Еліміздің мақтан тұтар зиялы азаматтарының бірі, көрнекті қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген сәулетшісі, мемлекеттік сыйлықтың иегері Шот-Аман Уәлиханов 89 жасында өмірден өтті.
Тәуелсіздіктің 30 жылдық тарихы туралы сөз еткенде, ең алдымен еліміздің мемлекеттік рәміздері ойға оралады. Ал Елтаңба десе, Шот-Аман Уәлиханов пен Жандарбек Мәлібеков, Шот-Аман Уәлиханов пен Жандарбек Мәлібеков десе, Елтаңбаны айтатынымыз анық. Қазақтың сәулеткерлік өнерінде Шот-Аман Уәлихановтың ерекше қолтаңбасы бар. Алматы қаласының Республика алаңындағы Тәуелсіздік монументі, Семейдегі «Ажалдан да құдіретті» Атом сынағы құрбандары монументі, Космонавтикаға арналған монумент, Алматыдағы Шоқан Уәлиханов ескерткіші, Д.Қонаев мүсіні, Алматы қаласы әкімдігінің ғимараты, Алматыдағы 25 мың орындық Орталық стадион, әмбебап дүкен, Нұр-Сұлтан қаласындағы Кенесары Қасымов ескерткіші, Қостанайдағы Ахмет Байтұрсынов ескерткіші, Көкшетаудағы Т.Бигельдинов ескерткіші, «Еуразия» монументі, «1932 жылғы ашаршылық құрбандары» монументі, «Отан-Ана» монументі мен басқа да ерекше ескерткіштер – оның жеке және басқа авторлармен бірлесіп істеген жұмысының жемісі. Елтаңбаны дайындау ісіне мұқият кірісті. Әрбір белгісін ыждағаттықпен дайындап, оның символдық мәніне терең үңілген. Өзі де сол туралы сұхбаттарында жасырмай айтады. «Барлық адамзаттың тек жерді емес, сондай-ақ ғаламды меңгеру туралы арманы қанатпен байланысты. Қазақта «армансыз адам – қанатсыз құспен тең» деген мақал бар. Тек қазақтарда емес, сондай-ақ көптеген халықтардың болашаққа самғау туралы, биіктерді бағындыру жайлы, алға қойған мақсаттарына жету туралы арманы қанатпен байланысты. Мәселен, ежелгі грек құдайы Ника Самофракийскаяның жеңісі мен Ассириядағы ІІ Саргон сарайындағы қанатты бұқаларды мысалға алсаңыз болады. Пегас атты қанатты арғымақ – Құран мен Інжіл беттеріндегі қанатты періштелер – пәктік пен сұлулықтың белгісі, ақындардың шабыттандырушысы. Біздің Елтаңбадағы жарқыраған жұлдыздың суреті билікті, өмірді алға жетелейтін сәуле шұғылаларын білдіреді. Әр адамның жол сілтейтін жұлдызы болады, одан тіпті мемлекет те аттап өте алмайды. Біздің Елтаңбадағы жұлдыз басқа белгілер мен символдардан жоғары тұр. Демек, тәуелсіз Қазақстанымыз мәңгілік өмір сүреді. Біздің еліміздің жұлдызы бәрінен биік әрі жарық болып, барлық отандастарымыздың қаншама қиындықтар мен тағдыр тауқыметін бастан кешірген Қазақстанның демократиялық және игілікті жолын жарықтандыратын жолбасшы күшіне сенетініне үміттенемін», – дейді сәулеткер.Шоқан салған жол
Шот-Аман Уәлихановтың анасы 12 құрсақ көтерген екен. Балалары тұрмай, өле беріпті. Балалық шағы туралы жазбасында: «Ағайын-жұрт ақылдасып, барлық қатер ана сүтінен шығар деп ойлап, 1925 жылы туған Тұрсын деген ұлды анасы емізбей, ағайындар алып кетіп асырайды. Бала тұрады. Көңілдері жасып қалған ата-анамыз шарқ ұрып, мені де ажалдың аузынан алып қалудың амалын іздейді. Кіндігімді шаппа шотпен кесіп, 30 әйелдің етегінің астынан өткізеді. Ескі түсінік бойынша, ажал бір әйелдің баласын алуға кәнігіп алса, бала көтерген сайын туар кезде нәрестені алуға келеді де тұрады екен. Ал 30 әйел отырған кезде баланың қайсысынан туғанын білмей, ажал адасып қалады-мыс деген ұғым болыпты. Сөйтіп, тумай жатып, ажалды адастырып, Шот-Аман атандық, кейін Шота дейтін болды» деп жазады. 1934-1944 жылдары әкесі Ыдырыс Мақыұлы Солтүстік Қазақстан облысындағы Төңкеріс ауданының Бағанаты, Алкаағаш, Жаңаталап, Шортай атты ауылдарында мұғалім болады. Бағанатыда тұрғанда Тұрсын ағасы Евней деген дос табады. Бұл атақты ғалым Евней Букетов болатын. Тұрсын ағасы екеуі жұбын жазбай, бірге ойнап, бірге жүреді. Бағанаты мен Марьевка селосының арасында көне оба болған екен. Екеуі бала кезінде сол обаны қазып, батырлардың алтын, күміс, темірден дулыға, қалқан, сауыт-саймандарын тауып алсақ дегенді жиі армандапты. «Тұрсын орта дәрежелі заң мектебін бітіріп, тергеуші, кейінірек адвокат болып қызмет атқарды. Көптеген