Биылдан бастап сексуалдық сипаттағы қылмыс жасағандардың жазасы 17 жылға дейін қатайтылғаны белгілі. Ал балаларға зорлық көрсеткендер 20 жылға бас бостандығынан айырылады. Жаңа заң жүйесінде, әсіресе ата-ана, педагог немесе өгей әкенің қылмыстық әрекеті жіті қаралған. Әрине, заңның күшейтілгені құптарлық. Алайда бұл жасөспірімдерге жасалып жатқан жыныстық сипаттағы қылмыстарды азайта ала ма?
Екі айда 61 сексуалды сипаттағы қылмыс тіркелген
Жамбыл облыстық Полиция департаменті берген мәліметке сүйенсек, осы жылдың екі айының өзінде өңірде жасөспірімдерге қатысты сексуалдық сипаттағы 61 қылмыс тіркеліпті. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 27 пайызға артқан. Сорақысы, аталған қылмыстардың денін балалардың ата-аналары жасаған. Полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының ювеналды полиция тобының инспекторы, полиция подполковнигі Нұркен Абдулиннің айтуынша, көрсеткіштің күрт өсуіне байланысты аймақта педофилдердің алдын алу мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр екен. – Мұндай қылмыстар полиция қызметкерлерінің кіру мүмкіндігі шектеулі пәтерлерде, жекеменшік үйлер мен жатақханаларда болғандықтан, балаларға қатысты жыныстық зорлық-зомбылықтың алдын алу қиынға соғуда. Көбіне азғындыққа жәбір көрушілердің жақындары, өгей әкелері немесе көршілері, айналасындағылар барып жатады. Мұндай қылмыстардың басым бөлігі жасөспірімдердің адамгершілік тәрбиесінің төмендігі, бақылаудың жетпеуі немесе ата-аналар тарапынан тәрбиелік жұмыстардың әлсіздігінен болып жатады. Сол себепті кәмелет жасына толмағандарға қатысты қылмыстар өсуде. Қазір біз педофилдерге қарсы ауқымды шараларды қолға алудамыз. Сондай-ақ тізімде тұрған бұрынғы қылмыскерлер де жіті бақылауымызда, – дейді полиция полковнигі.Психолог мамандар не дейді?
Психолог мамандардың айтуынша, балалардың қауіпсіздігі үшін ата-ана оларды қараусыз қалдырмағаны жөн екен. Сондай-ақ бала мен анасы ғана білетін құпия сөзді де ойлап табуға кеңес береді. – Педофилдер көбіне баланың жанында жүрген немесе бала жақсы танитын жандар болып жататыны жанға батады. Қазір өгей әке, өгей аға, нағашы, мұғалім секілді балаға жақын жандардың жыныстық сипаттағы қылмысқа барып жататыны шындық. Әрине, айналаның бәріне күдікпен қарауға әсте болмайды. Алайда ата-ана өте мұқият, қырағы болғаны абзал. Әрдайым баланың қоршаған ортасына көңіл бөліп, кіммен араласып жүргенін білгені жөн. Сондай-ақ баланың айтқан әр сөзіне мән беріп, сеніммен қарау керек. Көп жағдайда балалар ешнәрсені тікелей айта алмайды. Егер бала «пәленше ағамен қызықты ойын ойнадық немесе мені енді пәленшемен бірге қалдырмаңыз, ол үйге барғым келмейді» деген сияқты сөздер айтатын болса, мұның себебін түп-тамырына дейін сұрау қажет. Себебі педофилдер көп жағдайда «саған ешкім сенбейді» деп баланың сенімін жоғалтып, қорқытып қояды. Сондықтан әр ата-ана балаларына сенетінін көрсетуі тиіс. Бұдан бөлек, балаға «жоқ» деп айтуды үйрету керек. Себебі ата-ана тәрбиесін көрген балаларлың басым бөлігі үлкендердің айтқанын екі еткізбей істейді. Педофилдер осыны жақсы пайдаланады. Сондықтан балаңызға бөтен адам бір жерге шақырса немесе жол көрсетіп жіберуді сұраса, «жоқ» деп айтуды үйреткен абзал. Сонымен қатар анасы тек жақындары ғана білетін құпия сөзді балаға үйретіп қойғаны жөн. Мұндай жағдайда таныс емес адам келіп «мені сенің анаң жіберді» десе, бала бірден құпия сөзді сұрай алады. Егер құпия сөзді айта алмаса, айналасындағы адамдарды көмекке шақыруы қажет, – дейді психолог Қарашаш Жарасова.Кастрация педофилдерді тоқтата ала ма?
Облыстық Полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі ювеналдық полиция бөлімінің басшысы Қуанышбек Қалжанов болса, жазаны қатайтқанымен одан педофилдердің саны азаяды дегенге сенбейді. – Ұл өсіріп, қыз тәрбиелеп отырған әке ретінде айтатын болсам, қылмыс жазасын өсіру арқылы біз балаларға жасалынып жататын зорлық-зомбылық фактілерін азайта алмаймыз. Себебі 12-17 жыл түрмеде отырып шыққан қылмыскер сабасына түспей, керісінше бойын ыза мен кек кернеп шығады. Оған бір ғана дәлел, Тараз қаласындағы №6 мектептегі қыздың зорлану оқиғасы. Ұсталған күдікті аталған қылмысын 19 жылдан кейін қайталап отыр. Бұған енді не дейсіздер? Елімізде педофилдерге химиялық кастрация жасау бастамасы да көтерілді. Алайда одан азғындарға тоқтау болады дегенге сену қиын. Себебі былтыр бір азғынның балалардың жыныстық мүшесін ұстап, рахат тапқан жаншошырлық оқиғасы тіркелді. Сонда педафилдерді баланы зорлау мүмкіндігінен айырсақ та, олар басқаша жолмен де құмарын қандыра алатынына көзіміз жетті. Егер бізде ондай азғындарды ату жазасына кесу немесе Африка мемлекеттеріндегі сияқты азаптап өлтіру сынды жазалар қолданылатын болса, оны көрген педофилдер сап тыйылатын еді. Алайда елімізде адам өмірі мен бостандығы ең басты қазына саналатындықтан, әзірге біз ондай қадамдарға бара алмай жатырмыз. Әрине, мен мұны тәртіп саласының қызметкері ретінде емес, ең бірінші әке ретінде айтып отырмын. Дегенмен Президент қол қойған заң жобасы балаларға жасалынып жатқан жыныстық сипаттағы қылмыстар санын азайтады деп сенемін және бұл бағытта құзырлы сала мамандары аянбай еңбек ететін боламыз, –дейді Қ.Қалжанов. P.S.Әрине, жаңа заң жобасы жасөспірімдерге қарсы жасалатын жыныстық сипаттағы қылмыстарды азайтады деп сенеміз. Алайда балаларға қатысты қылмыстарды ересектер ғана емес, өздері де жасап жатыр.
Мәселен, Тараз қаласындағы №6 мектеп оқушысы 13 жастағы Николай Данилян мас күйінде сол мектептің 4-сынып оқушысы Никита Никитюкті өлтіріп қойғанын ел ұмыта қойған жоқ. Екі жасөспірім бірлесіп желімді иіскегеннен кейін бірі екіншісін күртешенің бауымен буындырып, өмірін қияды. Бастапқыда қасақана адам өлтіру фактісі бойынша қаралған іс тергеу амалдары кезінде бірі екіншісін зорлауға әрекет етпек кезінде абайсызда бауға буынып қалғанын анықтайды. Яғни, бір бала екіншісіне жыныстық күш қолданып жатқанда тұншықтырып алған.
Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы