Сыр өңірі күріштен бас тарта ма?
Сыр өңірі күріштен бас тарта ма?
358
оқылды

Бүгінгі болжамдар Сыр өңірінде су тапшылығы күрделене түсетінін көрсетеді. Бұл Қызылорда облысы үшін үлкен қауіп екені жасырын емес. Өйткені жылдан-жылға Сырдария сарқылып барады. Енді тығырыққа тірелген қызылордалық диқандар атакәсібіне айналған күріш дақылынан бас тарта ма?

Сырдария өзенінің тағдыры – 800 мың халық тұрып жатқан Сыр елінің тағдыры десек артық айтқандық емес. Сонау Кеңес Одағының алғашқы жылдарынан бастап күні бүгінге дейін еліміздегі бірден-бір күріш егетін аймақ – Сыр өңірі. Оның басты себебі – аймақтың табиғи кли­маттық жағдайы – ұзақ ыстық темпера­туралық режим, топырақтың құрамы және облысты жарып өтіп жатқан Сыр­дария су бассейні ескерілгені анық. Соған сәйкес Сыр бойы халқы ұзақ жылдар суар­малы егіншілікке бейімделіп, күріш олардың атакәсібіне айналды. Ал енді осы бағыттан бір күнде, бір мезетте бас тарту мүмкін бе? Бұл сауалға қатысты инженер-гидротехник Қайратбек Сарсенбаев «олай болуы мүмкін емес» деген пікірде. – Облыстың алтын қоры болып табы­латын 180 мың гектар инженерлік жүйеге келтірілген жерге екі жыл қатарынан бас­қа дақылдар еккен жағдайда, жерасты тұзы көтеріліп жарамсыз жағдайға келеді. Яғни, үшінші жылы біз күріш дақылына қайта оралуға мәжбүрміз. Дегенмен 6, 7, 8 танапты ауыспалы егістегі күріш үлесін 75%-дан 62,5%-ға, 50%-ға, оңтүстік ау­дан­дарда 37,5%-ға дейін түсіру қажет. Нәтижесінде, бүгінгі 90 мың гектар күріш кө­лемін 75 мың гектарға дейін төмен­деткен абзал. Айта кететін бір мәселе – күріш көлемін азайту нәтижесінде облыстың алып отырған 4,1 млрд текше метр су лимиті 1 текше метрге де азаймауы тиіс. Себебі үнемделген су экологиялық мақсатқа – көлдерге, шабындықтарға және Арал теңізіне берілуі қажет. Сонда ғана біз өңірдегі экологиялық теңдікті сақ­тауға қадам жасай аламыз. Аймақта бірнеше мың адам күріштің айналасында еңбек етіп, нәпақа тауып отыр. Сол адамдар бір мезетте әлеуметтік желіде айтылғандай көкөніс, бақша, жеміс-жидек егуге бейімделіп кете алмасы анық. Ол жөнінде жергілікті халықты көршілес Түркістан облысы халқымен салыстыра алмайтынымыз белгілі. Сондай-ақ аймақ­ты жаппай жайлаған «қауын шыбыны» бақша дақылы көлемін ұлғайтуға барынша кедергісін келтіріп отыр. Сондықтан бұл жайт жергілікті халықты басқа дақылдар егуге кезең-кезеңімен бейімдеу қажет екенін көрсетеді, – дейді өзен суына қа­тысты мәселелерді көтеріп жүрген ин­женер-гидротехник Қ.Сарсенбаев. Гидротехниктің айтуынша, облыс бойынша минералды тыңайтқыш, гер­бицидтерге, техника сатып алуға бірнеше миллиард субсидия бөлінсе, егістік суы үшін бар болғаны 500 млн теңге төленеді, қалған жарты бөлігін шаруашылықтар төлейді. Осыдан келіп шаруашылықтардың су төлемі үшін жаны қинала қоймайды, артық суды қашыртқыға молынан жіберіп, арнаға сыймай жерасты сулары көтеріліп, елді мекендерге қауіп төндіру фактісі әр ауданда бар. Сондықтан «су жүйелерін қалыпқа келтіріп, тиісті жөн­деу, канал тазалау жұмыстарын жүргіземіз» десек, тарифты қайта қарау маңызды. – Бүгінде судың артық шығындарынан суландыру жүйелерінің, каналдардың