Микропластик әлемді тұншықтырып барады. Оны бүгінде барлық жерден кездестіруге болады. Алып мұхиттар мен полярлық мұздықтардан да, үйдегі құбыр суы мен үстелдегі күнделікті жейтін наннан да, араның балы мен кәдімгі ас тұзынан да. Екі-үш жылдықта ғалымдар ең терең деген Мариан тұңғиығынан целлофан пакет пен пластик бөтелкелерді тапқан кезде шындап дабыл қаға бастады. Қазір оның талшықтары су мен құрлықтағы жан-жануарлардың барлығының организмінде бар. Тіпті, америкалық ғалымдар микропластикті адамның бойынан да тапқан. Өкпе, бауыр, бүйрек, талақ сияқты сүзгілеу органдарда кездескені, оның қан құрамына да түскенін білдіреді. Ана сүті мен әйелдің жатырында да пластик кездескені туралы деректер бар. Бұл – адам тумай жатып та пластикке былғанып өседі деген сөз. Ал оның салдары қандай болмақ? Әлем ғалымдарының басын қатырып отырғаны – осы сұрақ.
Биологиялық кесапат па?
Біз сөзбен айтқанда, микропластик мәселесі бүкіл әлемде экологиялық апатқа айналып үлгерді. Тіпті, биологиялық кесапатқа да ұрындыруы мүмкін. Яғни, ол бір адамның болса да организмінде қандай да бір жанама әсер беретін болса, бұл жаһандық проблема боп шыға келмек. Мәселен, пластмасса құрамы әртүрлі болып келеді. Ас қорыту жүйелері қорыта алмағандықтан, олардың көп бөлігі организмде қалып қояды. Түрлі реакцияның нәтижесінде пластиктер фенол, формальдегид және тағы да басқа канцерогендер бөледі. Кейбірінде гормондардың үйлесуін бұзып, обыр жасаушаларын қоздыратын химиялық заттар да кездеседі. Сондықтан да оның адам организміне туа бітсе де, бөгде жолмен енсе де, қай жерінен жарып шығатыны әзірге белгісіз. Бұрын бауырына, бүйрегіне тас жиналыпты дейтінді еститін болсақ, енді пластик жиналыпты дейтін де күн алыс емес. Аризона мемлекеттік университетінің ғалымдары адамның өкпе, бауыр, талақ пен бүйрек ұлпасының 47 үлгісіне талдау жүргізгенде олардың барлығынан да пластиктен тұратын химиялық элементтерді тапқан. Сүзгілеу органдарынан табылған нанопластиктер олардың қан айналу жүйесінде болғанын білдіреді. Ғалымдар оның салдары органдардың қабынуына, белсіздікке, бедеулікке, обыр ауруына әкелуі мүмкін екенін жоққа шығармайды. Болмыс-бітімімізді жаулап бара жатқан микропластик туралы келесі бір дерек одан да сорақы. The Guardian басылымына шыққан материалда денсаулығы мықты төрт әйелге жүргізілген зерттеу нәтижесінде олардың бәрінің жатырынан көп мөлшерде пластик анықталған. «Бұл олардың бойына біткен баланың тек адамның жасаушыларынан ғана емес, органикалық емес бөгде заттардан да тұратынын білдіреді. Одан әрі ол бала қандай болып өсетіні тағы белгісіз. Бізді алаңдататыны – осы», – дейді Римдегі Сан-Джованни Калибита Фатебенефрателли ауруханасының акушерлік және гинекология бөлімінің директоры Антонио Рагуза. Әлем ғалымдары бәрін қойып, ана сүтінен де микропластик табылғанын айтып дабыл қағуда. әйел полиэтилен ыдыстарды пайдаланса, босанғанда организміне ыдыраған пластиктер енеді екен. Бұл емізулі баланың бойына дарып, қатер тудыруы мүмкін.Пластик – лас тұйық
Табиғи ортада ыдырау уақыты 200-500 жыл болатын пластик ешқашан жойылып кетпейді. Оның төзімділігі сондай, ол тек өте кішкене бөлшектерге ғана ыдырайды. Олардың ең кішкенесін микропластик деп атайды. Оның көлемі 5 миллиметрден 1 микрометр аралығын құрайды. Бұл дегеніміз – адамның шашынан 40-120 есе жіңішке деген сөз. Бірақ пластик одан да кішкене бөлшектерге бөліне алады. Оларды субпластик және нанопластик деп атайды. Өте жеңіл болғандықтан, олар сумен жүзіп, ауамен ұшып тарала береді. Бұлар әлі мүлдем зерттелмеген бөлшектер. Тек бір белгілісі – мұндай өте ұсақ бөлшектердің жасауша мембранасынан да өтіп кете алатыны. Ал одан соң олардың тірі организмдерге қандай зиян әкелуі мүмкін екені әлі анықталған жоқ. Орташа алғанда, әлемдегі әрбір тұрғын күніне микропластиктің 330 талшығын тамақпен бірге жейді немесе ауамен бірге жұтады екен. Бүгінде әлемде жылына 300 миллион тоннаға дейін пластик өндіріледі. Ал олардың басым бөлігін қоқыс тастайтын жерлерден кездестіруге