Әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті қазақстандық бренд-өнімдер неге жоқ?
Әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті қазақстандық бренд-өнімдер неге жоқ?
399
оқылды

Кез келген мемлекеттің басқаларға қарағанда өзіндік ерекшеліктері мен бәсекелестік артықшылықтары бар. Соны көре біліп, жаһандық деңгейде тиімді пайдалана алған елдер бірен-саран.

Байтақ жеріміздің көрікті табиғаты туралы, бай тарихы жайында ұзақ әңгіме дүкен құруға болады. Десе де дүние жүзінде жер көлемі бойынша 9-орында тұрған Қазақ жерін білетіндер саны кемде-кем. Әрине, Димаш Құдайбергенов, Генадий Головкин мен күні кеше Грэммиді қанжығасына байлаған теміржолшы Иманбек те жағдайдың оңалуына себепкер болған шығар. Бірақ Қазақстанның әлемге ұсынары, брендтері осымен ғана шектеліп қалмақ па? Мемлекеттік бренд-менеджер, Shon білім орталығының негізін қалаушы Диана Өтемісованың айтуынша, еліміздің ерекшеліктері көз алдымызда, оларды тек анықтап, белгілі технологияларға сәйкес бренд қалыптастыру қажет.

«Бүгінгі жаһандану белсенділігі артқан тұста ұлт бірегейлігін анықтай алып, сақтап қалу аса маңызды»

