Шалғайдағы ауылдар жаппай жабылып жатыр
Шалғайдағы ауылдар жаппай жабылып жатыр
432
оқылды

«Ауыл – ел бесігі» дейміз. Алайда Тәуелсіздік алған 30 жыл шамасында кеңестік кезеңде төскейде төрт түлігі өріп, дүркіреп-ақ тұрған шалғайдағы елді мекендердің шаңырағын шайқалтып, түтінін сирете түстік.

Солтүстік өңірлерге ел қондырмаса болмайды

2019 жылдың маусымында Ұлттық экономика министрлігі елімізде 100-ден астам ауылдың орнын сипап қалатын түріміз бар екенін ресми түрде мәлімдеген болатын. Оған дейін 59-ы жабылып тынғанын білеміз. Атап айтқанда, Қызылорда облысының 28, Шығыс Қазақстан облысының 16 және Солтүстік Қазақстан облысының 15 елді мекені жоқ. Министрліктің мәліметінше, елімізде жалпы 6 561 ауыл бар екен. Оның 3,5 мыңында халық саны 500 адамнан аз десек, тағы 500-ге тарта ауылдың тұрғындары 50 адамға да жетпейді. Сол себепті «ҚР Әкімшілік-аумақтық құрылысы» туралы заңның 8 және 11-бабына сәйкес, облыстық өкілдік және атқарушы органдар халық саны 50 адамнан кем елді мекендерді есептен шығарып, тарату жұмысын әлі де жалғастыра бермек. Мысалы, 2021 жылы Солтүстік Қазақстан облысындағы 664 елді мекеннің әрбір алтыншысы жабылуы тиіс екен. Бұл – биыл шамамен 110-нан астам ауыл құриды деген сөз. Атап айтқанда, былтыр Солтүстік Қазақстан облысының әрқайсысында шамамен 10 адам ғана қалған 38 ауылы «қара тізімге» ілікті. Жалпы, еліміз бойынша ауылдары жойылған өңірлердің басында осы СҚО-ның тұрғанын білеміз. Өйткені онда өзге ұлт өкілдері көп шоғырланғанын ескерсек, бүгінде олардың өз тарихи Отанына қоныс аударып жатқаны түсінікті. Статистикаға сүйенсек, 2019 жылы Қазақстаннан 45 мың адам өзге елге көшіп кеткен. Оның көбі – өзге ұлт өкілдері. Ал елге сырттан келген қандастардың саны 12-14 мың аралығында ғана. «Әрбір саланың өз стандарты бар» деген Ұлттық экономика министрінің экс-орынбасары Ермек Алпысов, егер бала саны 15-тен төмен болса, ол ауылдағы орта мектептің жабылатынын да алға тартқан болатын. Ал бізде ондай ауылдардың аз емес екеніне жоғарыдағы дерек дәлел. «Сол себепті дамымай отырған ауылдарға әлеуметтік нысандарды салудың қажеті жоқ шығар деп ойлаймын. Бізде ол жерлерге 200-300 миллион теңге тұратын су жүйелерін тартуға мүмкіндік жоқ», – деген-ді осыдан екі жыл бұрын мәселе көтерген министрлік өкілі. Өйтпегенде ше?!. Тіпті, осы министрлік құжаттарының тігіндісінде «Нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша, еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру шеңберінде бағдарламаға қатысушыларды экономикалық даму әлеуеті төмен ауылдардан облыстық, аудандық маңызы бар қалаларға, экономикалық өсу нүктелеріне көшіру көзделген» деген шешім де қатталып-шотталып тұр. Ал Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысын алғаш рет өткізгенде сол бастама аясында халықтың мұң-мұқтажын дер кезінде естіп, кері байланыс орнату қажетін баса айтқаны ел есінде. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Үкіметке жұмыссыздық деңгейін төмендетуге арналған, жоғарыда Ермек Алпысов айтып өткен «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының тиімсіз екенін де ескерткен-ді. Елдегі тұрақтылық пен экономика осыған байланысты болғандықтан, Үкімет мүшелері мен әкімдердің қызметі халықты жұмыспен қамту деңгейіне қарай бағаланатынын айтқан еді. «Еңбек» бағдарламасының тетіктері өзін-өзі ақтамайды. Динамика жоқ. Жұмыссыздық деңгейі өзгерер емес. Бұған жіті көңіл бөлуіміз қажет», – деді сонда Қасым-Жомарт Тоқаев. Демек, ауылдардың қаңырап қалуына бұқараға жұмыс тауып беру масқатын көздейтін бағдарламалардың шалалығы немесе дұрыс орындалмауы да өз «пайдасын» тигізіп жатыр деген сөз. Бұл ретте «ауызды қу шөппен сүртпей», «Еңбек» бағдарламасының ептеп жүзеге аса бастағанын да айта кеткен абзал. Мысалы, өткен жылы бұл мүмкіндікті оңтүстік өңірлерде тұрған 1 546 адам мен 555 қандас пайдаланған. Павлодарлықтардың сапына қазір 452 отбасы қосылып, еңбекке қабілетті 919 адам жұмысқа орналастырылыпты. Оған қоса, 50-ден астам қоныс аударушы бизнес бастау үшін мемлекеттік гранттар, жеңілдетілген несиелер алған. Павлодар облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпованың айтуынша, биыл оңтүстіктен солтүстікке қоныстанушы отбасылардың әр мүшесіне берілетін субсидия көлемі 2 есеге артқан. Бұған дейін әр адамға 35 АЕК көлемінде қаржы берілсе, енді ол 70 АЕК-ке жетіп отыр. Сондықтан 2021 жылға бөлінген квота бойынша Павлодар облысына оңтүстік өңірлерден 2 600 адам мен 500 қандас келуі тиіс. Мамандардың айтуынша, бірінші кезекте Алматы, одан кейін Түркістан облысының тұрғындары Павлодарда тұруды құп көреді екен.

