Балығымыз неге байлығымызға айналмады?
Балығымыз неге байлығымызға айналмады?
270
оқылды

Экология министрлігі кезекті рет балық аулауға тыйым енгізді. Бұл балықшылардың ашуын туғызды. Ауылдағы халық балық аулап, бизнес жасағысы келеді. Алайда шенеуніктер әртүрлі сылтаумен дүркін-дүркін тосқауыл қоя береді дейді. Кәсіпкерлер кеңес кезіндегідей балық аулайтын артельдер, кәсіпшілік бірлестіктер құруды ұсынуда. Сонда балық аулау көлеңкеден шығып, заңды бизнеске айналады, ауылдықтар екі қолға бір күрек табады.

Тыйым салу маусымы тыйылмайды

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Қазақстандағы су қоймаларында балық аулауға тыйым салды. Бұған себеп ретінде балықтардың уыл­дырық шашуға кірісетіні алға тар­тылды. Меморган бұл тыйым­ның аса қажет екеніне сенімді, әйтпесе осы су жануарларының кейбір түрі күрт сиреп, тіпті жоғалып кетуі мүмкін. «Бұл – төтенше маңызды шара. Өйткені керісінше жағдайда белгілі бір балық түрлерінің попу­ля­циясы айтарлықтай қысқаруы немесе олар мүлдем құрып кетуі мүмкін. Мұндай салдарларға жол бермеу үшін су шаруашылығы бассейндері аумағында балық аулау балыққа зиян келтіретін нақты күндері анықталады» деп түсіндірді ведомство. Сөйтіп, 1 сәуір мен 30 маусым аралығында балық аулауға бол­майды. Әрине, бұл шектеулердің әр өңір мен өзен-көл бассейндеріне қатысты мерзімдерінде айыр­ма­шылықтар бар. Айталық, Арал–Сырдария бассейні бойынша Шар­дара су қоймасы су айлағында – 1 сәуір мен 20 мамыр аралы­ғында, Балқаш – Алакөл бассейні бойын­ша Балқаш көлінде – 15 сәуір мен 1 маусым аралығында, Бұқтырма су қоймасының терең су бөлігінде «Бірінші Батин» шо­қысының басынан бастап ағысты бойлай, төмен қарай Бұқтырма ГЭС-не дейін 1 мамыр мен 15 мау­сым аралығында балық аулауға тыйым салынған. Ал Нұра–Сары­су бас­сейнінде көксеркені – 20 сәуір­ден 20 мамырға дейін, сазан (тұ­қыны) аулауға – 1 мамырдан 30 мау­сымға дейін, Есіл бассейнінің су айдын­дарында шортан, аққайран және көксеркені аулауға, жинауға және дайындауға – 15 сәуірден 15 ма­мырға дейін, ал са­занды – 20 ма­мырдан 20 маусымға дейін, гам­марус­ты 1 тамыздан 14 қыр­күйекке дейін аулауға бол­майды. Министрлік барлық өзен-көл бассейндеріне жеке-жеке кесте әзір­лепті. Бұдан бөлек, Каспий теңізінің қазақстандық секторының солтүстік бөлігінде, Жайық–Каспий бассейні мен Қиғаш өзенінде – 25 мамырдан 31 тамызға дейін, ал Жайық және Қиғаш өзендерінің қосалқы су айдындарында 1 сәуірден 31 тамызға дейін балық аулауға рұқсат етілмейді. Сондай-ақ Шу–Талас бассейнінің Би­лікөл, Бөгеткөл және Ақкөл көл­дерін өзара байланыстыратын Аса өзенінде және оның салаларында 1 наурыз бен 1 шілде аралығында балық аулау, жинау заңсыз деп танылып, ұсталғандар браконьер ретінде қуда­ланады.  Балық уылдырық шашар кезде мамандар барлық су қоймасында ұдайы рейд жүргізіп тұрмақ.

Өзен-көлдер кімнің қанжығасында?

