Қазақстанның ғарыштағы ізі
Қазақстанның ғарыштағы ізі
768
оқылды

Тәуелсіздік алғаннан бері 30 жылға жуық уақытта Қазақстан ғарышқа азаматтарды ұшырған 40, жасанды жер серігін шығар­ған 70 мемлекеттің қатарына қо­­­­сылды. Ал түркітілдес мем­ле­­кеттер арасынан ғарышқа ал­ға­ш болып азаматын ұшырған Қа­зақстан еді. Қазақстанның ға­рыш­ты игеруге деген ұмтылысы КСРО ыдырамай тұрып-ақ бас­тал­ды. Бұл істе Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың табандылығы ай­рықша рөл атқарды.

Үш ғарышкер, екі жер серігіміз бар

Әдетте, ғарышты игеруге қатысып жат­қан мемлекеттерді көбіне бейресми түрде ғарышқа ұшқан ғарышкерлерінің және жер серіктерінің санымен бағалап жа­татыны бар. Қазақстан тәуелсіздік ал­ған кезде жер серігі де, ғарышкері де жоқ мемлекет еді. Алайда әлемдегі тұң­ғыш ғарыш айлғы – Байқоңыр біздің елде. Ал 1961 жылдан бері ғарышқа адам ұшы­рып келе жатқан айлақтан қазақ тү­гілі түбі түркінің бірде-бір перзенті ға­рышқа ұшқан жоқ. КСРО ыдырайтын кез­де осы­нау олқылықтың орнын тол­тыру­ға Елбасы Н.Назарбаев мықтап кірісті. Сөйтіп, 1991 жылғы қазанда Тоқтар Әубәкіров ғарышқа ұшқан болатын. Кейін 1994 жылы Талғат Мұсабаев зеңгір көк­ке самғаса, 2015 жылы Айдын Айым­бетов Жердің төңірегінде ұшып жүрген халық­аралық ғарыш стансасына барып қайтты. Әрине, бұл жерде Талғат Мұса­баевтың ғарышқа үш рет ұшқанын апат өткен жөн. Дегенмен алғашқы екі ғарыш­керіміздің ұлты қазақ болғанымен, дәл Қазақстан атынан ұшқан жоқ. Сондықтан халықаралық құжаттарда Қазақстанның тұңғыш ғарышкері ретінде Айдын Айым­бетов аталады. Алайда Т.Әубәкіров пен Т.Мұсабаевтың ғарышқа ұшуы Қа­зақстанның ғарышты игеру ісінен тыс қалғысы келмегенін көрсетеді. Еліміз 90-жылдардағы әлеуметтік-экономи­калық қиын кездерге қарамастан, ғарыш са­ласын назардан тыс шығарған жоқ. Бай­қоңыр ғарыш айлағын 1994 жылы Ресейге алдымен 50 жылға, кейін 2050 жылға дейін жалға бере отырып, қалай болғанда да бірегей кешенді сақтап қалу­ға ұмтылғаны сөзсіз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Байқоңыр – ғарышқа адам­дарды ұшыруға арналған ең үздік ғарыш айлағы саналады. Ең бірінші, экватор бойын­ша барлығы есептелген. Осы жер­ден ең ауыр жүктер ғарышқа ұшырылады. Адам­ның ғарышқа ең жылдам жетуі де осы жерден жүзеге асырылады. Ауқымды зерттеу жұмыстарының нәтижесінде осы алаң таңдалып алынды» деген еді. Осы­лайша, Елбасы Байқоңырдың маңызы мен оны сақтап қалудың өзектілігін жақсы түсінді. Содан да шығар, тәуел­сіздік алғаннан кейінгі алғашқы жыл­дарда қазақ ғарышкерлерін өзге елдің атынан ұшырудан бас тартпады. Кері­сін­ше, қай елдің атынан ұшса да қазақ аза­матының ғарышқа ұшуын маңызды қадам деп санады. Сөйтіп, Т.Әубәкіровтің КСРО, Т.Мұсабаевтың Ресей атынан ға­рыш­қа ұшуына ықпал етті. Біздің пайым­дауымызша, Елбасы осы қадамдары арқы­лы отандастарымыздың ғарыш саласына суына бастаған көңілін қайта жібітуді көздеген сыңайлы. Әрі көреген саясаткер ретінде ғарыш саласында мол пайда да, ел дамуына септігі тиетін ке­шенді ғылым да жатқанын білді әрі осы бағытта нақты саясат ұстанды. Елба­сының осынау саясатының нәтижесінде Қазақстан 2000 жылдардың басында жер серігін ұшыру мақсатын алға қойды. Сөйтіп, алдымен сәтсіз де болса KazSat-1 жер серігін, одан соң KazSat-2 мен KazSat-3 жер серігін ұшырды. Біз сөз ба­­­­­сын­­да «үш ғарышкер, екі жер серігі» деу ар­қылы жұмыс істеп тұрған қос KazSat-ты тұспалдап едік. Әйтпесе, Жер беті­нен 36 мың шақырым биікте орна­лас­қан осы­нау екі құрылғыдан бөлек те ғарышта KazEОSat-1 және KazEОSat-2, KazSTSat мик­ро жер серігі мен KazSciSat-1 нано жер серігі ұшып жүр. Елімізде ғарышқа жауапты арнайы компания құры­лып, ғарыш­тағы құрылғыларды бас­қаратын орталық іске қосылды.

