Бұл туралы Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Ұлттық сараптама орталығы хабарлады.
«Орталықтың Нұр-Сұлтан қаласы бойынша молекулярлық-генетикалық зерттеулер зертханасы толық геномдық секвенирлеу әдісімен COVID-19 оң нәтижесі бар 265 үлгіні зерттеді. SARS-CoV-2 вирусының генетикалық сипаттамасына бұл сынамалар 14 өңірден алынды.
Нуклеотидтер тізбегін талдау нәтижесінде мамандар 12 вирустан «британдық штамм» генотипін анықтады. 12 штамның 8 жағдайы Шарм-ел-Шейх (Египет) және Дубай (Біріккен Араб Әмірліктері) халықаралық рейстері арқылы келген азаматтардан табылды»,– делінген хабарламада.
Орталықтың мәліметінше, қазіргі уақытта бұл елдерде SARS-CoV-2 коронавирусының «британдық» және «оңтүстікафрикалық» штамдары анықталып жатыр.
«Британдық штамның» генотипі бар 4 дерек Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары және Ақтөбе облысында табылды. Вирус шетелден келгендерден тараған болуы мүмкін.