Алайда азаматтар, әсіресе ауыл-аймақ халқы бұл тыйымдардан хабар­сыз қалады. Тек ұсталып қалып, айып арқалағанда, беделін әкімшілік жаза­мен бүлдіргенде ғана сан соғып қала­ды. «Жануарлар әлемін және балық ресурстарын пайдалану қағидаларына сәйкес, еліміздің су айдындарында бір балықшыға 5 келіге дейін ешқандай рұқсатнамасыз тегін балық аулауға рұқсат етілген. Бұдан артық не керек? Соның өзін аулатқызбайды. Мысалы, біздің қалада қандай мерзімде аулауға тыйым салынғанын нақты білмейміз. Биылғы қыста қала аумағында, көлдің жағасына жақын жерде қармақ салып отырғанда тексерушілер сау етіп, айып­пұл жазды. Экология министр­лігіндегілер халықтың жайын ойласа, бас салып жазалай бермей, өзен-көл­дер бойына «мына өзенде мына күн­дері балық аулауға болмайды» деп жазып қойса қайтеді?! Көктем келді, енді тағы жазға дейін тыйым салып жат­қан көрінеді» деп қапаланады Приозерск қаласының тұрғыны Алек­сей Головкин. Негізі, Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 27 ақпандағы №18-04/148 бұйрығымен бекітілген «Балық аулау қағидаларының» 4-тарауының 20-тар­мақшасына сәйкес, расында да 1 балықшыға бір шыққанда 5 келіге дейін ақысыз әрі қандай да бір рұқсат­сыз әуесқойлық, спорттық балық аулауға жол ашық. балығымыз Егер одан көп аулағысы келсе, онда ол ақылы түрде және жергілікті атқарушы органдар берген рұқсат бойынша жүзеге асырылады. «Мұндай жағдайда балықшы өзімен бірге біріншіден, жолдамасын, екіншіден, 5 келіден астам балық және басқа да су жануарларын аулауға рұқ­сат­ты, үшіншіден, жеке басты куәлан­дыратын құжатын ала жүруі тиіс. Біз­дің қала маңындағы Балқаш көлі­нің жағалау бөлігі №43\1 балық кәсіп­шілігі учаскесіне жатады және «Бал­қаш Балық» фирмасына бекітілген. Яғни, ол жерде әуесқой балық аулау үшін азаматтар сол ұйымға ауызша не жазбаша өтініш айтып, жолдама алуы керек» деп жауап берді Приозер қала­сының әкімдігі. Балқаш көлінде биыл 15 сәуір мен 1 маусым аралығында балық аулауға жол берілмейді екен. Ал қыста балық аулауға тыйым салынбапты. «Сондықтан егер азаматқа Бал­қашта қыста балық аулағаны үшін айыппұл салынса, ол соны жүзеге асыр­ған тұлғаларға қатысты әртүрлі инстансаға шағым түсіруге құқылы», – деді әкімдік. Қалай болғанда да, балық жеп күн көргісі келген қарапайым халық бір жағынан министрліктің тыйымдарына наразы. Екінші жағынан, өзен-көл­дер­ді әртүрлі фирма жамбасқа басып алғандықтан, бұқара олардан да құқай көріп, санасы сансырайды.

Ақ айдын еді халықты асырайтын...

