Ұлттық академиялық кітапханада «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында жасақталған мектеп оқушыларының оқуына міндетті көркем әдебиет тізімі талқыланды.
Жиынға «Оқулық» РҒПО директоры Елдос Нұрланов, БҒМ Мектепке дейінгі орта білім беру комитетінің бас сарапшысы Мадина Егінбаева, әдебиеттанушы, сыншы Анар Кабдуллина, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Ербол Бейілхан, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Гүлбадан Мәдібаева, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының Қызмет жетекшісі Сәулеш Назирова және аталған кітапхана мамандары қатысты.
Талқылау барысында қатысушылар пікірлерін ортаға салып, тізімге оң бағаларын берді. Сонымен қатар, тәуелсіздік жылдарында қалам тартқан жас ақын-жазушылардың шығармаларын назарға алуды ұсынды.
– Бұл тізім бұған дейін бірнеше рет талқыланып, қажетті өзгерістер енгізілді. Бүгінде реттеліп қалғаны байқалады. Дегенмен де, болашағы алда, қаламы қарымды жас жазушылардың шығармаларын қосуды ұсынамын. Мәселен, Әлішер Рахаттың туындысы қазір жастар арасында сұранысқа ие, сатылымы жоғары, – деді Анар Қабылқанқызы.
Айта кетерлігі, 250 аталымнан тұратын көркем әдебиет тізімі оқушылардың жас ерекшелігіне, ал жанрлар әр жас шамасына қарай жасақталған. Мәселен, 6–11 жас тобына ұсынылатын көркем әдебиетте ертегі, өлең және шағын әңгімеге, 12–15-те повесть, проза, фэнтези жанрларына басымдық берілген. Ал роман, драма және поэманы оқу жоғары сынып оқушыларына ұсынылған.
Тізімге мектеп оқушыларына қажетті дағдыларды қалыптастыратын, ізгілік пен мейірімге шақыратын қазақстандық және шетел жазушыларының шығармалары енген.