Кедейшілік кездігін сайлап тұр

Кедейшілік кездігін сайлап тұр

Кез келген әлем елдері үшін кедейшілік үрей ту­дыратын үл­кен мәселе. Пан­демия бұл қауіпті еселеп жіберді десек, жал­ған айт­қанымыз емес. Індет кесі­рі­нен жұмыссыздар көбейіп, барлық сала соққы алды. Яғни, кедейшілік белең ал­масына ешкім кепіл болған жоқ. Сонымен, еліміздегі жағ­дайды бағамдап, қанша адам­ның кедейшілікке тап болғанын анықтап көрелік.

Болжам әуелден жақсы емес

Былтыр жыл басында ко­рона­вирус сөз болғаннан-ақ Дүние­жүзілік банк «әлемде ең кемінде 60 млн адам ауыр кедей­шілікке тап болады, соның сал­дарынан соңғы үш жылда жасал­ған кедей­шілікке қарсы барлық шаралар­дың нәти­жесі нөлге тең» деп бір дүрліктірген болатын. Әйт­кенмен дүрлігуге се­беп бол­ған. Пан­де­мияға байланыс­ты Дүниежүзілік банктен қарыз сұраған елдердің саны 100-ден асқан. Әдетте Дү­ниежүзілік банк «ауыр кедей­шілікке» күндік та­бысы 1,9 АҚШ доллары болатын адам­дар­­ды қосады. Бұдан соң, 2020 жыл­дың шілдесінде елдер­дің жағ­дайын жекелей бағамдау басталды. Сол кезде Дүниежүзілік банк «коро­навирус пандемиясы­нан кейін­гі дағдарыс Қазақстан­дағы кедей­шілік пен теңсіздіктің өр­шуіне әкеліп соғуы мүмкін» деп эко­номикалық баяндама жасады. Құжатта жазылғандай, COVID-19 салдары Қазақстан экономикасы үшін соңғы жиыр­ма жылдағы ең ауыр соққы бол­мақ. «Бұл дағдарыс кедейшіліктің кең етек жаюына, теңсіздіктің белең алуына себеп болуы ықти­мал. Біздің есебіміз бойынша, кедейшілік деңгейі 2020 жылы 8,3 пайыздан 12,7 па­йызға дейін өседі. Яғни, жоқ­шылықтың зар­дабын 800 мыңнан астам адам тартпақ», – деп жа­зылды баян­да­мада. Ал шынында жағдайымыз қандай хәлде?

Кемі 2 млн адам кедей санатында

Биыл әлемдегі пандемия сал­дарынан болған дағдарыс елдегі кедейшілік деңгейін арттырып жібергенге ұқсайды. Ресми мәлі­меттер бойынша, пандемияға дейінгі кедейшілік деңгейі 4,2 пайызға дейін төмендеген екен. Ал кейінгі кезде коронадағдарыс сал­дарынан кедейшілік деңгейі қай­тадан 5,7 пайызға өскен. Бұл де­геніміз 18,8 млн халықтың ішінде шамамен 1 миллионнан астам адам кедейлікке ұшыра­ғанын көрсетеді. Біз жоғарыда 2020 жылдың шілде айында Дүниежүзілік банктің «Дағ­да­рысты еңсеру» атты Қазақстан экономикасы туралы баяндама­сында еліміздің кедейшілік жоспар­ланған 8,3 пайыздан, 12,7 пайызға артуы мүмкін деп бол­жам жасаға­нын айттық. Демек, бұл статистика шындыққа әлде­қайда жақындау болып шықты. – Дүниежүзілік банктің есеп­теулеріне сүйенетін болсақ, егерде халықтың табысы күніне 5,5 АҚШ доллары, яғни, айына 70 мың теңге болса, онда кедей азаматтар қата­рына қосылуы керек. Ал Қазақстан­да кедейші­лік деңгейі ең төменгі күнкөріс деңгейімен есептелінеді. Елі­мізде ең төменгі күнкөріс дең­гейі 2020 жылы 32 668 теңге, 2021 жылы 34 302 теңге болып бел­гіленді. Еліміздегі кедейшілік деңгейін Дү­ниежүзілік банк бойынша қарасақ, екі еселенеді, яғни 1 миллионнан астам адам емес, 2 млн адам кедей­лікке тап болған. Осы орайда неміс ға­лымы Энгель «Халықтың тұрмыс деңгейі төмендеген сайын, азық-түлік шығындары артады, ал ке­рісінше табыс деңгейі артқан сайын, демалыс шығындары ар­тады» деген тұжырымы шын­дыққа айналады. Ал біздің халық табы­сының 54 пайызын азық-түлікке жұмсайды, Еуропада бұл көр­сеткіш 10-12 пайыздың ара­сында. Тіпті, кейбір дамыған елдер та­бысының 8 пайызын ғана азық-түлікке жұмсайды, – дейді эконо­мист Мақсат Халық.

