. Сөзіміздің басында наурыз көженің түрлі жолмен әзірленетінін айттық. Оның дайындалуы еліміздің әр өңірінде әрқалай. Мысалы, Солтүстік Қазақстанда наурыз көжеге қақталған ет, су, күріш, тұз, ұн, қарта, май қосса, Орталық Қазақстанда тұратындар шұжық, қазы, су, арпа жармасы, май, айран, мейіз, тұз қосады екен. Ал Шығыс Қазақстан өңірінің тұрғындары ет, су, арпа жармасы, күріш, тары, құрт, тұз қосады. Батысқазақстандықтар көженің құрамымен ерекшеленеді – олар көжеге қақталған ет, су, тұз, сәбіз, арпа жармасы, мейіз, сүт немесе айран қосады екен. Бір жақсысы, қазір ұлттық тағамдар дайындайтын тамақтану орындары көбейіп келеді. Әсіресе, Наурыз мерекесі қарсаңында наурыз көжені ас мәзірінің қатарынан көретін болдық. Бұл үнемі қарбаласып, жұмысбасты болып жүретіндер үшін өте тиімді. Баптап тамақ пісіре алмайтындар да осындай дайын көжені қалағанынша іше алады. Әне бір жылдары мамандарымыз наурыз көжені жартылай дайын өнім, тіпті таблетка ретінде дайындап, саудаға шығару жайлы ұсыныстарымен бөліскен. Ғалымдарымыздың бұл ұсынысы әзірге іске аса қойған жоқ. Егер іске асатындай болса, тұтынушы үшін өте қолайлы болар еді. Сол кезде сарапшы-ғалым Мейрам Қабдірахманұлы «Бүгінде көп адамның қымыз сатып алуға, наурыз көже жасауға, шұбат тұтынуға мүмкіндігі бола бермейді. Демек, осы өнімдерден арнайы таблеткалар жасап, оны дәрумендер іспетті етіп шығарсақ, жақсы болар еді. Жапондар қазақтың наурыз көжесінің ағзаға пайдасына таңғалып, оны зерттеу үстінде. Сондықтан өнім өндірумен айналысатын кәсіпорындар болашақта өнім құндылығын сақтау үшін наурыз көжеге қосылатын қоспалардан арнайы таблеткалар жасаса жөн болар еді» деп өз ойын білдірген болатын. Технология дамыған қазіргідей кезде наурыз көженің басты құндылықтарын сақтай отырып тұтынушыға ұсынуға толық мүмкіндік бар.Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