Асыраушысыз қалған, жұмысынан айырылған, тіпті өмірге сәби әкелген көптеген қазақстандық өзіне тиесілі жәрдемақыларды ала алмай жатқанына шағымдануда. Дәл осы кезде оларға әртүрлі сылтау айтып, қаражат аударудан бас тартып отырған Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры ресейліктерге, Еуразиялық одақтың өзге елдерінің азаматтарына жарты миллиард теңгеден астам жәрдемақы төлепті. Олардың шетелдіктер екенін біле тұра солай жасаған. Неге?
Ұлт үстінен түскен «бұйрық»
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің түсіндіруінше, бұл Еуразиялық экономикалық одақтың ұлтүсті органы – Еуразиялық экономикалық комиссияның шешімі көрінеді. «2018 жылғы 20 ақпанда ЕЭК пен Халықаралық зейнетақы және әлеуметтік қорлар қауымдастығы (ХЗӘҚҚ) арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын. Меморандум шеңберінде әлеуметтік қамсыздандыру, оның ішінде ЕАЭО және ХЗӘҚҚ-ға мүше мемлекеттердегі азаматтарды әлеуметтік сақтандыру тәртібі айқындалды. Ал МӘСҚ 2009 жылдан бері ХЗӘҚҚ мүшесі болып есептеледі», – деді Еңбек министрлігі. Айтқандай, биыл Қазақстан одаққа қатысушы өзге елдер азаматтарына БЖЗҚ-дан зейнетақы төлеуді де қолға алды. «2020 жылы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің 2,3 мыңға жуық азаматы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) жалпы сомасы 588,3 миллион теңге сомасында әлеуметтік төлем алды. Бүгінде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің еңбекшілері мен олардың отбасы мүшелерін әлеуметтік қамсыздандыру – жұмысқа орналастырушы мемлекеттің азаматтарымен бірдей шарттарда және ұқсас тәртіппен жүзеге асырылады. Осылайша, ЕАЭО мемлекеттерінің еңбекшілері уақытша еңбекке жарамсыз болып қалу жағдайына және ана болуына байланысты әлеуметтік сақтандырылады. Өндірістегі жазатайым оқиғалардан және кәсіптік аурулардан міндетті сақтандырылады. Сондай-ақ міндетті медициналық сақтандыруға жатады. Тиісінше, жұмыс берушілер олар үшін сақтандыру жарналарын төлеуге міндетті», – деді ведомство. Нәтижесінде, бұдан былай қазақстандық жұмыс берушілер одақ елдерінің азаматтарын жұмысқа алса, олар үшін 3,5% мөлшерінде әлеуметтік аударымдар аударып отыруы тиіс. Бұл жатжұрттықтарға қазақстандықтар қатарлы әртүлі жәрдемақы алуға мүмкіндік береді. Бұл үшін тіпті Қазақстанда тұруға рұқсат ететін құжаттарының болуы да талап етілмейді. «ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің еңбекшілері Қазақстанның Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар ретінде қызметкердің Қазақстанда тұруға ықтиярхатының немесе тұрақты тұруының болуына қарамастан, МӘСҚ-тан жүктілігіне және босануына, жаңа туған баланы асырап алуына байланысты төлемдер алуға өтініш жасауға құқылы», – деді министрлік.Ресей бас тартты, Қазақстан төледі
Еңбек ведомствосының хабарлауынша, МӘСҚ-тан көмек алатын көрші елдер азаматтарының саны жыл өткен сайын артып келеді. Мысалы, 2020 жылы МӘСҚ Қазақстанға келіп, бала туған Ресей және басқа елдердің 266 азаматына жалпы сомасы 162,4 миллион теңге аударған екен (орта есеппен 610 мың теңгеден келеді). Салыстыру үшін айтсақ, 2019 жылы 235 шетелдікке 134 миллион теңге төленген-тін. Сөйтіп, 1 жыл ішінде сомасы бірден 21%-ға, ал алушылар саны 13%-ға артты. Ресей азаматы Наталья Ершова (тегі өзгертілді) – баласын Қазақстанда дүниеге әкелгендердің бірі. Ол бұл қадамға саналы түрде барыпты. «Қазақстандық әйелдер Ресейде «ана капиталын» алу үшін РФ азаматтығын алады деген қауесетті естігенмін. Бәлкім, солай істейтіндер бар шығар. Солай істесе, адасады, нақты жағдайдан хабарсыз болғаны. Мысалы, «ана капиталы» тек бір рет қана беріледі. Оның өзінде ол шытырлаған ақша емес, арнайы сертификат қана. Оны үш мақсатқа – баспана сатып алуға, балаға білім беруге және ананың зейнетақы жинағына аударуға рұқсат етіледі. Қолға ақша бермейді. Оның өзінде шектеулері толып жатыр. Мысалы, көршіміздің әйелі екінші баласын өмірге әкелгенде оған «маткапитал» аударылды. Алайда олар оны пайдалана алмады, себебі баспанасыз емес, үйлері бар. Баласын дүниеге әкелгенімен, осы капиталды ала алмағандар өте көп. Олар шағымданып, шулап, соттан-сотқа шұбырып жүреді. Біз екінші баламызды туғанда маткапиталды пайдаланғанбыз. Сондықтан екінші рет берілмейді. Осы себепті үшінші баламызды Қазақстанда тууға шешім қабылдадық», – дейді ол.Көршіден теңдікті талап етсе...
Ресей және одақтастардың азаматтарына енді БЖЗҚ-дан зейнетақы төлене бастайтынын әлгінде айттық. 2020 жылғы 7 желтоқсанда ел Парламенті тиісті келісімді ратификациялаған. «2021 жылғы 1 қаңтарда «Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің еңбекшілерін зейнетақымен қамсыздандыру туралы келісім» күшіне енді. Осы келісімнің 1-бабына сәйкес, «еңбекші» деген ұғымға «басқа мүше мемлекеттің аумағында еңбек немесе өзге де қызметті жүзеге асыру арқылы зейнетақы құқықтары қалыптасатын не қалыптасқан мүше мемлекеттің азаматы» деген анықтама беріліп отыр. Осыған байланысты ЕАЭО елдерінен – Ресей, Беларусь, Армениядан және Қырғыз Республикасынан еңбек келісімшарты немесе азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбекші тартқан қазақстандық жұмыс беруші 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап сол жұмыскері үшін оның айлық табысының 10%-ы көлемінде БЖЗҚ-ға міндетті зейнетақы жарналарын ұдайы аударып тұруға міндетті болады. Бұл жерде ол қызметкері қашықтан жұмыс істесе де, зейнетақы жарнасын аудару қажет болады», – деп түсіндірді ресми блогында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов. Яғни, Қазақстанда қашықтан жұмыс тапқан ресейліктер болашақта Қазақстаннан да зейнетақы ала алатын болады. «Тәбет ас үстінде келеді» деген тұрмыстық тәмсіл бар. Сол сияқты құқықтары қазақстандықтармен теңестірілген ресейліктер дәндеп, өз азаматтарымызға тиесілі басқа да игіліктерді талап ете бастапты. Мысалы, Ресей азаматы Светлана Б. әділет министрі Марат Бекетаевқа хатында осыны көксейтінін жасырмады. «Мен Семейде дүниеге келдім. Бертінде Ресей азаматтығын алдым. Қазақстанда тұрақты тұрамын. ЖСН-ым да бар. Жергілікті заңнама бойынша құқықтарым Қазақстан азаматтарымен теңестірілген. Медициналық ұйымдарда жәрдем аламын, жәрдемақылар да төленеді. Дегенмен енді ЕАЭО аясында Ресей азаматтарына Қазақстанның мемлекеттік білім грантын иеленіп, отандық колледждер мен жоғары оқу орындарында тегін білім алуына жағдай жасаса дейміз. Әйтпесе, гранттар тек Қазақстан азаматтары мен оралмандарға ғана беріледі екен», – дейді ол. Әділет министрлігі бұл мәселе өз құзырына кірмейтінін ескертіп құтылды. Бірақ мәселені олар алда қайта көтермесіне кепіл жоқ. Осы орайда, біздің шенеуніктер ұлтүсті органның шешімдерін үн-түнсіз, біржақты орындай бермей, Ресейдегі қазақстандықтар үшін де тең жағдайлар туғызуға, сөйтіп әділдікті қалпына келтіруге күш салғаны абзал. Әйтпесе, одақтас бола тұрып, Қазақстан азаматтары көрші елде келімсектің ауыр күйін кешіп жатқаны құпия емес. Мурманскідегі «тұрмыстық сипаттағы» кикілжіңдер де содан туындайтын болса керек.Елдос СЕНБАЙ