Ауыл шаруашылығы үшін пайдаланылатын жер тек қана мемлекеттің меншігінде болуы тиіс – сенатор
Ауыл шаруашылығы үшін пайдаланылатын жер тек қана мемлекеттің меншігінде болуы тиіс – сенатор
205
оқылды

Бұл туралы Жер реформасы жөніндегі комиссияның 1-отырысында Сенат депутаты Ақылбек Күрішбаев айтты.

«Қазақстан үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер жай ғана өніріс құралы емес, ең алдымен, бұл – біздің ұлттық игілігіміз, ата-бабамыздан қалған тарихи мұрамыз, бүкіл халқымыздың байлығы және оның басты құндылығы. Менің жеке пікірім, Қазақстандағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер жекеменшікте емес, тек мемлекеттің құзырында болуы керек. Ең алдымен, бұл біздің геосаяси жағдаймызға байланысты. Ауыл шаруашылығы жерлерінің көлемі бойынша біз әлемде 6-орында тұрмыз. Ал егістік алқаптары бойынша жан басына шаққанда Австралиядан кейін екінші орындамыз. Яғни, бір адамға шамамен 1,3 гектар егістік жер келеді. Басқаша айтқанда, бізде халық тығыздығы өте төмен. Сондықтан мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жер ресурстарымыздың жекеменшікте емес, тек қана мемлекеттік меншікте болғаны маңызды. Жер тек жалға берілуі тиіс», – деді сенатор. Оның айтуынша, әлемдік тәжірибеде мұндай мысалдар бар. Мысалы, экономикасы дамыған Израильде барлық ауыл шаруашылығы жерлері мемлекеттің меншігінде отыр.

Бұған дейін бүгін Жер реформасы жөніндегі комиссия отырысында талқыланатын мәселелер туралы жазған болатынбыз.