Ғарыштық мониторинг әдеттегі қызметке айналды

2005 жылы жарғылық капиталын 100 пайыз мемлекет өз мойнына алған «Каз­кос­мос» ұлттық компаниясы құрылған еді. Компания 2007 жылы «Қазақстан ға­рыш сапары» ҰК» акционерлік қоғамы бо­лып қайта жасақталған. Сол кезден бе­рі бұл компания елге қызмет етіп ке­леді. Жерді қашықтан зондтау, ғарыш тех­нологиясын дамыту, шетелдік ком­паниялармен бірлескен жобалар әзірлеу қатарлы қызметтерді осы компания көр­сетеді. Қазір ғарыш саласындағы көп­теген компаниялармен тізе қоса отырып жұмыс істеп жатқан жайы бар. Тіпті, «Қа­з­ақстан ғарыш сапары» ҰК-сын отан­дық ғарыш қызметін үйлестіруші деуге де болады. Өйткені компанияның бір­неше еншілес кәсіпорны бар. Әлгі жер­ді қашықтан зондтау, мониторинг, аэроғарыштық түсірілімдер қатарлы қызметтер осы компанияның еншісінде. Мә­селен, биылдың өзінде компания 1 млн гектардан астам егіс алқабының пай­­даланылмай жатқанын анықтаған. Со­нымен қатар 185 мың 760 жер телімі ар­найы талдаудан өтіпті. Жалпы, ком­па­ния жер серіктерінің көмегімен 13 млн 195 мың 330 гектар жерді цифрландырған. Сөй­тіп, осыншама көлемдегі жер телі­мі­не қатысты ақпаратты жүйелеп отыр. Де­мек, енді ол жерлерді заңсыз басып алу, игермей қою сияқты деректер көзден тасада қалмайды деген сөз. Мәселен, отан­­дық жер серігі 2019 жылы ел аума­ғы­нан заңсыз қоқыс төгілген 9 628 орын­ды тапты. Одан бөлек, жыл сайын өрт шыққан жерлерді анықтап жатады. Мә­селен, былтыр күзде Каспий теңізінің жа­ғалауында шыққан өртті жер серіктері тір­кеген. Ал наурыздың 23 күні Суэц ка­налын жауып қалған Ever Given кон­тей­нер тасымалдаушының да сапалы сурет­терінің бірін отандық KazEOSat-1 жер серігі түсіріпті. Әрине, санай берсе ға­рыш­қа байланысты қызмет түрлері көп-ақ. Отандық ғарыш нарығындағы DigitalORB ЖШС, «Терра қашықтықтан зондтау және ГАЖ орталығы» ЖШС, «Дата+» ЖШС, «Надир» ЖШС, KazAeroSpace ЖШС, TerraLink компаниясы тә­різді кәсіпорындар ғарыш аппарат­тарының түрлі қызметін көрсетіп келеді. Одан бөлек, ғарышты зерттеу мен ғарыш қызметін ұсыну саласымен тізе қоса ІТ саласының да дамып келе жатқанын атап өту керек. Тіпті, 2016 жылы алғаш рет «аэ­роғарыш өнеркәсібі» дейтін термин рес­ми мекемелердің атауларының қа­та­ры­на кірді. Сол жылы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі құрыл­са, қазір ол Цифрлық даму, қор­ға­ныс және аэроғарыш өнеркәсібі ми­нистр­­лігі ретінде қызмет етіп келеді. Яғни, аэроғарыш саласы Қазақстан эко­номикасындағы маңызды салалардың қа­тарына қосылып келеді.

