Күні кеше әлем назарын аударған Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммитінде Түркістан декларациясы қабылданды және Түркістан қаласы «Түркі әлемінің рухани астанасы» деп жарияланды. Көптен күткен бұл жаңалықты еліміздегі барша жұрт жақсы қабылдап, жүрекжарды лебіздерімен бөлісіп жатыр. Солардың бірі түркістандық ақсақал, Түркістан облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, ІІМ құрметті ардагері, запастағы полковник Есалы Нұржановты саммитке қатысты ойларын білмек болып, әңгімеге тарттық.
[caption id="attachment_127257" align="alignnone" width="1280"] Есалы Нұржанов[/caption] Зейнетке шыққанға дейін бірқатар жыл әкімшілік құрылымдарда заң саласы бойынша және Түркістан қаласының Ішкі істер басқармасының бастығы болып қызмет атқарып, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған Түркістан облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, ІІМ құрметті ардагері Есалы Нұржанов ақсақал 31 наурызда өткен Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммитіне қатысты ілкімді ойлары мен пікірін сұхбат барысында айтып берді. Есалы Мәмбетәліұлы ағамыз бүгінде зейнеткер болғанмен үйде қарап отырмай, Түркістанды түлетуге барша жұрт жұмыла жүк көтеріп жатқанда түймедей болса да үлесімді қоссам, үйде үндемей отырғаным азаматтығыма сай келмес деген мақсатта Түркістан қаласының құрылысын жандандырып жатқан ірі құрылыс компаниясы басшысының кеңесшісі, заңгері қызметін атқарып отырған азамат. Ол сондай-ақ құқық саласының тәжірибиелі әрі білікті майталманы ретінде қоғамдық жұмыстарға атсалысып жүр. Құқық қорғау органдары арасындағы түрлі шараларда ақыл-кеңес беріп, тәрбие жұмстарымен де айналысады. Есалы Мәмбетәліұлына саммиттің елімізде өтуі барысы туралы, оның маңызы мен елімізге берері жайында сауал қойылды. «Сегіз елдің басшысы онлайн режимде бас қосқан алқалы жиында Түркі әлемінің ақсақалы, Елбасы – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы жиынның маңызы мен түркі жұрты үшін қажетті кеңесін жеткізсе, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы бірқатар стратегиялық жоспарларды атап, жүзеге асырылуы тиіс тапсырмаларды нақтылап, жүктеді. Сол айтқандай, әрине біз Қазақстанды әлемге кеңірек танытуымыз керек. Саммитте Түркістан декларациясы қабылданды және Түркістан қаласы түркі әлемінің рухани астанасы болып жарияланды. Әрине, бұл бауырлас елдердің Түркістанға деген көзқарасын аша түсіп, туыстығын жақындата түседі. Бұл бір жағынан түбі бір түркітілдес мемлкеттердің өзара ынтымақтастығы, экономикалық қарым-қатынасымызды жақсартуға, яғни бір-бірімізге инвестиция тартып әлеуетімізді көтеруге мүмкіндік болады. Сонымен қатар руханият тұрғысында дамуымызға да жол ашатын карта іспетті маңызды құжат деп ойлаймын» деп бастаған ардагердің айтуынша, бұл саммиттің өтуі кездейсоқ жағдай емес. Бұл 30 жылға жуық төккен маңдай тер мен қажырлы ерен еңбектің және еліміздегі жүйелі түрде жүргізілген сындарлы саясаттың арқасы. Мұның ар жағында өткен үлкен тарихи жағдайлар жатыр. Үлкен дайындықтардан өтті. «Мемлекетіміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бастап ұлттық құндылықтарымызға аса ден қойыла бастады. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев шетелдегі қандастарымызды елге көшіріп әкелуді бірден қолға алды. Сонымен қатар экономикамызды дамытумен қатар, шекарамызды шегендеуден бастағаны, ұлттық мүдде тұрғысында дүниежүзі қазақтары құрылтайларының өткізілуі, астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру саясаты, төл тарихымызға қол жеткізу үшін жасақталған «Мәдени мұра», «Тарих толқынында», «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» сынды мемлекеттік деңгейдегі бағдарламалар Елбасының көрегендігінің көрінісі. Ал түркі әлемі киелі санаған Түркістанның жөні тіптен бөлек деп айтсам болады. Өйткені өздеріңіз көріп отырғандай, қазір Түркістан күн санап көркейіп, ғажап қалаға айналу үстінде», – деді ол. Ардагер өз сөзінде, елімізде өткен саммиттегі айтылған ұсыныстар, ұйғарымдар мен қабылданған құжаттар негізінде тағы да сараланып, нақтыланып, күз айында Түркия елінде өткізілуі жоспарланып отырған 8 саммитте тағы да ілкімді істерді қолға алуға мүмкіндік болатынын айтты. Ол оған дейін саммит барысында қазақстандықтарға жүктелген ауқымды істерге барша жұрт болып атсалуымыз қажет екенін жеткізді. Алдағы жылдары Түркістан кемеліне келіп, өзінің ерекше стилдегі келбетімен әлемді тамсандырар жағдайға жетіп, туристер көптеп келе бастағанда ең әуелі нені ескеруіміз керек деген сауалымызға ақсақал Түркістан толық қауіпсіз қала болуы керегін алға тартты. «Әрине, бұл тұрғыда өңірде өте ауқымды жұмыстар атқарылуда. Көз алдымызда ішкі тәртіп бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардан өзге, ертеңгі күні миллиондап келеді деп жоспарланып отырған қонақтар мен туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін туризм полициясының құрылуы да дұрыс болды. Келген қонақтар қала мен тарихи жәдігерлерімізді аралап жүргенде қауіпсіздік жағынан өздерін еркін сезінуі керек. Түркі жұртының қонақжайлығы, мол дастарқаны мен тамаша болмысын, тектілігін, жақсы тіршілігін көзбен көріп, қызығып кетуі керек. Ол үшін барлық жағдайды реттеп, дайын болуымыз керек. Сонда Түркістан тұрғындарымыз бен туристер үшін қауіпсіз қалаға айналады, – деді. Сөз соңында, Есалы Нұржанов ақсақал елімізде атқарылып жатқан қыруар жұмыстарды атап өтіп, кеңес заманындағы жағдайды еске алды. «Ертеректе, ішкі істер органында қызмет атқарып жүрген жылдарымда болған бір оқиға есіме түсіп отыр. Ол кезде жас кезім. Бірде кезекті еңбек демалысымды алып, Украинаға шипажайда демалуға барған болатынмын. Бірінші күні пәтер жалдап тұрдым. Түнде сол үйдің ержеткен ұлы «Қыз Жібек» киносын қарап отырды. Менің «бұл кімдер?» деген сұрағыма мардымды жауап бере алмаған ол «қайдағы бір азиялықтар сияқты ғой» деді. Әрине, мен өз тарапымнан түсіндірген болдым. Сол оқиға менің көз алдымда қалып қойды. Қилы тағдырды өткерген ұлтымыздың бұл да сол тұстағы ауыр жылдары еді. Қазір, Құдайға шүкір, қол жеткізген тәуелсіздіктің арқасында қазақ жұртын барша әлем біледі десем, артық айтқаным болмас. Міне, бұл саммиттің өтуі де түркітілдес мемлекеттердің бір-біріне бауырлас екенін, түбі бір ел болғандығының көрінісі және әлемді толғандырған саяси дағдарыс кезеңдерінде ағайынның бас қосып, қауышуының алғышарты деп ойлаймын. Атам қазақтың «..төртеу түгел болса төбедегі келеді» дегеніндей, қазір бізге тыныштықтың бұдан да ары сақталуына, жұртымыздың аман-есен болуына баршамыз жұмыла атсалысуымыз керек», – деді.Тельман БЕЙСЕН