Шекаралық аймақтар да шетқақпай болып тұр

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ мемлекеттік шекараны шегендеп, халықаралық келісімшарттарды бекітіп алғаны белгілі. Ендігі мәселе – сол шекаралық аудандардағы халықтың жағдайы. Әсіресе, Шығыс Қазақстан облысының Қытаймен шекаралас аймақтарындағы байырғы тұрғындардың аудан орталықтарына, қалаларға қоныс аударуына байланысты ауылдардағы халықтың саны азайып барады. Бұл ретте жыл сайын кемінде 3-4 мыңға жуық тұрғын туған жерін тастап кетіп жатыр. Тек Шығыс Қазақстан емес, қазір Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Ақмола, Батыс Қазақстан, Алматы облыстарындағы шекаралық ауылдар да дәл осы ахуалды бастан кешуде. «Шекаралық аудандарды біріктіру үдерістері жүргізіліп, аудан орталықтары көшкеннен кейін барлық мемлекеттік мекеме жабылып, сонымен күн көріп отырған халық жұмыссыз қалған болатын. Шалғай аудандарда өндіріс және өнеркәсіп орындары жоқтың қасы. Оған тоқырау жылдары да өз салқынын тигізді. Сол кездерде ауыл шаруашылығымен айналысу да тиімсіз еді. Бәлкім, заманның қиындап тұрған тұстарында шекаралық аймақтардағы аудандарды бір-біріне қосып, біріктіру қажеттіліктен туындаған да шығар. Ал қазір бұл аудандарды қалпына келтіруге не кедергі? Еліміздің қазіргі сая­си-экономикалық жағдайы бұған толықтай мүмкіндік береді. Әйтпесе, ауылдардағы ағайынның орталықтарға қоныс аударуы азаймайды. Есесіне, шекарамыз бос қалайын деп тұр», – депті бір сұхбатында кезіндегі Катонқарағай ауылдық округінің әкімі Амантай Балтабаев. Оның айтуынша, енді атажұртына оралған қандастарды Үкімет белгілеген тиісті облыстарға бөлгенде шекаралық ауылдарға да орналастыруды ойластыр­ған жөн. Өйткені көршілес Қытай, Ресей мемлекеттері бар күшін өздерінің шекаралық аудандарын бекемдеуге салып жатыр. Мысалы, Қытай Қазақстанмен шекаралас аудандарына халықты шоғыр­ландырып, қалалар салып тастаса, Ресей Қиыр шығыстағы шекаралық аудандарына көшіп барушылар үшін жер телімдерін гектарлап тегін беруге көшкен. Соңғы 25 жылда Қытайдың шекаралас аудандары мықты орталыққа айналып, ел экономикасын жандандырса, біздің елдегі шекара аудандарының жағдайы, керісінше әлсірей түскен. Айталық, 1997 жылы бірнеше облыс жабылып, көптеген аудан таратылған тұста ҚХР-мен арадағы мемлекеттік шекараның бойында орналасқан еліміздің шығысындағы Тарбағатай, Катонқарағай, Марқакөл, Мақаншы, Таскескен, ал Алматы облысындағы Қапал, Нарынқол, Қоғалы, Үйгентас аудандары таратылып, басқа алыс-жақын аудандардың қарамағына өткен еді... Міне, мәселенің басы қайда жатыр?!.

Еркеғали БЕЙСЕН