Ғылымға қамқорлық – дамудың өлшемі
Ғылымға қамқорлық – дамудың өлшемі
248
оқылды

Айналамыздағы шуақты өмір ғылым жетістіктерімен тығыз байланысты. Ғылымға бөлінген қаржы көлемі қай мемлекеттің де даму деңгейінің маңызды өлшемі іспеттес. Бүкіл әлемде ой еңбегімен айналысатындар санының тұрақты өсу үрдісі байқалуда.

Ғылым - Қорқыт Ата Ғылым адамға білім арқылы тікелей әсер етеді. Білім мен ғылым саласының ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы, адами капиталды дамытып, интеллектуалды ұлт қалыптастырудағы рөлі айтпаса да түсінікті. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің мәртебелі лауазымындағы алғашқы күндерден бастап отандық білім мен ғылым жүйесін бәсекеге қабілетті дамыту бойынша асқаралы міндеттерді белгілеп, ауқымды іс-шаралардың қалтқысыз орындалуын өзінің жіті назарында ұстап келеді. Тың белестерді бағындыру жолын жақсы білетін ҚР Білім және ғылым министрлігі Асхат Қанатұлы Аймағамбетовтің басшылығымен еліміздің білім-ғылым саласын өркендету жолында өршіл реформаларды жүзеге асыруда. Жаңашыл да байыпты бастамалар қысқа уақытта өзінің келелі нәтижелерін беруде. Бұл, әрине, айтуға ғана оңай қадамдар. Білім саласының мәселелерін тереңнен түсінетін министріміз «Педагог мәртебесі туралы» заңның қабылдануына ерен еңбегін сіңірді. Қатары қалың ұстаздар қауымы осы заңның игілігін барынша көруде. Ал білім мен ғылымның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру, ғылымның ел экономикасына қосатын үлесін ұлғайтудың жолдары жан-жақты сараланып қабылданған Қазақстан Республикасында Білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы, әсіресе, ғылым саласының көсегесін көгертуге бағытталған тың жаңалықтарға толы. 2025 жылға қарай білімге бөлінетін қаржы көлемін 6 есе, ғылымға бөлінетін қаржы көлемін 7 есе көбейту айтылғанның бір ғана дәлелі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің V отырысында сөйлеген сөзінде: «Бұған дейін ұсынылған «Қуатты өңір-Қуатты мемлекет» қағидасы құр сөз емес. Бұл-еліміздің табысты дамуы үшін аса маңызды талап», - деп нақты айтқан болатын. Осы тапсырманы қисынды мәресіне жеткізуде облыс орталықтарындағы университеттердің рөлі өте ауқымды деп білеміз. Өйткені, қазір еліміздің әр өңірін университеттерсіз көзге елестету қиын. Олардың бір-біріне өзара ықпалдастығы өңірлік дамудың жетекші факторы десек, елімізде алғашқы ашылған жоғары оқу орындарының ондығына кіретін Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің көпсалалы қызметінің басымдықтарын талдау бұған көзімізді жеткізе түседі. Ең басты басымдығы – облыс экономикасы салаларына жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрлар даярлау. Өңірімізде қызмет ететін мамандардың 80%-дан астамы университетіміздің түлектері. Тағы бір маңызды басымдығы – өңірдегі заманауи ғылым және инновация орталығы болып табылуы. Жүргізілген іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулер (жобалар, диссертациялар, дипломдық жұмыстар) нәтижелері мен инновациялық жаңалықтар қоғам мен өндірістің өзекті әрі практикалық мәселелерін шешуге елеулі ықпал етуде. Халықты жұмыспен қамту да ерекше басымдықтар қатарында. Бүгінде университет мыңға жуық адамға жұмыс беруші ретінде белгілі. Бұған олар асырап отырған отбасы мүшелерін қоссаңыз оқу орнының әлеуметтік-экономикалық саладағы әлеуетін байқау қиын емес. Сыр өңірінің мәдени-интеллектуалдық келбетін қалыптастырудағы басымдықтар өз алдына бір төбе. Өткен замандарда бірнеше байырғы өркениеттің тағдыры тоғысқан өңірде орналасқан әрі бүкіл түркі дүниесінің абызы Қорқыт баба есімін иеленген университеттің өз орнын білім мен ғылым қарашаңырағы ғана емес, мәдениет орталығы ретінде де айқындауы заңды. Рухани жаңғыру, тарихи сананы қалыптастыру, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу бағытында халқымыздың тарихи, мәдени және рухани мұралары жүйелі зерттелуде. Ұжым мүшелері, зиялылар қауымы өңірдің рухани-мәдени өмірінің дамуына елеулі үлесін қосып, қоғамдық-саяси ахуалына оң ықпалын тигізуде. 