пайдалы әсер коэффициенті төмен екені шындық. Күріштің суару нормасы 24 мың текше метр гектар (нетто) болса, нақты шығындар 33-34 мың текше метрге жетіп жүр (брутто). Оның себебіне тоқталсақ, Біріншіден, егістік жүйесінде суды реттеуші гидротехникалық құрылыстар тозығы жеткен немесе жоқ. Осыдан келіп суды реттеу, өлшеу жұмыстары жеткілікті жүргізілмейді. Суды вертушкамен, арна­йы құралдармен есептеу жоқтың қасы. Қазір рейка көрсеткішімен болжамды есеп­теу – негізгі әдіске айналған. Нақты есеп болмаған жерде берекесіздік орын алатыны мәлім. Екіншіден, көптеген шар­уа­шылық басшылары штатта гидро­техник маманын ұстай бермейді, орнына агроном жеткілікті деп ойлайды. Гидро­техникты суармалы егіспен, оның ішінде күрішпен айналысатын Қызылорда облысында ешкім алмастыра алмасы анық. Нәтижесінде, дақылдарды егуде, суаруда реттілік жоқ, гидромодуль графигі жасалмайды, бір мезгілде егісті егіп, бір мезгілде сағаны ашып, су талап ету – су жетіспеушілігіне әкеліп соғуда, – деген пікірде инженер-гидротехник. Мәселен, бұрынғы кезде шаруа­шылық­ішілік каналдар кеңшарлар тең­герімінде болса, қазір оның көпшілігі есепте жоқ, одан бірнеше шаруа қожа­лықтары су алады. Ал «Казсушар» РМК магистральді каналдарға ғана жауап бере­ді. Каналдарды ұстап тұрудың белгілі бір жүйесі жоқ. Кейбір ірі шаруашылықтар қуатты шетел эксковаторын алып, өз каналдарын терең­детіп, кеңейтіп су өткізу қабілетін екі есе өсіріп, техникалық параметрлерін өз­гертіп жіберген. Ал осы арнаны толтыру үшін қаншама қосымша су қажет?! Қанша су алғанмен су деңгейі болмаса, егісті суару мүмкін емесі белгілі. Бір сөзбен айтқанда, дариядан, магис­тральді канал­дан чекке дейінгі бірыңғай суландыру жүйесін өз бетінше бұзудың зардабы өрес­кел болмақ. Осылай деп ашынған гидро­техник су төңірегіндегі мәселе жиі көтеріп келеді. Депутаттардың өзі осыдан 17 жыл бұ­рын қабылдаған еліміздегі су ресурс­тарын басқару заңы қазіргі талапқа сай емесін алға тартып отыр. Өйткені жылдан-жылға жерасты суының деңгейі төмен түсуіне байланысты Сырдарияның тө­менгі ағысындағы 3 мың көлден, қазір 130-дан астамы қалды. Жайылымдық­тардың төрттен бірінің өнімділігі күрт азайып, 3 млн тоннаға дейін шөп өсетін табиғи шабындықтардан іс жүзінде айырылып қалу қаупі төніп тұр. Сон­дық­тан суды пайдаланудың жаңа тұжырым­дамасы жасалып, озық технологияларды енгізуге мұрындық болуы тиіс. Ал мамандардың сөзінше, ата­кәсібімізге айналған күріш дақылынан Сыр өңірінде бас тарту бүгінде мүмкін емес. Десе де, оны кезең-кезеңімен азайта отырып, мал азығына, майлы дақыл­дарға, бақша егуге басымдық беру – уақыт талабы. Осы бағытқа көшпесек болашақта жер, су ресурсынан айырылып қалуымыз ғажап емес. Мұнай-газ қоры таусыла бастаған Сыр өңірінің болашағын ауыл шаруашылығынсыз елестету әсте қиын. Сондықтан да трансшекаралық су дипломатиясы бағытында жұмыстар белсенді түрде, яғни еліміздің су мүддесіне қарай екіжақты келісімнің, халықаралық заңдылықтардың барлық әлеуетін пай­даланып жүргізсе игі. Халық қалаулылары мен инженер-гидротехниктердің пікірі осыған саяды.

Нұрсұлтан АЛПЫСБАЙ, Қызылорда облысы