Алимент қарызын арқалағандар көп
Алимент қарызын арқалағандар көп
438
оқылды

Әрине, әке-шешең ажыраспай, бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүргенге не жетсін! Болмаса, бұл күндері ата-анасының екінші отбасында, ата-әжесінің тәрбиесінде, балалар үйінде немесе туыстарының қамқорлығында өсіп жатқан бала аз ба? Балаларын өзі бағып отырған жалғызбасты ана да, әке де көп. Бұл заманның бір зауалы осы боп тұр. Бұл ретте ата-аналық жауапкершіліктен ешкім құтылмақ емес. Сот үкімімен алимент төлеуге міндетті. Өкінішке қарай, соның өзін де төлеуді міндетсініп қашып жүргендер баршылық.

Алимент – балалардың несібесі

Елімізде алимент өндіру мәсе­­лесі күннен-күнге жетілдіріліп келеді. Мәжбүрлі түрде түрлі ша­­­­ралар қабылдануда. Сонда да сот үкімін орындағысы кел­­­­­мей, қашып жүргендер көп. Олар­­­­­мен айналы­сатын мекеменің бірі  – Жеке сот орындаушыларының рес­пуб­­ликалық палатасы. Сот орын­дау­шыларының айтуынша, жалпы алименттің заңмен белгі­­ленген түрлері көп. Соның ішінде ең ба­­сым бөлігі – балаға төленетін алиментке қатысты. «Біздің мекеме жеке сот орын­даушыларының қызметін үйлес­тіретін коммерциялық емес кә­сіптік ұйым. Оның Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен 14 облыс орталықтарында өңірлік палаталары бар. 2020 жылдың қо­рытындысы бойынша рес­пуб­ликада жеке сот орындау­шылары­ның өндірісінде 5 180 497 атқару­шылық құжат болған болса, соның 261 037-сі алимент өндіруге қа­тысты. Бұл істерді сипатына қарай бөлер болсақ, кә­мелет жасына тол­маған бала­ларына 253 636, әйелі күйеуіне/күйеуі әйеліне 4 460, баласы ата-анасына 1 053, қамқоршылық органдарына 1 880, бауырлар бір-біріне 8 іс бойынша алимент төлеуі тиіс. Ең көп іс Қарағанды (25 903), Алматы (23 167) және Шығыс Қазақстан (22 256) облыстарына тиесілі. Ал алименттік дау-дамайы аз өңірлер СҚО (7 481), Атырау облысы (8 683) және БҚО (10 308)», – дейді Жеке сот орындаушылары рес­публикалық палатасының бас са­рапшысы Ұлықбек Қорғанов. Бүгінде елімізде алимент өнді­руге қатысты біраз ілгерілеушілік бар. Мәселен, қазір жұмыссыз жүрген борышкер де алимент төлеу міндетінен босатылмайды. Мұнда жұмыс істеп, айлық алып отырған адаммен айырмашылық алимент сомасында ғана. Ол респуб­­лика­дағы орташа жалақы есебінен шы­ғарылады. Қазір ол 204 330 теңге. Осыған сәйкес, жұмыссыз бо­­рышкер бір балаға 51 082,5 теңге төлеуі тиіс. Ол оны кез келген та­­бысынан төлеуге міндетті. Сти­пендия алатын болса да, үйін жалға беріп немесе келісімді қолма-қол ақшаға жасаған жұмысынан тап­қан табысынан болса да төлеуі керек. «Жалпы, атқарушылық істер­дің, соның ішінде алименттік өн­­дірістердің орындалуын жақ­сарту мақсатында Әділет ми­­­­­нистрлігі мен республикалық па­ла­­та барша облыс әкімдіктерімен тиісті мемо­рандум жасады. Оның аясында мүдделі мемлекеттік органдармен бірге іске асырылатын бірлескен іс-шара жоспары бекітілді. Жоспар бойынша алиментті төлемей жүр­­­ген жұмыссыз борышкерлерді жұ­­­­­­мысқа орналастыру мақсатында жұмыспен қамту орталықтарымен бірге жыл сайын бірнеше рет «Жұмыс орындары жәрмеңкесін» ұйымдастырып отырамыз. Алайда 2020-2021 жылдары індетке бай­ланысты бұл шара өткізілген жоқ», – дейді өңірлік палатасының бас­шысы Ерлан Пернешұлы.

