Әлеуметтік желіні заңмен шектей ме?
Әлеуметтік желіні заңмен шектей ме?
1,072
оқылды

30 наурыз күні өткен Парламент тыңдауында сенатор Бақытжан Жұмағұлов әлеуметтік желілер туралы арнайы заң қабылдауды ұсынды. Депутат жалған ақпарат шектен тыс көбейіп, терроризм, сепаратизм мен экстремизм насихаты күшейгенін алға тартты. Бір қарағанда, қалың көпшілікке ұнайтын жалынды сөз секілді қабылдануы мүмкін. Әйтсе де, аталған заң қабылданса, ол сөз бостандығын, жеке пікірді тұншықтырмай ма? Әлеуметтік желіде тыйым салынған ақпаратты таратқандарды жазалайтын заң бар. Ал жаңа заңның қаншалықты қажеті бар?

Сондағы сенатордың айтқан сөзі…

Шыны керек, бүгінде әлеу­меттік желі әжептәуір күш алып келеді. Оған дәлел ретінде мына­дай кейсті атап өтсе болады. Мем­лекеттік тапсырыстың ішек-қарнын ақтарып, бюджеттің әр тиынын есептеп, оны желіге жа­риялау арқылы тиісті мекемелер­ден жауап алу үрдісі біртіндеп еніп жатыр. Бұл дегеніміз халық­тың құқықтық әрі қаржылық сауатының артып келе жатқанын ғана емес, желідегі еркіндіктің арқа­сында талай мәселенің бетін ашуға болатынын білдірсе керек. Одан қала берді, заңсыздыққа жол берген ұйым не қызметкерге қатысты сынды да желіде жазу арқылы құқық тапталуының ал­дын алу мүмкін болып отыр. Ендеше нағыз демократиялық мем­лекеттің сипатына сай қадам­дарға жол ашылып келе жатқанда әлеуметтік желіде нені жазып, не жазбау керегін заңмен реттеу не үшін қажет? Алдымен сенатор Жұмағұлов­тың мін­берге шығып сөйлеген сөзінен қысқаша үзінді ұсынайық. «Жо­ғарғы Соттың шешіміне сәйкес, мемлекетімізде 22 ұйым экстре­мис­тік, террористік ұйым ретінде танылып, қызметіне тыйым са­лы­нып отыр. Бұл ұйым­дар Қазақ­станның қоғамдық өміріне ара­ла­сып, іріткі салып, ішкі ты­­­­ныш­­­тықты, халық бірлігін бұзу үшін жұмыс істеуге тырысты. Олар кейбір жалған идеяларды таратып, Қазақстан азаматтарын Сирия, Ирак жеріндегі соғыс ошақ­тарына тартты. «Жусан» опе­рациясының нәтижесін сіздер жақсы білесіздер. 595 Қазақстан азаматы елімізге қайтарылды. Олардың 406-сы – балалар. Бұдан да басқа түрлі діни, басқа да ресми тіркелмеген ұйымдар мен топтар бар емес пе? Шетел саясаткерлері арасында шындыққа жанас­пай­тын, се­па­ратистік пиғыл танытып жүрген жеке адамдар да бар», – дейді сенатор. Әлбетте, халық арасында іріткі салуға тосқауыл қойылуы керек. Дегенмен қазір кімде-кім терроризм, экстремизм, сепаратизмге шақырар болса, заңмен қудаланады. Одан қала берді, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жіті бақылауында. Депутаттың айтқан тағы бір аргументі желі арқылы таралып жатқан идео­логия­лық вирус жайында. «Қазір коронавирус індетіне қоса, экономикалық, әлеуметтік, экологиялық, биологиялық және басқа да қатерлерге қоса, жер жүзіне жағымсыз идеологиялық вирус та таратыла бастады. Жалған ақпараттар сол вирусты әлеуметтік желілер арқылы шұғыл таратып жібереді. Сондықтан әлеуметтік желілер туралы заң қабылдау қажет деп білеміз. Бұл сөз бостандығын шектеу үшін емес, әлеумет­тік желі жүйесін заңнамалық тұрғыда реттеу және олардың құрылтайшы­ларының заң алдындағы жауапкершілігін көтеру үшін қажет. Жаһандану кезінде кейбір жастар шетелдік жағымсыз құндылықтар ықпалына саналы түрде ілесіп кеткенін аңғармайды. Мәжбүр­ліктен емес, сананың улануы арқылы өз еркімен торға түседі. Осындай жаһандық когнитивті технология бұқаралық санаға әсер ету құралына айналып отыр» деген болатын.