болады. Әлемде мұхиттарда қанша пластик бары белгісіз. Бірақ жалпылама есептеу бойынша, мұхиттарға жылына 17 миллион тонна пластик тасталады екен. Бұл ондағы балықтар мен су мақұлықтары қатты уланып жатқанын айғақтайды. Пластиктің топырақ арқылы өсімдіктердің тамырына да өтетіні анықталып отыр. Тіпті, олар жаңбырмен бірге жауатын жағдайға жеткен. Америкалық ғалымдар АҚШ ұлттық паркінде бір жылда жауған жаңбырмен бірге түскен микропластиктерден 120-300 миллион пластик бөтелке жасап шығаруға болады деген тұжырымға келген. Ғылыми журналдағы мақалада пластиктер атмосфералық жауын-шашынның 4%-ын құрайтыны айтылады.Саналы түрде бас тарту
Бұл зауалдың біздің елімізді де айналып өтпесі анық. Өйткені біздің еліміз де пластик бұйымдарды белсенді қолданушы елдердің бірі. Күнделікті тұтынатын заттарымыздың бәрі пластмассадан тұрады. Бәрін былай қойғанда, ас былғайтын ожау-кепсеріміз де, ет турайтын тақтайшамыз да, су қайнататын шәйнегіміз де пластик. Сондықтан ішімізге қайнаған ыстық асқа еріп қанша пластик кетіп жатқанын ешкім білмейді. Бірреттік целлофан пакет, құтылар мен қаптамалардың көптігі сондай, далалық жерлерде шашылып жатқан қоқыстан көз сүрінеді. Мұның барлығы адамдардың экологиялық сауаты мен мәдениетінің төмендігін көрсетеді. Сондықтан да қоршаған ортаны таза ұстау мәселесіне қоғамның назарын аударту өзектілігі өткір тұр. «Ұзақ жылдардан бері жергілікті билікке жабайы туризмнің алдын алу үшін облыстық деңгейде сарапшылық, тәуелсіз, тұрақты комиссия құру қажетін айтып жүрмін. Ол туризм, экология, табиғат қорғау, орман шаруашылығы, жануарлар дүниесін қорғау сияқты бірнеше ведомствоның мамандарынан және экологтерден тұрса. Осы комиссия жиі рейдке шығып, табиғатты бүлдірушілерді анықтап, тиісті шаралар қабылдаса дұрыс болар еді. Одан бөлек, туристердің жүріп-тұру ережесін жасап шығарып, оны облыстық мәслихатпен бекітіп, Әділет департаментінде тіркеу қажет. Сонда оның заңды күші болады», – дейді эколог Әділбек Қозыбақов. Бүгінде әлемнің 40 елі пластик пакеттен саналы түрде толықтай бас тартқан екен. Мәселен, 2014 жылы Кения полиэтилен пакеттер өндірісіне тыйым салды. Сол үшін көп мөлшерде айыппұл салынып, заңды бұзғандар абақтыға қамалатын болып шешілді. Франция, АҚШ, Канада мен Ұлыбритания да бас тартты. Бұл бастамаға әлемдік деңгейдегі Coca-Cola және Johnson & Johnson сияқты корпорациялар да қосылатынын айтты. Олар толықтай биопакеттерге көшкен. Ондай мүмкіндік бізде де бар. 3-4 айда толық жойылып кететін жүгері крахмалынан жасалатын экологиялық қалталар шығаратын компания бес жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бірақ бұл мүмкіндікке де мемлекет тарапынан қолдау керек. «Пандемияға дейін біздің өнімдер жақсы сатылды. Көп бөлігін Ресейге экспортқа жіберіп тұрдық. Бірақ нарықтың өз заңы бар демекші, карантин кезінде ритейлер компаниялар үнемдеу режиміне көшіп кетті де, оның үстіне шекара жабылып, сауда түсіп кетті. Адамдарға 45 теңгенің биопакетін алғаннан гөрі 5 теңгенің пластик пакетін алған тиімді болды. Енді қазір бәрі қайта қалпына келіп жатыр. Дегенмен де мемлекет тарапынан үлкен көмек керек. Соның бірі заңнама жүзінде пластик пакеттерге тыйым салыну қажет. Болмаса бұл жағдай жалғаса береді. Екіншіден, автокөліктерден утильалым алатыны сияқты, пластиктерді қайта өңдеу және жою мақсатында да утильалым алынса жақсы болар еді. Сонда пластик өнімдердің өзіндік құны өсіп, бізге бәсекелестікке жағдай туар еді. Ал сол утильалымнан артылған ақша биотехнологияға жұмсалса тіптен құба-құп», – дейді Biopack.kz компаниясының атқарушы директоры Батырхан Жұманов. Жалпы, өткен ғасырдың 50-жылдары өндірістік масштабқа көшкелі пластиктің пайдасынан гөрі зияны көбірек. Мәселен, пластикалық өнімдерді шығаратын зауыттар жылына атмосфераға 400 миллион тоннаға дейін көмірқышқыл газын шығарады. Ал бүгінде жануарлардың шамамен 800-дей түрі пластикпен улану салдарынан жойылып кету қаупі алдында тұр. Бұлай жалғаса беретін болса, бұл кесапат адамға де жетуі мүмкін.Нұрлан ОРАЗҒАЛИ