Айтпақшы, елімізде мүлдем балық аулауға болмайтын су айдындары да бар. Мысалы, Экология министрлігі биылғы 1 сәуірден бастап Сырдария өзенінде балық аулауға тыйым салын­ғанын хабарлады. Бұл тыйым жер теліміне қарай 30 мамырға, 10 мау­сымға дейін созылады. «Артемияның көбеюі маусымында Өзбекстан шекарасына дейінгі Қазақ­стан аумағында Тұщыбас, Чернышева шығанақтарын қоса алғанда, Үлкен Арал теңізінде 1 сәуірден 31 шілде аралығында артемия жұмыртқаларын жинауға және дайындауға рұқсат етілмейді. Тыныштық аймағын құру мақсатында Сырдария өзенi Кiшi Арал теңiзiне құятын жерінен Көкарал бөгетiне дейiнгi – оңтүстiк бағытта, Көкарал түбегіне дейiнгі батыс бағытта, сол­түс­тiк және солтүстiк-шығыс ба­ғыттарда 5 шақырымда, сондай-ақ Сыр­дария өзенінің ағысымен жоғары бағытта 5 шақырым учаскеде жыл бойы балық аулауға тыйым салын­ғанын хабарлаймыз», – деді ведомство. Кейбір өзен-көлдер кооператив­тердің басқаруына бекітіліп беріліпті. «Рыбаки Зайсана» өндірістік коопера­тиві ШҚО әкімдігінің 2021 жылғы 5 ақпандағы қаулысымен Зайсан көлі­нің №2 балық шаруашылығы теліміне телінді. Яғни, кооператив мүшелері айлақтан бастап ағыспен төмен, Қар­сақ­бай кентіне дейін 15 шақырымда 5 жыл бойы балық аулай алады. «Біздің кооператив шама-шарқы­на қарай, өндірістік қуаттылығын дамытуға тырысуда. 2013 жылы балық өңдейтін цех аштық. Ол өңделген балықты одақтас көрші елдерге және Қытайға сатады. 2017 жылы 200 тонна өнімді мұздатып, сақтауға қуаты жете­тін мұздатқыш цехты іске қостық. Ба­лық қалдықтарын да өңдейміз, сүйегінен балық ұнын жасаймыз», – дейді кооператив құрылтайшысы Нұрланғали Өкенов. Бұл жерде бір гәп бар: әлгі №2 балық шаруашылығы учаскесін 2021-2026 жыл аралығында пайдалану туралы өтініш бергенде, «Рыбаки Зайсана» ӨК әкімдікке еуростандарт бойынша балықты терең өңдейтін цех салуға сөз беріпті. Жай айта салмаған, онысы өтініштің бір пункті ретінде көрсетілген. Әкімқаралардың жүрегін де сол жібітсе керек. Бизнесті еуро­стан­дартта дөңгелетсе, неге көлді бер­меске? Бірақ кооператив уәдесінде тұра алмай қалуы ықтимал. «Ол цехты салудың, міндеттемені орын­даудың мерзімдері нақты бекітіл­ген. Осы бағытта біз қазір «Архимас» ЖШС-мен бірге балықты өңдеу цехы құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасын зерделеп жатырмыз. Алдын ала мәліметтер бойынша 450 шаршы метрде орналасатын нысан құжаттамасы 14,2 миллион теңгеге түспек. Цехты салу құны 125,2 мил­лион теңге тұрады. Жобаның жалпы сомасы 139,4 миллион теңгені құрай­ды екен. Мұндай цехты тұрғызу жалғыз кооперативтің қолынан кел­мейді. Ендеше жеңілдікті кредит алу үшін мемлекеттің көмегі керек», – дейді кәсіпкер. Су жағалаған халық аш болмайды. Қазақстанда балық кәсіпшілігі ерте­ден өркен жайды. Мысалы, Қызыл­орда облысындағы Қазалы қала­сының аты да осы өндіріспен байланысты: Сыр тасыса, жағалай көл болады. Кә­сіби балықшылар сол көлдерге қаза басып, балыққа кене­летін, тұтас ауылдар ауқатын көте­ретін. Кейін Кеңес өкіметі бұл істі балық артельдері мен балық кәсіп­шіліктері негізінде өркендетті. Бүгінде бұл сала біраз дағдарған сыңайлы. Мемлекет ірі балық зауыт­тарының жетістіктерін ғана мақтан тұтады. Балық шаруашылығы бертінге дейін АШМ-ге қарап келді, бірақ саланың дүркірей дамығаны байқал­майды. Мысалы, Ресейде, айталық, Ямалда қаптаған отбасылық артельдер өз цехтарын ашып, балғын, қақталған не тұздалған балықпен шектелмей, түрлі консервіге дейін шығаратынын білеміз. Өзге елдердің озық тә­жірибесін игерсе, іс өнейін деп тұр. Сала қазір су шаруашылығымен бірге Экология министрлігіне қарайды, бұл ведомство болса, негізінен браконьер­лермен күресіп әлек.

Айхан ШӘРІП