Желі онсыз да бақылауда емес пе?

Әлеуметтанушы Серік Бейсембаевтың айтуынша, бүгінде мемлекеттің қолында әлеуметтік желіні реттеуге қатысты тетіктер жеткілікті. «Өз басым арнайы заңның қабылдануына қарсымын. БАҚ туралы заң немесе басқа да құқықтық нормаларға сәйкес, жалған ақпарат, біреудің жеке басына тиісу, діни не ұлттық алауыздық тудыратын болсаңыз, жауап бересіз. Ол үшін барлық норма бар. Арнайы заң шығарып, қосымша реттеудің қажеті жоқ. Әлеуметтік желіде өзге мәдениет насихаты тарап жатыр дегенмен де келіспеймін. Өйткені басқа мәдениет деген де – абстрактілі ұғым. Оны бір адам не мемлекет ажырата алмайды. Егер олай ететін болса, бұл сөз бостандығын шектеуге алып келеді. Екінші жағынан, азаматтардың ақпарат алуға деген құқығы да шектеледі. Үшіншіден, бұл бізді алдыңғы қатарлы емес, авторитарлы, яғни барлығын мемлекеттің бақылауына тіреп қоятын мемлекет ретінде көрсетеді. Әлеуметтік желідегі мәдениетті көтеруді заңмен емес, ағартушылық арқылы қолға алған жөн. Желі қолданушыларымен медиасауатты көтеру бағытында жұмыстар атқарылсын. Ал енді заң арқылы реттеу деген, менің ойымша, қате түсінік», – дейді Бейсембаев. әлеуметтік желі

Ұқсас заң қай елдерде бар?

Жалпы алғанда, біздегі біраз бастама Ресейден бастау алатынын жиі байқаймыз. Әлеуметтік желілер туралы заң қабылдау жайлы ұсыныстың да көрші елдегі ұқсас заңның күшіне енуімен қатар келе қал­ғаны қызық. Бұған дейін желіде былапыт сөз жазып, ақ ит кіргізіп, көк ит шығаруға тыйым салынған. Бірақ заң қабылданды екен деп, халықтың сұлу да сыпайы бола қалғаны шамалы деседі. Ал енді биылғы 1 ақпаннан бастап күшіне енген заң туралы айтар болсақ. Енді тыйым са­лын­ған ақпаратты әлеуметтік желілер өздері анықтап, тазартып отыруға міндеттелді. Егер өшірмейтін болса, сайт не ақпарат­тық ресурс иесіне айыппұл салынады. Ресейдегі заң кімнен алынған десеңіз, 2018 жылы Германияда қабыл­данған заңға сүйенген. 2 миллионнан астам қолдану­шысы бар желілерге бағытталған заңда IT компаниялар заңға қайшы жазбаларды бір тәулік ішінде өшіруге міндеттелген. Тағы бір назар аударатын мәселені айтсақ, Ресей 2016 жылдың жазында терроризм­мен күреске бағытталған екі заңға түзе­ту­лер енгізілген. Оның ел арасында «Яро­вая пакеті» деген бейресми атаумен бел­гілі. Ел қауіпсіздігі үшін жасалды деп ай­тылатын заң пакетінің ішінде көпшілік­тің қарсылығын тудырған бір жайт – байланыс операторлары мен интернет компанияларды Ресей аумағындағы қол­­дану­шылар таратқан ақпараттың бә­рін сақтауға міндеттеуі. Бұл шығыны көп болғанымен қоймай, адамның жеке мәліметтеріне қол сұғу екенін айтып, қарсы шыққандар көп болса да заң қабылданды. Бұған ұқсас жағдай бізде де болды. Терроризм және экстремизммен күрестің желеуімен жаңа техникалық регламент жарық көрді. «Яровая пакеті» қабылданған соң араға алты ай салып шыққанын да айта кету керек. Түбегейлі заң болмағанымен, ақпараттарды тыңдап, қарап, жазып алып, сақтау мүмкін екені анық сипатталған. Ресейде 100 мыңдаған адам петицияға қол қойып, қарсылас­қанымен, бізде ондай у-шу бола қойған жоқ. Медиасарапшы Молдияр Ергебеков те заң қажет емес деген пікірде. «Оның орнына Әкімшілік кодекске ғадауат тілі, адамның ұлтына, дініне, жынысына, яғни жеке ар-ожданын қорлайтын сөздер айтуға тыйым салуға қатысты баптар қо­сылса дұрыс болады деп ойлаймын. Яғни, жаза тағайындалғаны дұрыс. Меніңше, соның өзі жеткілікті. Ал арнайы заң сон­шалық қажет деп сана­маймын», – дейді сарапшы. Әлеуметтік желілерді реттеу туралы заң Түркияда да бар. 2020 жылғы қыр­күйекте бекітілген заң бойынша, танымал шетелдік платформалардың елде өкілдігі болуы тиіс деп міндеттелді. Егер орындау­дан бас тартса, айыппұл салынады. Бір айдың ішінде Түркиядағы өкілдігі туралы ақпаратты дер кезінде бермеген Facebook, Instagram, Twitter, YouTube, Periscope және TikTok 10 млн түрік лирасын төлегені белгілі. Жаңа заңда әлеуметтік желі­лердеен мемлекет тұрғындарының барлық мәліметі ел сыртына шығармауын талап етеді. Контент модерациясына қатысты бөлігіне келсек, билік тарапынан ар-ожданға тиетін болса не жала жабылса, сот шешімінсіз екі тәулік ішінде өшіруі тиіс. Әлбетте, бұған қоса айыппұл арқалайды. Еуразиялық интеграция институты­ның сарапшысы Самат Нұртаза заң қабылдайтын болса, сөз бостандығын шектемеуді басты назарға алу керек екенін айтады. «Әлеуметтік желіде әр адам жазғанына жауап беруі тиіс. Ол мақсатта арнайы бап та бар. Бұрын Қылмыстық кодекстен қазіргі Әкім­шілік кодекске көшіріліп, жұмсар­тылды. Ал енді сенатордың ұсынысы, меніңше билікті, депутаттарды сынаған фейктерге қатысты сияқты. Ал енді өз парақшасынан отыратын адамдар балағат сөз жазбайды, жеке басқа өтпейді. Айта­лық, мен Қазақ­стан азаматы, салық тө­леу­ші ретінде жал­дамалы менеджерлер – министр, әкім жұмысын сынауға, сауалыма жауап алуға құқы­лымын. Заң қабылданып жатса, заң­ға бағынатын әлеуметтік желі қолданушы­ларына зияны тиіп кетпеуін ескеру қажет. Бірақ «көзің қисық, басың таз» деп айтыл­са, ол – жеке басқа тиісу, қылмыс. Яғни, фейктермен күрескен дұрыс, оған қосыла­мын», – дейді Нұртаза. Әлем елдеріндегі саяси және аза­маттық еркіндік жағдайы­нан хабар беретін Freedom in the World рейтингі бар. Жыл сайын жүргізілетін зерттеуді Freedom House үкіметтік емес ұйымы жасайды. 2020 жылдың нәтиже­сінде Қазақстан аталған рейтингте 167-орын­ға жайғасқан. Онымен қоймай, еркіндігі шектелген деген статуспен белгіленген. Тізімге жалпы саны 209 мемлекет енген. Демек, біздің жағдай онсыз да мәз емес. Ал егер әлеуметтік желілерді реттейтін жаңа заң қабылданар болса, халықаралық арена­дағы абыройы­мыз да, демократиялық мемлекет ретін­дегі бейнеміз де бұлыңғыр бола түсуі ықтимал.

Жадыра АҚҚАЙЫР