Төленбеген борыш – 7 млрд теңге

Алиментті өндіріп алуда проб­лема жоқ емес. Соның негізгісі – борышкерлердің тұрақты тіркелген немесе нақты тұратын мекен­­­жайының болмауы, жұмыссыз бол­ғандықтан табысының жоқ болуы және алиментті өндіріп ала­тын мүліктерінің жоқ екені. Ал алимент төлемей қашып жүрудегі басты себеп – бұрынғы ерлі-зайып­тылардың арасындағы кикілжің. Яғни, алимент алушы «оны балаларға емес, өзіне жұмсайды» деген ой. Бүгінде мүлдем төлемей қашып жүрген проблемалық алименттің саны – 16 102 іс. Мұн­дағы жалпы сома 7 051 179 461 теңгені құрайды. «Біздің араласуымызбен али­­мент борышын өтеп жатқандар көп. Оларды қарызын өтеп болған соң сот үкімінде басқаша көр­сетілмесе, өндірістен шығарып тастаймыз. Әрі қарай өздері ай сайын төлеп тұруы керек. Бірақ қарызы үш айдан асса, біздің қайта араласуымызға тура келеді. Мә­селен, алимент төлемдерін жала­қыдан немесе өзге де табыс­тардан үш ай бойы өндіріп алу мүмкін бол­маған жағдайда жеке сот орын­даушысы берешекті айқындау ту­­­ралы қаулы шығарады. Айталық, борышкерге ел аумағы­нан тыс кетуге уақытша шектеу қояды, бо­рышкердің мүлкін өндіріп алу ша­расын қолданады деген секілді. Егер бір айдың ішінде сот орын­­даушысы алимент өндіруге тиісті ешқандай шаралар жасамаса, оны лицензиясынан айыру мәселесі қаралады», – дейді Нұр-Сұлтан қаласы Жеке сот орындаушылары өңірлік палатасының басшысы Ерлан Онтаев. Сот орындаушыларының заң­мен көзделген алиментті өндіру тетіктері әртүрлі. Соның бірінде, мәселен Ақтөбе облысының тұр­ғынына нотариус қызмет көр­сетуден бас тартқан. Ер адам али­мент бойынша борышкер бол­­­­ғандықтан, жеке сот орындау­шы­сы оған нотариустың көмегіне жүгінуге тыйым салған. 2017 жыл­дан бері жиналып қалған қарызы 470 000 теңгені құраған, ер адам­ның алимент төлеуден басқа амалы қалмапты. Тағы бір мысал, 2017 жылы Павлодар облысының бір тұрғыны өз балаларын балалар үйіне тапсырған екен. Бірақ сот үкімінде көрсетілгендей ай сайын алимент төлемеген. Нәтижесінде, төрт жыл ішінде 3 миллион теңге­ден астам қарыз жиналған. Атқару­шылық іс жүргізу барысын­да жеке сот орындаушысы әйелдің Екі­бастұзда екі бөлмелі пәтері бар екенін анықтап, сотқа жылжы­майтын мүлікті өндіріп алу туралы ұсыныс жолдайды. Салдарынан әйел пәтерді өз бетінше сатып, қарызын өтеген. Жалпы, тізе берсе мұндай мысалдар жетіп-артылады. Ресейден келіп, сот орындау­шы­ларға ұсталып қалған борыш­кер­лер де бар екен. Шығыс Қа­зақстан облысында ер адам 2016 жылдан бері баласына 1 064 695 теңге али­мент қарыз болған. 2018 жылы ол Қазақстаннан Ресейге көшіп ке­тіпті. 2019 жылы атқарушылық құжат келіп түскен соң, жеке сот орындаушысы борышкердің елден шығуына тыйым салатын қаулы шығарған. Бірақ одан хабары жоқ әлгі ер адам биыл наурыз айының басында Қазақстанға қонаққа келіп, кері қайтарда әуежайда ұсталып қалады. Осылайша, оның кері қайту үшін қарызын то­­лығымен өтеуден басқа амалы қал­мады.

Ақша ата-ана мейірімін алмастыра алмайды

Әрине, ақша әке берген тәр­биені, ана берген мейірімді бере алмайды. Ол тек тұтыну қажет­­­тіліктерді өтеуге керек. Бірақ ерлі-зайыптылардың тату-тәтті өмір сүре алмағаны, бала үшін ең ауыр психологиялық соққы. «Елімізде ажырасудың, али­­мент алушылардың, ата-ана құ­қығынан айырудың көбеюі – от­басы институтының ауыр дағда­рысқа ұшырауының белгісі. От­басы – ертеңгі халыққа, елге қыз­­­­­­­­­­­мет ететін кадрларды әзір­­­лей­­тін негізгі институт. Ата-анасы тірі бола тұра балалардың жетім өс­кендері, бала кезінде ата-анасы­ның мейірімі мен махаб­батын көр­меуі олардың да ертең қатыгез болып өсуіне кері әсерін тигізуі мүмкін. Бізді қын­жылтатыны осы», – дейді Ұлықбек Нұрит­динұлы. Ендеше, алимент дегеніміз – отбасы институтындағы дағда­рыстың индикаторы. Проблемалы алиментке қатысты істердің жыл­дан-жылға азаймай тұрғаны, бұл проблеманың өзектілігін аң­ғар­тады. Ал оның түпкі себебін отбасы құндылықтардан, жастар тәрбие­сінен, ерлі-зайыптылардың қа­рым-қатынасынан іздеу керек. «Ажырасудың ең бірінші себебі – ерлі-зайыптылардың қа­рым-қа­тынасының дұрыс бол­­мауы. Нақ­­тырақ айтқанда, дұрыс реттей ал­мауы. Мәселен, отба­сындағы жан­жалдың 70% алко­гольдік ішім­дік ішу кезінде орын алады. Оның аяғы тұрмыстық зор­­­лық-зом­бы­лыққа апарып жатады. Әйел­дер көп зардап шегеді. Біз тұрмыстық зорлық-зомбылықты – психо­логиялық, жыныстық, экономи­калық және физикалық деп төрт түрге бөлеміз. Осылардың ішінде алимент эконо­­микалық түріне жатады. Оның басты себебі бо­рыш­керлерде адам­гершілік қа­сиет­тің, отба­сылық құндылық, әкелік-аналық жауап­­­кершіліктің жоқтығы. Со­ның ішінде ер-аза­мат­тардың саны басым боп ке­леді», – дейді Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департа­менті Әйелдерді зорлық-зомбы­лықтан қорғау бө­лімінің аға инс­пекторы, поли­ция майоры Гүл­мира Шрахметова. Алимент проблемасының от­басы құндылықтары тұрғысынан алғанда ұлт проблемасымен ұш­тасып кететіні екібастан. Оны ше­шу үшін кешенді шара қабылдау керек. Өйткені алимент төлету ол тек материалдық қамтудың амалы. Онда да жазалау риторикасына құрылған шара. Сондықтан да Қа­зақстанға моральдық пара­дигмаға негізделген жаңа отба­сы­лық саясат қажет-ақ!

Нұрлан ОРАЗҒАЛИ