2012 жылғы 12 сәуірден бастап Елбасының жарлығымен дүниеге келген ғылым қызметкерлері күні аталып өтуде. Ғалымдардың төл мерекесі қарсаңында соңғы бір жыл ішінде ғылым саласында атқарылған ілкімді шаруалар мен қол жеткен жетістіктермен бөлісудің артықтығы болмас. Рет-ретімен таратып айтар болсақ. Білім және ғылым министрлігінің алға қойған міндеттеріне сай және аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламасы негізінде университеттің 2021-2025 жылдарға арналған даму стратегиясы әзірленді. Осы стратегияның инновациялық экожүйені дамыту бөлімінде айқындалған мақсат-міндеттерді жүзеге асыру үшін ғылыми қызметке қаржы тарту маңызды. Біздің ғалымдарымыз 2020-2021, 2020-2022 және 2021-2023 жылдарға арналған ҚР БҒМ-нің ғылыми жобаларды гранттық қаржыландыру конкурстарына қатысып, бүгінге дейін жеңімпаз атанған 7 жоба қаржыландырылса, енді 13 жоба сарапшылардың шешімін күтуде. Осы зерттеулердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін Ұлыбритания, Италия, Португалия, Түркия, Ресей, Украина, Литва, т.б. мемлекеттердің жетекші жоғары оқу орындары және ғылыми орталықтарымен жасалған меморандумдар мен келісімдердің тигізер пайдасы мол болмақ. Облыс әкімдігінің қолдауымен ортағасырлық қалашықтар орнына археологиялық зерттеулер жүргізуге дәстүрлі түрде қаржы бөлінуде. Биылғы жылы Германияның DFG гуманитарлық зерттеу қоры және Тюбинген университетімен бірлескен «Ұлы Жібек жолының солтүстік аймағындағы көшпенділер мемлекетінің қалыптасуы және урбанизациялануы: Ерте орта ғасырлардағы Жанкент қаласы (Арал теңізі аймағы, Қазақстан)» атты үш жылдық жобаны қорытындылайтын боламыз. Еуроодақтың гранттық «Көкжиек-2020» зерттеулер және инновациялар бағдарламасы аясында өткізілген байқау нәтижесі бойынша ғалымдарымыздың «Инновациялық судаерігіш фитоматериалдар – Альцгеймер және Паркинсон ауруларының алдын алу үшін ингибиторлар» атты жобасы жеңімпаз атанды. Төрт жылға есептелген жоба (жалпы құны 64,4 млн теңге) алыс және жақын шетелдердің жетекші жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтарымен бірлесіп орындалмақ. Ғылыми зерттеулер нәтижелерін коммерцияландыру – күн тәртібінен түспейтін мәселеміз. Бұл бағыттағы жұмыстарымыз нәтижесіз емес. Өткен жылдың соңында «Ғылым қоры» АҚ технологияларды коммерцияландыруға бөлген гранты негізінде жүргізілген «Инновациялық технология бойынша мұнай қалдықтарын қайта өңдеу» атты жобасы аяқталды. Пандемия барысында университеттің инженерлік бейіндегі зертханасында «Эфир майлары негізінде вирус және бактерияға қарсы антисептик жасау» жобасы коммерцияландырылды. Зертхана қызметкерлері қолға алып жатқан «Фунгицидтік және бактерицидтік белсенділігі бар жаңа бензофуроксандар», «Бактерияға қарсы белсенді ломефлоксацині бар бензофуроксан тұздарын алу» тақырыбындағы жобалардың коммерциялық әлеуеті зор. Қоржынымызды келешекте коммерцияландыруға бейім 13 жобамен толықтыру ойымызда бар. Ағымдағы жылы «ПетроҚазақстанҚұмкөлРесорсиз» АҚ тапсырысы негізінде «Мұнай қалдықтарын инновациялық технологиямен қайта өңдеу» тақырыбындағы инновациялық жобасын қолға алмақпыз. Ғылым қызметкерлері күні мерекесіне орай ғылым апталығы жарияланып, соның аясында 6 сәуірде университет профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушыларының ғылыми жетістіктерінің көрмелері, 9 сәуірде «Пандемия кезіндегі студенттердің ғылыми-инновациялық шығармашылығы» атты онлайн-конференция, 12 сәуірде «Аймақ ғылымын дамытудың өзекті мәселелері» атты онлайн-дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Осы шаралардың қатарында жас ғалымдардың өңір экономикасы салаларының өзекті проблемаларын шешу бойынша идеяларын жүзеге асыруы үшін университет тағайындаған (жалпы сомасы 10,0 млн теңге) арнайы гранттың жеңімпаздарын анықтау конкурсы оқшау тұр. Білім ордасының тарихында тұңғыш рет өткізіліп отырған осынау конкурсқа агроөнеркәсіп, мұнайхимия, IT салалары бойынша ұсынылған 14 жобаның арасынан 4-уі таңдалды. Болашақта жас ғалымдарға арналған гранттың сомасын көбейтіп, жасампаз