Ұлы даланы дүбірлеткен додалар
Ұлы даланы дүбірлеткен додалар
178
оқылды

Ел егемендігінің 30 жылдық бедерінде Ұлы дала жерінде талай дүбірлі додалардың алауы тұтанып, жалауы желбірегені анық. Төрткүл әлем көз тіккен Ақ Азиада мен Универсиаданың өзі тәуелсіз Қазақстанды бар­ша әлемге танытты. Азиядағы абыройын асқақтатты. Бұл – ең бірінші сарабдал саясаткер, көреген басшысы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегінің жемісі. Ұлт көшбасшысы айдарлағандай аталған аламандар үлкен спорттық аренаға – Қазақстан атты жаңа спорттық державаны әкелді. Әрі біз спорттық жарыстарға қатысушы ғана емес, ірі додаларды ұйымдастырушы ретінде жаңа қырымызбен танылдық.  

Ақ Азиада әлемдік аренадағы орнымызды айқындады

 2011 жылдың қаңтар-ақпан айларында Астана мен Алматы қалалары Азия елдері спортшыларының назарын өздеріне аудар­ды. Тұңғыш рет VII қысқы Азиада ойын­да­рын өткізу құқығына ие болған Қазақстан бұл мүмкіндікке Елбасының саяси ерік-жі­гері арқасында қол жеткізгені баршаға мә­лім. Әлемдік қаржы дағдарысына қара­мас­тан Мемлекет басшысының тап­сыр­ма­сы бойынша Азиада ойындары үшін негізгі екі қала Астана мен Алматыда бірегей спорт ке­шендері салынды. Бой көтерген ғи­мараттар бүгінде ел спорты инф­рақұры­лымы­ның маңызды элементтеріне айналып қана қоймай, салауатты өмір салтын наси­хаттауда үлкен рөл атқарды. «Алау» жаңа мұзайдыны AD Sportwereld ба­тыстық басылымның бағалауымен әлем­дегі коньки тебу стадиондары арасын­да 1-орынға ие болды. Ал «Сарыарқа» велот­ре­гі халықаралық сарапшылардың есеп­теуі­мен шорт-трек және мәнерлеп сырғанау спор­ты үшін арналған теңдессіз айдынның біріне баланды. Сондай-ақ Алматы қала­сында бой көтерген шаңғымен тұғырдан секіру кешені Халықаралық шаңғы спорты қауымдастығының жүргізген сауалнамасы бойын­ша сол жылдың ең үздік трамплині атанды. Бұдан бөлек, «Медеу» спорттық ке­шені, «Шымбұлақ» тау шаңғы базасы жә­не Балуан Шолақ атындағы спорт са­райы туристердің сөзсіз таңдайын қақ­тырды. Азиадаға әлемнің 27 мемлекетінен мың­даған спортшы қатысып, спорттың 11 түрі­нен медальдар жиынтығын сарапқа сал­ды. Бұл Қысқы Азиада ойындары тари­хындағы рекордтық көрсеткіш болатын. Осы­нау байрақты бәсекеде ел спортшылары да бұрын-соңды болмаған жетістікке қол жеткізіп, 32 алтын медальмен жалпы ко­ман­­далық есепте көш бастады. Бұрынғы ре­корд 29 алтын медальмен Жапония құра­масына тиесілі болса, біздің спортшылар 1986 жылдан бері қаймағы бұзылмай келе жатқан көрсеткішке түзету енгізді. Қысқы Азиада ойындары әлемге жаңа есім­дерді танытты. Ел спортшылары ара­сы­нан екі алтын, бір күміс медальды жеңіп алған биатлоншы Елена Хрусталеваның, фрис­тайл бойынша екі алтынға қол жет­кізген Юлия Галышеваның, ерлер арасында дара мәнерлеп сырғанаудан алтын алған Денис Теннің және шайбалы хоккейден ал­­­тыннан алқа таққан ерлер мен әйелдер құрамаларының даңқы асқақтай түсті. Алматы қаласындағы Балуан Шолақ атындағы спорт және мәдениет сарайында өткен Азиада ойындарының жабылу сал­танатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Сары құрлық бәсекесі үшін тұңғыш рет 69 медаль жиынтығы сарапқа салынғаны сөзсіз рекорд екенін баса айтты. «Азиада күштің, әдемілік пен мәрттіктің нағыз салтанатына айналды. Біз спортты бей­бітшілік пен достықтың мерекесіне ай­налдырдық. Осы күндері әр елден келген мың­­даған адам бір-бірімен жүздесті, әң­гімелесті, бірін-бірі таныды. Көпшілігі Қа­­з­ақ­станнан жаңа достар тапты. Біздің бәрі­міз, әр халықтың өкілдері, рухани бай және жомарт бола түстік. Біз бір-бірімізді жақ­сы түсіндік. Осыны Азиаданың басты же­тістігі деп білемін», – деді Елбасы. Иә, Азиаданың жарқын символы − ба­рыс бейнесі барлық спортшылар үшін ыс­тық бола түсіп, жүректерінен орын тапқаны дау­сыз. Бүгінде VII қысқы Азиада ойын­дарының алауы Тұңғыш Президент музейі­нің «Қазақстанның спорттық даңқы» экс­позициясында сақталған. Жалпы алғанда, Азиада Қазақстанның қонақжай ел, бейбітшілік пен келісім ме­кені екенін танытып, жаңа спорттық дер­жава ретінде әлемдік аренадағы орнын ай­қындай түскені анық.

