Кәрімбек Арыстанбекұлы: Тексеру комиссиясының өзін тексеру керек
Кәрімбек Арыстанбекұлы: Тексеру комиссиясының өзін тексеру керек
277
оқылды

Жоғары білім сапасы еліміздің даму страте­гия­сындағы басымдық берілген бағыт екені белгілі. Адами капиталдың бәсекеге қабілеттігі әлемнің озық отыз елінің қатарына ену үшін рөлі ерекше.  Еліміздің жоғары оқу орындары сапалы мамандар даярлап жа­тыр, бәсекеге қабілетті деп айта аламыз ба? Осы және өз­г­е де сұрақтарға қатысты жоғары білім сапасы бойынша сарап­­шы, академик Кәрімбек Арыстанбекұлымен сұхбат­тас­­қан едік.

– ЖОО-лармен сот процесінде БҒМ жиі ұтылады. Себебін түсіндіре аласыз ба? –Қазір министрлік Президент тап­сырмасымен жоғары оқу орындарына тексеру жүргізіп, кейбіреуін бас лицен­зиясынан айырып жатыр. Осыған байла­нысты ел арасында екіұдай пікір бар. Не­лік­тен? Өйткені тексеру кезінде тексеру­шілер­дің қолында сертификаты болғаны жөн. Университетте жұмыс істейді екен деп кез келген оқытушыны тексеруге жіберуге болмайды. «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» деген бар. Оларды арнайы оқытып, нормативтік-құқықтық құжаттармен та­ныс­тыру қажет. Мысалы, ЖОО-дағы мамандық жайын тексеру үшін Экономика факультеті болса, экономистерді, Жур­налис­­тика факультеті  болса,  журналистерді келесі оқу орнына тексеруші етіп жібереді. Бұл қалай сонда? Иә, олар пән мен білім маз­мұны жайында білуі мүмкін. Бірақ біле тұра олардың соттан жеңілуіне не жорық?  Мамандандырылмағандықтан. Себебі тексерушілер нормативтік-құқықтық актіні  толық білмейді. Соттар сондай олқылық­тарды тауып алады. Мысалы, кітап саны 100 болу керек десек, университетте 98 деп көрсетілген. Лабораторияның көлеміне кел­генде де осындай мәселе. Студенттерді жалпы кітапханамен қамтамасыз ету мәсе­лесінде де жағдай бір. Алайда бұл білімнің мазмұнына әсер етпейді. Тексерушілер  осындай ұсақ-түйектерді де тізеді. Содан кейін ЖОО-дан 47, 57 кемшін тұсын таптық деп жар салады. Соттасып жатқан ЖОО-лармен сөйлесе қалсаңыз, олар про­цесті «тырнақ астынан кір іздегендей» деп бағалайды. Сол себептен айтарым, ЖОО-ны тексеруге барған тексерушілердің білік­тілігін тексеру керек. Мәселен, қазір тек­серушілердің құрамы қалай анықталады? Әлі күнге осыны түсіне алмай келемін. База қалай жасалады? Мысалы, шетелде базаға кіріп, сарапшы болу үшін оған мамандану керек. Осы нәрсенің жоғынан министрлік сотта жиі жеңіліп қалады. Бір мысал кел­тірейін. Айталық, оқулыққа қатысты қос тарап дауласатын тұстар бар. Министрлік «оқу­лықтың жарыққа шыққан мерзімі 5 жылдан артық болмауы керек» дейді. Байқасаңыз, академиктер Балақаевтың, Кеңесбаевтың жазған еңбегіне 50 жыл болған.  Ысқақовтың морфологиясын әлі күн­ге оқимыз. Сонда олар жарамай ма, сон­­­шалық не өзгеріп кетті? Осы тұста сот он жыл бұрын шыққан, алты жыл бұрын шық­қан оқулықтың қалайша оқуға жара­май қалғанын сұрайды. Ал қарсы тарап атал­­­ған оқулықтардың министрліктің оқу-әдістемелік орталығымен сараптамадан өткенін алға тартады. Осылайша, жеңіліп қалуы әбден мүмкін. – Пандемияға байланысты сабақ онлайн өтеді. Соған сай студенттердің көбі онлайн сабаққа қатысудың орнына жұмыс істеп жүр. Осының кесірінен  алдағы 3-4 жылда еңбек нарығына сапасыз маман қосып, экономи­камызға кері әсерін тигізбейміз бе? – Бұл ұстаз бен шәкіртке байланысты. Ұс­таз­дың талабы қатаң болса, студент барын­ша сақ жүреді. Онлайн білім беруде оқыту­шылар да өзін қамшылау керек. Ізде­ніп, ой қозғап дегендей. «Иә, мақұл, жарай­ды» деп сабақты WhatsApp-тан тексере салатын оқытушы өзіне, біліктілігіне сенбейді. «Студентім бойымдағы кемшілікті байқап қояды» деп «бәрі дұрыспен» сабақты аяқтай салады. Бұл – дұрыс емес. Екіншіден,  барлығы ниетке байланыс­ты. Оқуға түскен студент ертең маман бо­лам десе, қандай жағдайда да оқуға зейін қоя­ды. Ал оқымайтын бала карантинге дейін де, кейін де оқыған жоқ. Жоғары білім сапасын қамтамасыз етудегі ең қи­налатын тұсымыз – студенттердің диплом үшін оқуы. Өз кезегінде ата-аналардың «ұл-қызым диплом алса, бір жерде жұмыс істейді ғой» дейтін ойы әсер етеді.  Мектеп жасындағы бала 11-сыныпқа жеткенше «қандай маман болам» деп ойланбайды. 10-сыныпқа көшкенде тыпырлап, «мына пәнді таңдасам, дұрыс-ау» деп жүреді. Көпшілігі баласының маман болғанын емес, бір жерде бастық болғанын қалайды. Бітірген мамандығы қазір трендте ме, нан тауып жей алатынына бас қатырмайды. Рек­торлық тәжірибемнен есте қалғаны, бірде-бір университеттің студенті келіп «факультеттегі оқу бағдарламасы дұрыс емес, келешекте жұмыс істеуге жағдай жасайтын тұсын көріп тұрғам жоқ» деп ша­ғым айтпайды. Өйткені университет не береді, соны бас шұлғып алуға бейімбіз. Кезін­де Германияда үлкен конференция өтті. Сонда Финляндиядан келген профес­сордың мынадай әдісіне қайран қалдым. Ол  балалардың жетістігін бағалауда оның жауап бергеніне емес, сұрақ қойғанына қа­рап бағалайтынын айтты. Сонда тақырып бойынша сұрақ қойған студент көп нәрсені білгісі келіп, келешек мамандығына қатыс­ты дүниелерді үйренуге асығады. Басқалары сұрасаң, жауап береді. Ал айтқан дүниеңе қатысты сұрақ қою – білім жетістігінің бір көрінісі. Осы идеяны үнемі есте сақтап жүремін. – Қазір мамандық иесі атану үшін 4 жыл университетте оқудың қажеті жоқ секілді. Мәселен, екі айлық, үш айлық курс оқып, 200-300 мың теңге жалақы алады. Қысқа онлайн курстар университеттерді керексіз етпей ме? – Университеттерді ығыстыру әзірге мүмкін емес. Олар заман ағымына сай лайықталып отырса жеткілікті. Қазір ЖОО-ларға дербестік берді. Яғни, бұрынғыдай қатып қалған міндетті стандарт жоқ. Әр оқу орны білім беру бағдарламасын дайын­дай­ды. Бағдарлама міндетті түрде жұмыс беру­шімен келісіледі. Белгілі бір агенттіктер рей­тинг­ті тексерген кезде білім бағдарла­масына жұмыс берушілер сараптама жүргізген бе, жоқ па, соны тексереді. Бұрын колледждің өзінде 9-сыныптан кейін барсаң, 3,5 жыл білім беретін. Қазір 2,5 жыл­ға қысқарды. 11-сыныптан кейін бар­саң, 1-1,5 жыл оқисың. Осы 1,5 жылдың жартысынан көбі базада өтеді. Көптеген оқу орны 70-80% теориялық білімге сүйе­неді. Қазір әлем дуальды оқытуға көшкен. Бұл жүйеде 4 жыл білім берудің қажеті жоқ. Бәрі практикамен үндес. Мысалы, шетелде оқу бағдарламасын қанша жылда аяқтай­тының маңызды емес. Ал бізде диплом жұмысқа тұруға құқық береді. Шетелде олай емес. Шетелде білім бағдарламасына сәйкес сол сабақтарды меңгеріп, теориялық біліммен қамтыл­ғанын растайды. Бірақ жұмысқа тұру үшін біліктілік сертификатын сұрайды. Біздегі жағдай бойынша, диплом­ды көтеріп, түйіндеме жазып, жұмыс іздей­сің. Қазір меке­мелер жұмыс тәжірибе­сінсіз универ­ситетті жаңа бітірген түлекті жұмыс­қа ал­майды. Сол үшін олар не істерін біл­мей, сауда-орталықтарында немесе басқа да орынға жұмысқа тұрады. Шынтуайтына кел­­генде, бұл шарасыздықтан туған амал. Шет­елді көп қозғап кеттік, бірақ сол жерде университет не колледжде білім алатын сту­дент 2-курстан бастап компанияларда тә­жірибеден өтеді. Таңертең сабағына, түс­тен кейін компанияға жұмысқа барады. Кей мекеме осы үшін азын-аулақ ақы төлеп жа­­тады. Кейін біліктілік сертификатын алар­­да аталған компания студентке мінез­деме жазып береді. Мұндай тәжіри­бенің астарында функционалды сауаттылық тұр. Яғни, студенттің теориялық білімді тәжіри­беде қолдана алуы. Сондықтан дербестік ал­ған ЖОО-лар осыны ескеруі қажет. Кәрімбек – Оқытушылардың педагогикалық жүк­теме­сі көп. Сондықтан олар ғылымға көңіл бөлмей жүрген жоқ па?  – Жалпы, ғылым мен білімді кіріктіру ин­теграциясы мәселесі жөнінде  артта қа­лып қойдық. Сол үшін зерттеу универ­си­тет­­тері құрылды. ЖОО оқытушысын   сабақ берумен шектемей, ғылыммен ынталан­дыру­ға жол ашылып жатыр. Бұрын мың сағатқа дейін педогогикалық жүктеме бар-ды. Мың сағат лекция оқып, шаршаған оқытушы қайдан ғылыммен айналыссын? Кейбір ЖОО жүктемені  500 сағатқа дейін қы­с­қартты. Одан қалса, оқытушыларға шет­­елдік журналдарда мақала шығару ке­рек. Мұның бәрі ақша. Ал шетелдік ғылыми журналға мақала шығару университеттің рейтингісіне әсер етеді. Ғылыми жоба арқы­лы кәсіпорындармен серіктесетін оқыту­шылар бар. Мысалы, Техас универ­ситетінде ғалымдар оқу орнына инвестиция алып келеді. Ақшаның белгілі бір бөлігін ға­лымдар өздері алады. Осындай ғылыми жобалар арқылы университеттің әлеуеті кө­­теріледі. Осы тұста  2021-2022 оқу жы­лынан бастап ЖОО-да педагогикалық жүктеме 685-тен аспайды. Оған қоса, алда­ғы уақытта оқытушылардың алатын ақысы 200 ­мың теңгеден кем болмайды. Осы­лайша, оқытушыда ғылыммен айналысатын ынта болады. Егер ғылымның көзін тауып, оқу орына инвестиция әкеліп жатсаң, ең­бектің жерде қалмайтыны тағы бар. – Деректерге сүйенсек, РHD док­торан­тураға түскен 14 мың докторанттың тек 1 мыңы ғана ғылымға бет бұрған. Бұған бірден-бір себеп – Scopus-қа материал жариялау. Көбіне отандастарымыздың материалдары әлем­дік стандартқа сай емес деп жатады. Сон­да бұл елімізде докторантурада оқытудың са­пасы төмен екенін білдіре ме? – Докторантурада білім сапасы төмен деу шындыққа жанаспайды. Мәселе басқа, яғни «Даудың дасы Дайрабайдың көк сиы­ры» болып тұр. Диссертация қорғауға қойы­латын талаптардың қатаңдығынан. Қазір ғылыми атақ, ғылыми дәреже беруде жаңа концепция құрылып, нормативтік-құқықтық актілер қабылданғалы жатыр. Бұрынғыдай Scopus-та, сілтеме алынатын беделді журналдарға мақала жариялау са­нына  қатысты талаптар жеңілдейді. Мы­салы, жаратылыстану, математика бағы­тында оқитын докторанттар шетелдік ғы­лыми басылымдарға мақала беруі орынды. Ал тарих, қазақ тілі мен әдебиеті сияқты гу­ма­нитарлық бағытта оқитын докторант­тар не жазады? Жазған күннің өзінде оны бе­делді басылымдар қабылдай ма? Осыдан келіп олар жыртқыш журналдардың жем­тігіне айналады. Ақша төлеп, мақаласын жариялатып, диссертация қорғауға асы­ғады. Қазір Scopus-қа мақаласы жария­лан­ған докторанттың сол материал төңірегінде диссертация қорғауына  мүмкіндік беріп жатыр. Әрине, жыртқыш журналға емес, беделі бар басылымда жариялау керек. Бұл – ғылыммен айналысатын жастың жолын ашу. Ал гуманитарлық мамандықта оқып жатқан докторанттарға балама ойластыру қажет. Меніңше, Ұлттық ғылым академиясында 47 мемлекетке тарайтын журнал шығады. Айдаладағы Scopuc деп жүріп, алаяқтардың арбауына түсіп қалмай, академиядағы журналға мақаласын жариялай берсе. Мақаланы талапқа сай ағыл­шын тілінде жариялайды. Материал­дарды іріктеп алатын профессорлық құрам бекиді. Осылайша, докторантқа да, ака­демияға да оңтайлы болмақ. Елімізде ко­митет бекіткен журналдар тізімі бар. Министрлік сол журналдарды қаржы­лан­дыруды қолға алмақ. «Өзің диуанасың, кімге пір боласың?» дегендей,   басын қай тау­ға соғарын білмей жүрген докторантқа бұл үлкен көмек болмақ. Елімізде мынадай тәжірибе іске асып жатыр. Қарағандыдағы Букетов атындағы университет ректоры «Болашақпен» бі­тірген 50 шақты докторанттың ішінен іріктеу өткізіп, 15-ін жұмысқа қабылдады. Оларға 1 млн теңгеден көтерме ақша беріп, тұрғылықты орынмен қамтыды. Арнайы жа­лақылары бекітілді. Профессорлармен тең жалақы алып жүр. Олар өз кезегінде шетелмен байланыс орнатып, универ­ситеттің білім деңгейін көтеріп, шетелдік басылымда мақала жариялаудың қыр-сырын үйретеді. Бұл оқу орнында білімді кадрлардың көбейіп, профессорлық құрамның іріктелетінін көрсетеді. Яғни, бәсекеге қабілетсіз оқытушылар өзі-ақ орнын босататын болады. Меніңше, мұндай тәжірибе университеттің, оның ішінде докторантураның деңгейін көтереді. Осындайда «болашақтықтардың» по­тенциалын толық пайдалану керек. Өйткені белгілі бір міндеттерді айқындағанда ғана ғылымның экономика дамуына қосқан үлесін арттырамыз. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Айзат АЙДАРҚЫЗЫ