адамдарға араша түсіп, ақтауға сеп болған кездері болды. Бір рет істі қуып, Алматыға дейін барды, досы Евнейдің студент кезі, екеуі тағы Сәбит Мұқановтың үйіне барыпты. Біраз танысқаннан кейін Сәбең Тұрсынға: «Көп оқи алмаған екенсің» дегенде Тұрсын: «Тағдыр мені көкжал қып жаратқан еді, сұм өмір түлкіге ұқсатып, құйрығымды бұлғаңдатқызды» деп жауап қайтарыпты. Тұрсын ағам көп өмір сүре алмады. Елдің үлкен азамат болар деген үміті үзіліп, 22 жасында жіңішке аурудан қайтыс болды. «Шота, сен жоғары білім ал, оқы, саған Евней көмектеседі» деуші еді асыл ағам. «Ел Шоқан ұрпағынан осы уақытқа дейін оқыған бір адам шықпағаны қалай?» деп таңданады, тырысып көрейік. Егер жазылып кетсем, бәрін тастап, өзім де Көркемсурет академиясына түсемін» деп армандайтын. Әттең не керек, тағдыр жазбады» деп жазады Шот-Аман Уәлиханов өз өмірі туралы жазбасында.Қажымайтын, талмайтын сәулеткер
Сенатор Мұхтар Құл-Мұхамедтің «Менің ағаларым» сериясымен жазылған «Сәулетші Уәлиханов» деген эссесі бар. Сол эссесінде қаламгер сәулетшінің бүкіл өмірін қамтуға тырысқан. Көкше жеріндегі Сырымбет орта мектебін бітірген соң болашақ сәулетші Мәскеуге аттанады. Сол жақта қазақ арасында сирек кездесетін архитектор мамандығын алып шығады. Бұл мамандықты таңдауына елге мәшһүр ғалым Евней Букетовтің септігі тисе керек. «Шоқан мен оның інісі Мақы қазақтың алғашқы кәсіби суретшілері болды. Сондықтан сурет, мүсін өнері Уәлихановтардың қанында бар. Шот-Аман да біртіндеп осы синкреттік өнерге бет бұрады. Шығармашылық өмірінің алғашқы кезеңінде мүсіншілер Т.Досмағамбетов және О.Прокофьевалармен бірге Әліби Жанкелдинге, мүсінші Б.Әбішевпен бірге Тоқаш Бокинге, мүсінші Т.Досмағамбетов және архитектор А.Қайырбаевпен бірге Ғани Мұратбаевқа, мүсінші Т.Досмағамбетов және сәулетші А.Қапановтармен бірге Дінмұхамед Қонаев бюсті сияқты тамаша ескерткіштер жүйесін дүниеге әкелді. Саяси тұрғыдан алғанда кейбір кейіпкерлердің бейнесі бүгінгі тарихта солғын тартқанымен, таза өнер туындылары ретінде олардың көркемдік құндылығы төмендеген жоқ», – дейді Мұхтар Құл-Мұхаммед. Шот-Аман Уәлихановтың елге сіңірген елеулі еңбектерінің көрінісі ретінде Қазақстанның түкпір-түкпірінде тұрған сәулелі ескерткіштер мен мұндалайды. Олардың әрқайсысының ерекше тарихы бар. Ол ескерткіштер бір сәтте, бір уақытта дүниеге келген жоқ. Әсіресе, талантты суретші, мүсіншілермен одақтаса отырып, Нұр-Сұлтанда – Кенесарыға, Қостанайда – Ахмет Байтұрсынұлына, Семейде – Шәкәрімге, Ерейментауда – Бөгенбай батырға, Көкшетауда Талғат Бигельдиновке арнап, тамаша ескерткіш қойды. «90-жылдар сәулетші Шот-Аман Уәлихан үшін өте берекелі болды. Оның қаламынан бірінен соң бірі «Жер-Ана», «Күн-Ана», «Мыңжылдық», «Халықтар достығы», «Ашаршылық пен репрессия құрбандары» монументтері, Аңырақай шайқасының панорамасы, «Даңқ» пантеоны сияқты көптеген жоба дүниеге келді. Қашан да қажымайтын, талмайтын сәулеткер олардың бірқатарының нобайын баспасөзге жариялады. Басым көпшілігі сызба, макет түрінде қалса да оған Шот-Аман шебер көп қынжыла қойған жоқ. Талантты туынды бүгін болмаса ертең, уақыты келгенде ел кәдесі мен ұрпақ қажетіне жарайтынына бек сенімді» деп жазған екен Мұхтар Құл-Мұхаммед. Тұтас бір шығармашылық одақтың қызметін атқарған, бір өзі бір институтқа айналған ардақты жан, талантты сәулетші, баға жетпес қазына Шот-Аман Уәлихановтың артында өлмейтін, өшпейтін ізі қалды. Бір кездері сәулетші Уәлиханов: «Әрбір адам – жеке бір әлем. Өз түйгені, өз сүйгені бар, жерінгені, жиіркенгені бар. Егер адам ойға тоқығанын, бойына жинаған бар асыл дүниесімен қатар мақсат-мүддесін, арман-тілегін өлгенде өзімен бірге алып кетпесе, адамзат баласының рухани дүниесінің қырманы қандай бай болар еді. Әттең, бар билік уақытта. Адам бүгін бар, ертең жоқ» деп жазған екен. Арман-тілегі, мақсат-мүддесі орындалып, ойға алған істерін атқарып кете алды деген ойдамыз. Тәуелсіз Қазақстанның тарихында Шот-Аман Уәлихановтың ойып жазылған аты, өлмейтін ескерткіштері қалды.Гүлзина БЕКТАС