тәжірибені жалғастырмақпыз. Себебі, жас ғалымдарды қолдау біздің даму стратегиямыздың өзегі. Бүгінгі жас буын әріптестеріміз – ертеңгі шығармашыл ғалым, ұлағатты ұстаз, жаңашыл менеджер. Ғылыми-педагогикалық әлеуетін өсіру мақсатында оларды университетіміздің докторантурасына, мақсатты немесе арнаулы қаржы есебінен отандық жетекші жоғары оқу орындарының докторантурасына бағыттаудамыз. Кейбір кадрға зәру бағыттар бойынша жастардың алыс және шетелдерде оқуына, ғылыми тағылымдамадан өтуіне немесе біліктіліктерін көтеруіне қолайлы жағдайлар жасалуда. Соңғы бір жылдың өзінде жас ғалымдар арасынан 6 PhD, 2 қауымдастырылған профессор, 2 ғылым кандидаты, 1 «ЖОО үздік оқытушысы» атағының иегері шықты. Студенттерміз халықаралық және республикалық деңгейдегі ғылыми конкурстар мен конференцияларға, пәндік олимпиадаларға, көрмелер мен шығармашылық байқауларға қатысып, жүлделі орындар иеленіп жүр. 50-ден астам студент халықаралық деңгейдегі, 75 студент республикалық деңгейдегі іс-шаралар қорытындысы бойынша биіктен көрінді. Ғылыми мақалалары жарық көрген студенттеріміз көптеп саналады. Ғылыми жобаларды орындауға тартылған білім алушыларымыз да баршылық. Web of Science, Scopus базасына енетін шетелдік жоғары рейтингілі журналдарда бір жыл ішінде біздің ғалымдарымыздың 106 мақаласы жарияланды. 18 патент алынып, 19 монография жарық көрді. Халықаралық грант, республикалық және жергілікті бюджет есебінен 16 ғылыми жоба орындалды. Университет Аккредиттеу және рейтингтің Тәуелсіз агенттігі (НААР) өткізген ЖОО-ң сұранысқа ие болуының Ұлттық рейтингісі қорытындысында қатысқан 87 ЖОО ішінен – ҚР ЖОО Бас рейтингісінің ТОП-20-да 9 орын иеленді. Әрине, бұндай көрсеткіш үдесінен шығуда ғылыми құраушының да үлесі қомақты. Ғылыми білімді жинақтау қызметін атқаруда университеттерге теңесетін басқа қоғамдық институттар жоқ десе де болады. Білім беру үдерісі мен білімнің құрылымына тура әсер ету арқылы ғылым оның барлық құраушыларына таралады. Осы себептен де өңірлік жоғары оқу орындарында академиялық шеберлік орталықтарын ашу ісі баламасы жоқ тың бастама. Университет базасында soft skills кәсіби дағдыларына ие бәсекеге қабілетті кадрларды даярлау мақсатында «Химия, жасыл технологиялар, жаңартылатын энергия көздері, педагогикалық және іргелес ғылымдар ғылыми-инновациялық орталығы» академиялық үстемдік орталығын құру жобасы жан-жақты негізделуде. Орталық білім алушыларға IT, гуманитарлық-педагогикалық, жаратылыстану ғылымдары, тау-кен технологиясы, инженерия салаларының заманауи білімдері мен әдістерін меңгертіп қана қоймай, олардың кәсіпкерлік және инновациялық құзыреттерін қалыптастыруға қызмет етпек. Әлемдік деңгейдегі озық зертханалармен жабдықталған инфрақұрылым өңірдің кәсіпорындары мен ұйымдарын білім мен дағдылардың жаңа түрлерін игерген білікті кадрлармен қамтамасыз етуге, өңірдің, республиканың жедел дамуына ықпал ететін ғылыми зерттеулерді мүлдем жаңа сапаға көтеруге, ғалымдардың халықаралық ғылыми жобалар конкурстарына іркіліссіз қатысуына теңдессіз мүмкіндік жасайды деп күтілуде. Университеттің 84 жылдық тарихында бұрын-соңды кездеспеген ғасырлық жобаның Білім және ғылым министрлігінің тарапынан қолдау табатынына сеніміміз мол. Университетті материалдық-техникалық жарақтандыруға аймақтағы ірі компаниялардың да атсалысатын уақыты жетті деп есептейміз. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі Жолдауында: «Ғылымды қаржыландырудың және қол­даудың маңызды көзі – ірі кәсіп­орындардың, әсіресе шикізат саласын­дағы компаниялардың қаражаты» және «Ірі бизнес өкілдері өңірлік универ­си­теттердің ғылыми қызметін қамқор­лыққа алса, нұр үстіне нұр болар еді» – дегенін қаперден шығармауымыз керек. Өңірдің басты байлығы – оның халқы. Олардың ғылым-білімге деген сұранысын өркениет талаптарына сай қанағаттандыру, яғни өңірдің адами капиталын дамытуға үлес қосу университеттің басты мақсаты болып қала береді.

Бейбіткүл КӘРІМОВА, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Басқарма Төрағасы-Ректоры