«Бәйтерек» дейтін ғарыштық зымыран кешенін жасаймыз

Қазақстанның ғарышқа қатысты жо­баларының ішінде «Бәйтерек» ғарыштық зы­мыран кешенін құру жоспары бар. Ре­сеймен бірлескен жоба бойынша «Бәй­терек» зымырандарын сынықтан өт­кізу 2022 жылы басталуы тиіс деген бол­жам бар. Дегенмен бастапқы кезде «Союз-5» зымыраны ұшырылмақ. Бұл –  елі­міздің ғарышты игеруге бағытталған жаңа қадамының бірі. Өйткені «Қа­зақ­стан-2050» стратегиясында еліміздің жан-жақты ғарыш саласын құру Қазақ­стан экономикасын жаңғыртудың стра­те­гиялық міндетінің бірі ретінде бел­гілен­ген. Соған сәйкес 2030 жылға қарай Қа­зақстан ғарыш қызметінің әлемдік на­рығындағы орнын бекемдеуі тиіс. «Бәй­терек» зымыранын жасауды мақсат етуі­міздің бір себебі – осы. Әрине, ғарыш ке­месін жасау оңай емес. Алайда Ресей, Фран­ция сияқты елдермен тізе қоса оты­рып, ғарыш саласында тәуір жетіс­тік­ке жетуге болады. Өзгеден оқшаула­нып, жеке-дара жобалар жасауға әзірге мүмкіндігіміз жоқ. Жалпы, Қазақстанның ғарышты игеру­ге бағытталған саясаты еліміздің бұл саладағы бәсекеге қабілетін арт­ты­рып, жаңа мамандықтың пайда болуына, ел экономикасы үшін сала жетістіктерін пай­далануға мүмкіндік береді. Қазір елі­міз­дің бірқатар оқу орындарында аэро­ға­рыш саласының мамандары даярланып жатыр. Түрлі лабораториялар мен орта­лық­тар ғарышты зерттеуге атсалысып жүр. Бірер жыл бұрын әл-Фараби атын­дағы ҚҰУ студенттері нано жер серігін де жасаған. Бұл дегеніңіз ғарыш ро­ман­тикасының қайта жаңғыруына алып кел­ген сыңайлы. Дегенмен ХХІ ғасыр­да­ғы ғарышты зерттеу мен ғарыш техно­логия тек романтика емес, оның астарын­да ғылым мен білім, экономика жатыр. Демек, Қазақстан заманауи ғылымға ға­рыш арқылы жол ашуды көздейді. Бұл, әу баста Елбасы армандаған мақ­сат­қа жету­дің бастапқы қадамы болары сөзсіз.

Ардақ СҰЛТАН