Халықтың жағдайы жақсаруы тиіс

Мемлекетті кедейшілік дең­гейі бойынша бөлуде назар аударатын бір көрсеткіш – ЖІӨ (Жалпы ішкі өнім). ЖІӨ – мемлекет аумағындағы барлық өндірушінің белгілі бір кезең ішінде өндірген түпкі тауарлары мен көрсеткен қыз­меттерінің нарықтық құнын білдіретін жиынтық ретіндегі көрсеткіш. Осыған сәйкес елі­міздегі жан басына шаққандағы ЖІӨ 10 мың АҚШ долларына жетпейді. Бір қызығы, 2013 жылы бұл көрсет­кіш 13,6 мың АҚШ долларына жеткен. 2015 жылдан бастап тең­генің құн­сыздануы салдарынан жан ба­сына шаққандағы ЖІӨ 7 мың АҚШ долларына дейін құлаған. Содан бері әлі 10 мың АҚШ долларына жетпей келеді. Әлемдік стандарттар бойынша, жан басына шаққандағы ЖІӨ 20 мың АҚШ долларынан жоғары болса бай елдер, 10 мың АҚШ долларынан жоғары болса та­бысы орташа елдер, одан төмен болса кедей елдер деп танылады. Ал 2 мың АҚШ дол­ларынан төмен болса, өте кедей елдер са­на­тына жатқызылады екен. Әдетте мамандар мемлекет халықтың кедейленуінің алдын алуы тиіс деп есептейді. Сон­дықтан тұтынушылық себептің құрамына ұдайы назар аударуы қажет. Әрине, жалақының өсуі кедейшілікке тұсау салуға сеп­тескенімен, іс жүзінде инфляция, тауарлар мен қызметтердің қол жетімділігі, валюта бағамы, ең­бек ресурстарының дұрыс бө­лінбеуі қатарлы көптеген фактор кедейлер қатарын көбейтіп жі­беруі мүмкін. Содан да шығар, мем­лекет 2021 жылдан бастап бюджеттік қызмет саласының ма­мандары, мұғалімдердің жала­қысын 25 пайызға, дәрігерлер жалақысын 30 пайызға арттыру­ды көздеп отыр. Бұл – мемлекет тарапынан қабылданған дұрыс шешім. Алайда тұтынушылық себетте соңғы өзгеріс 2006 жылы болған, оның ішінде 43 тауар бар. Сол кезеңнен бастап әлі де оның құрамы өзгермепті. Бұл дегеніңіз кедейлікке ұрындыратын фак­торларға қатысты көзқарастың өзгермегенін көрсетеді. Егер салыстырар болсақ, тұтынушы себетіне Ресей 150-ден астам, Еуропа елдері 250-ден басталып, тіпті кейбір елдерде 700 тауарға дейін енгізеді. Көршілес Ресейде 2021 жылдан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейі тұтыну себетіне байланысты болмайды деген шешім қабылданғанын айтады сарапшы. Оның сөзіне қара­ғанда, Ресей күнкөріс мини­мумын шартты тұтыну себетіне байланыстырудан бас тартуды және бұл көрсеткішті жан басына шаққандағы орташа медиандық табыстың 44,2% - ы ретінде есептеуді қолға алып жатыр. «Бұл ұсынысты біздің елге де қолда­нуға болады. Ұлттық статистика бюросы 2020 жылы қазақстан­дықтардың жалақысын зерттеу қорытындысын ұсынды, оған сәйкес орташа медиандық жа­лақы – 142,3 мың теңге. Яғни, онда еліміздегі ең төменгі күн­көріс деңгейі 62 896,6 теңге, ал ең төменгі жалақы 50 пайызы деп алсақ, ол күнкөріс шегінен жо­ғары болуы қажет, яғни, 71 150 теңге болып шыға келеді. Ал да­мыған елдерде ең төменгі күн­көріс шегі медиандық табыстың 50-60 пайызына тең», – дейді Мақсат Халық. Негізі, экономистің сөзіне сүйенер болсақ, еліміздегі ке­дейшілік деңгейі әлдеқайда жо­ғары, кемі 2 миллионнан астам қазақстандық кедейлік құрығына тап болған. Індет толық ауыз­дықталмай тұрған кезеңде бұдан шығудың жолы оңай болмаса керек. Сол себепті мемлекет жа­лақыны өсіріп отырумен ғана шектелетіндей.

М.ТӨЛЕУ