– Әр ел эволюциялық даму үдерісін бастан кешеді. Әдетте, бұл кезең жағымсыз сипатқа толы. Осы шақтың халық және билік үшін жеңіл өтуіне ықпал етуге бола ма? – Бұл елдегі ішкі және сыртқы PR жұмыстарын басты назарда ұстайтын мемлекеттік бренд-менеджерлер мен PR мамандарының басты міндеті. Тарихи фактілерге сүйенсек, дағдарыстар немесе басқа да қолайсыз жағдайлардың мемлекеттік көлемде көбеюі, қоғамдық сананың өзгеруі, азаматтық қоғамның қалыптасуы кезінде болады екен. Себебі, ауқымды құрылымның түрленуі оңай емес. Осындай уақытта болған жағдайлардың қалыпты әрі уақытша құбылыс екені бұқараға ғылыми негізделген шынайы ақпаратпен жеткізіліп, түсіндірілуі қажет.
Сыртқы PR дегенде ойға бірден ақсаңдап тұрған туризм келеді. Мемлекет тарапынан осы саланы дамытуға арналған бағдарламалар жасалып жатса да, табиғатымыздың тартымдылығын әлемге жоғарғы деңгейде көрсете алмай келеміз. Тіпті әлем елдері арасында брендинг деңгейінің төмендігінен 102, жол сапасына байланысты 106-орындамыз. Диана Өтемісова туризмнен бөлек, сапалы бренд-өнімдер қатарына Қазақстанның басты ресурсы – қазақстандықтарды жатқызады. Айтуынша, Димаштың арқасында әлем біздің музыкалық бірегейлігімізді ғана емес, дархан даламызда сырт келбеті келіскен сұлу адамдар өмір сүретінін аңғартты. «Шоу-бизнес, сән және спорт – елді танымал етудегі өте жақсы құрал, бірақ қазіргі ғылыми прогрестің «жаңа ғасырында» (Ескерту. Осындай дүмпуді 19-ғасырдың аяғы мен  20-ғасырдың ортасында байқауға болады) ғалымдар мен олардың өнімдеріне көңіл бөліп, елдегі тың бизнес жобалардың, өңірлердің табиғи және этникалық ерекшеліктерін айшықтайтын өнімдердің бренд-тұжырымдамаларын жасау керек».
– Диана ханым, бренд болуға лайықтыларды қайдан көруге болады? – Елімізде мықты бизнесмендер мен саясаткерлер бар. Сондай қайталанбас тұлғалардың бірі ретінде Президентімізді мысалға келтіруге болады. Меніңше, Қасым-Жомарт Кемелұлы қайталанбас тұлға-cаясаткер, стратег, дипломат, тағысын-тағы. Қай жағынан алсаң да, «ресурсты» Президент. Бүгінгі күні қолға алып отырған әрбір ісі, түптеп келгенде, ел үшін өте пайдалы болатынын аңғару қиын емес. Меніңше, қоғам назарын оның сөздері мен әрекеттеріне аударту керек. Бұл бір ғана мысал. Үкімет осындай мүмкіндіктерді пайдалана алу қажет. – Демек, мақтанарымыз бар дейсіз ғой? – Бізде арқа сүйейтін сенімді мәліметтер мен деректер жеткілікті. Сол себепті мен мақтану деген иллюзорлық әрекеттен аулақ болу керек деп санаймын. Мықты бренд қалыптастыруда ғылым мен нақтылықтың рөлі зор. Біріншіден, бренд менеджерлері экономиканың түрлі салаларында өндіруге қауқарымыз жететін бренд-өнімдердің тізімін жасауы қажет. Бұл бір реттік шара емес және терең зерттеу жұмыстарын талап ететінін түсіну қажет. Мәселен, АҚШ билігі киноиндустрия көмегімен қоғам үшін маңызды кәсіп түрлерінің имиджін қалыптастыра алды. Ондаған жылдарға созылған жүйелі жұмыс нәтижесінде әлем америкалық мейірімді дәрігердің, жаужүрек полиция қызметкері мен өрт сөндірушінің жағымды имиджін біледі, тіпті бұны біздің менталды құрылымға да енгізіп берді. Осындай нәтижеге қол жеткізу үшін тұтас елдің бренд-тұжырымдамасы жасалады. Бұл құжат біздің аймақтық ерекшеліктерімізді ескере отырып, әр өңір мен сала үшін бөлек бренд-технологияларын қолдана отырып әзірленуі тиіс. – Бүгінгі Қазақстанның билігі өз-өзінен бренд жасау қажеттілігін түсінеді ме? – Саясаткерлер мен мемлекеттік қызметкерлер бұл мәселені бизнес тізгініндегілерден  жақсы түсінеді. 15 жыл бұрын жағдай керісінше болатын. Бренд тек сапалы тауар маркасынан соң қалыптасады деген нарық заңы бар. Ал қазақстандық кәсіпкерлердің көбі әлі 2008 бен 2015 жылғы дағдарыс құрсауында қалып отыр. – Ендеше, неліктен әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті қазақстандық бренд-өнімдер жоқ? – Тендерлік іс-шаралар кезінде бағаны негізсіз демпингтеу білікті бренд менеджерлердің мемлекет пайдасына жұмыс істеуіне мүмкіндік бермей отыр. Демек, бәсекеге қабілетті елдік бренд қалыптастырамыз деу бос сөз. Әлемдік деңгейде өзіндік заңдар мен ережелер бар. Бренд-менеджер – мемлекеттің «құндылығын» көтеретін маман. Елдің «құны» сол елге тиесілі аймақта орналасқан әлемдік немесе жергілікті брендтермен өлшенеді. Бұл мемлекет үшін әлемдік қоғамдастық тарапынан жасалатын жеңілдіктер мен қолайлы қарым-қатынасқа қол жеткізу үшін қажет. Осы мақсатқа жетудегі жұмыстар көптеген күш- қуатты, кәсіби және қаржылық ресурстарды талап етеді. – Демек, мықты брендтің болуы елдің танымалдығының белгісі дейсіз ғой?! – Бүгін, бір өкініштісі, әлемдік брендтермен берілетін «иммунитет» жеткіліксіз.  Себебі, халықаларық бизнес қауымдастығы мен саяси аренада құрмет пен танымалдылыққа ие болғысы келетін мемлекет үшін брендті өзі қалыптастыра алуы шарт. Шоу-бизнестен бөлек, ғылымда, білімде, туризм мен мал шаруашылығында,  ауылшаруашылық пен басқа салаларда өзіміздің бренд-өнімдер болуы керек. Жері табиғи байлықтарға бай, тарихы терең ел бола тұра әлемде үздіктер қатарына шыға алмауымыз түсініксіз жайт. Тарихи сабақтастықты негізге алып, ата кәсіпті дамытуға көңіл бөлсек, мал шаруашылығы мен аграрлық секторда көшбасшы болуға толықтай негіз бар. Әлемдегі ең сапалы экологиялық таза ет өндіруге, қымыздың жүздеген түрін жасап, жоғары сапалы биязы жүн мен бидайды экспорттауға толықтай мүмкіндігіміз бар. Осы кезде біздің еліміздің «құны» және танымалдығы артады. – Бұл жұмыстар атқарылып жатқан жоқ па? – Егер бренд-менеджменттің қағидаттарына сай жасалса, әлемді  айтпағанда, неліктен сіз бен біз сол өнімдерді білмейміз? Бұл жұмыстар билік тарапынан қолға алыну керек. Қазіргі цифрландыру дәуірінде бизнес-әрекеттердің алгоритмі енгізілген портал жасауға қауқарымыз жетеді. Біздің орталық осындай жобаларды жүзеге асырып жатыр. Сапалы бренд өнімдерді қалыптастыру үшін жұмыстарға білікті халықаралық сарапшылар мен digital саңлақтары тартылуда. Біз әлемде Қазақстанның құндылығын арттыра алатын нәтижелерімізбен бөлісуге дайынбыз. SHON білім орталығын құрудағы басты мақсат та осы еді.