Жер туралы заң Сенатқа жолданды
Жер туралы заң Сенатқа жолданды

Халықаралық келісімдерді дер кезінде ратификациялау – интеграциялық процестерді дамыту үшін маңызды. Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста палата депутаттары бірқатар халықаралық шартты ратификациялайтын заң жобаларын мақұлдады.

Оның қатарында «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Қырғыз Республикасының қосылуына байланысты Қырғыз Республикасының 2014 жылғы 29 ма­мырдағы ЕАЭО туралы шартты, ЕАЭО-ның құқы­ғына кіретін жекелеген халықаралық шарт­тарды және ЕАЭО органдарының актілерін қол­дануы жөніндегі жағдайлар мен өтпелі ережелер туралы 2015 жылғы 8 мамырдағы хаттамаға өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды. Құжат қырғыз елі үшін өтпелі кезеңді Еуразия­лық одақтың бірыңғай кедендік тарифтерін толық имплементациялауға дейін ұзарту жөніндегі уағда­ластықтарды іске асырады. Сонымен қатар үшінші елдерден әкелінетін кейбір тауарға қатысты Қырғыз Республикасы қолданатын кедендік-та­риф­тік реттеу саласына түзетулер енгізу қамтылған. Осы орайда Мәжіліс Төрағасы кейбір ми­нистрлік халықаралық шарттарды ратифика­циялау рә­сімдерінің мерзімдерін жүйелі түрде бұзатынына назар аударды. Отырыста палата ЕАЭО туралы шартқа Ар­менияның қосылуы туралы 2014 жылғы 10 қа­зандағы шартқа өзгерістер енгізетін хаттаманы ратифи­кациялайтын заң жобасын мақұлдап, Сенатқа жолдады. Хаттама Арменияға арналған өтпелі кезеңді де одақтың бірыңғай кедендік та­рифтерін толық имплементациялауға дейін ұзартып береді. Сондай-ақ депутаттар шетелдіктерге және қандастарға жерді жалға алуға да, сатып алуға да тыйым салатын заң жобасын ІІ оқылымда құптап, Сенатқа жолдады. Талқылау барысында депутаттар оны күшейтуге бағытталған түзетулер енгізді. Атап айтқанда, шетелдік азаматтар мен заңды тұлғалар, шетелдік қатысу үлесі бар бірлескен кәсіпорындар отандық заңды тұлға құрамына кірген жағдайда, сондай-ақ заңды тұлға қатысушысының Қазақстан азаматтығы тоқтатылған кезде ауыл шаруашылығы жерлерін иеліктен шығару рәсімдері көзделген. Бұған қоса, қолданыстағы заңнамаға сәйкес келтіретін редакциялық-нақтылау сипатындағы түзетулер қабылданды.

Айхан ШӘРІП