Дүниенің жастары Алматыға жиналды

Азиада ойындарынан кейін араға 6 жыл салып 2017 жылы елімізде қысқы Универ­сиа­даның жалауы желбіреді. Бұл – Елба­сы­ның батыл бастамаларының бір көрінісі. Аталмыш аламанның алауы Қазақ­стан­да тұңғыш рет тұтанып тұрғандықтан, жауап­кершілік жүгі ауыр болатын. Алайда елі­міз бұл міндетті абыроймен атқарып шық­ты. Универсиаданы Алматы төрінде өткізу туралы ресми шешім 2011 жылы Брюссельде Ха­лық­аралық университеттік спорт феде­ра­циясында дауыс беру арқылы қабыл­дан­ды. Осылайша, Қазақстан ТМД елдерінің ішінде бірінші болып Универсиада өткізу құқығына ие болды. Алматы төріндегі «Алматы арена» спорт сарайында айтулы аламанның ашылуы өткен шараға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­пен бірге Халықаралық студенттік спорт фе­дерациясының (FISU) президенті Олег Матыциннің қатысуы да үлкен тарихи оқи­ға болды. «Спорт, ғылым және мәдениет арқылы біз барлық құрлыққа тыныштық пен то­лерант­ты дамудың қазақстандық форму­ла­сын жеткізгіміз келді. Сол үшін ұйымдас­тыру жұмыстары күн сайын қарқын алып, осы Мұз сарайы мен бұл ойындардың басқа да нысандары зор ықыласпен салынды. Алматы қаласы қазірдің өзінде даусыз ре­­корд көрсетіп отыр. Қысқы Универсиа­да­лар тарихында алғаш рет мұнда Атлеттер қалашығы салынды. Бұл жобаға жұмсалған инвестиция қазақстандықтардың игілігіне қызмет ететін болады. Ареналар көпшілікті бұ­қара­лық спортқа тартатын орталыққа айналады. Атлеттер қалашығы 1 700-ден ас­­т­ам отбасына арналған қолжетімді әлеу­меттік тұрғын үйі бар жаңа шағынауданды құ­райды. Универсиада әлемнің 80 мемле­кетінде 43 телеарна арқылы көрсетіледі. Оның аудиториясы 1 миллиардтан астам адам­ды қамтиды. Алматы шаһары 1000 жылдық тарихы бар қала. Қазақстанның жаңа дәуірі бастау ал­ған алтын бесік. Бұл – қарқынды дамып ке­ле жатқан заманауи қала, іскерлік ор­та­лығы және ел экономикасының қозғаушы күші. Жастар қаласы. Студенттер шаһары. Универсиада еліміздің саламатты өмір салтының рәмізіне айналды. Сондықтан бұл Универсиада әрбір жастың жүрегінде жалын болып қалатынына сенемін» деген еді Елбасы универсиада қарсаңында. Жалпы, Дүниежүзілік жастар додасына 64 елдің спортшылары қатысып, тағы да ре­кордтық көрсеткішке қол жетті. Бұған дейін Түркия универсиадасында ғана 52 мем­лекеттің өкілдері бақ сынаған болатын. Осы қы­рынан келгенде, «Универсида-2017» ойын­дарының бәсі жоғары, ал Қазақстанға ағылған туристердің қарасы қалың болды. Азиада ойындарында бой көтерген спорт к­­е­шендерінен бөлек, айтулы аламанға ар­налып «Мұз» сарай, «Мұз» арена мен Ат­лет­тер қалашығы спортшыларға есігін ай­қара ашты. Кейін атлеттерге арналған қа­ла­шық­тардағы үй-жайлар алматылық от­басыларға берілгені бар. Ол да шараның бір қыры еді. Ел намысы сынға түскен сәтте спорт­шы­­ларымыз да ел мерейін үстем етті. 13 спорт түрінен күш сынасқан отандастары­мыз 11 алтын, 8 күміс, 17 қола медаль жең­іп алып, жалпыкомандалық есепте 2-орын­ға та­бан тіреді. Бұл ел спортының жаңа бе­­лесі мен биігі еді. Алдымызды ораған тек Ре­сей құрамасы. Ал Корея, Жапония, По­льша, Қытай, Франция, Италия сынды ата­­­ғынан ат үркетін мемлекеттердің спорт­шы­­лары шаң қауып қалды. Осылайша, Алатау бөктеріндегі айтулы ала­­ман Қазақстан спортының жарқын жеңі­­с­імен тарих қойнауына енді. P.S.

Міне, бұл ел егемендігін алып, өз алдына дербес мемлекет атанған 30 жылдың белесінде тарихқа алтын әріптермен таңбаланған айтулы аламандар. Ел спортшылары мұхит асып, әлемдік ареналарда атой салып қана қоймай, өз төрімізде де байрақты бәсеке өткізуге қауқарлы екенімізді көрсеттік. Әрі алпауыттармен тереземіз тең түсіп, бәсекелес атана алатымызды анық аңғарттық. Ең бастысы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегенділігі мен батылдығының арқасында дүниежүзі «Қазақстан» атты жаңа спорттық державаның дүниеге келгенін мойындады.

 

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы