1997 жылы еліміз аумағында бірнеше облыс пен бірқатар аудан тарқатылып, іргесіндегі аймақтарға қосылғанда бұған дейін де осындай оңтайландыруды бастан өткерген талдықорғандықтар тосырқап қалғаны рас. Арада төрт жыл өткенде басқаларға қосылған сол бес облыстың ішінде Талдықорғанның жолы оңғарылды. Облыстың орталығы Алматы қаласынан Талдықорғанға ауысты. Мемлекет басшысының «Алматы облысының әкімшілік орталығын Талдықорған қаласына көшіру» туралы №585 Жарлығы шыққаннан кейін көш басталды. Алматыдан Талдықорғанға аттанған алғашқы керуенді абыз ақсақал Бәйкен Әшімов бастаған алқалы топ батасын беріп, шығарып салғаны әлі есімде.
Бәріміз толқулымыз. Соңғы жылдары Талдықорғанның тозыңқырап кеткенін, елден естіп, көзбен көріп жүрміз. Түрлі ой мазалап келгенде Талдықорғанның кіреберісіне жиналған тұрғындардың қуанышын, қолдарындағы «Талдықорған», «Көш байсалды болсын!», «Гүлдене бер, Алматы облысы!» деген жазулары бар жалаушалар мен транспаранттарды көргенде, көңілімізге сенім ұялады. Көпшіліктің жақсы жаңалыққа жаны жадырағаны, тәуелсіз елдің болашағына, Жетісу өңірінің, соның ішінде Талдықорғанның ертеңіне деген сенімдері арайлы жүздерінен айқын аңғарылды. Арнасынан ақтарылған ақжарма, ізгі тілектер іргелі іске білек түре келген бізге қуат берді. Ол кезде Алматы облысы әкімінің орынбасарымын. «Елбасы тапсырды, Талдықорғанды көтеру керек, ол үшін құрылыс саласына жетекшілік ететін білікті маман қажет» деген соң, ендігі тірлігімді осы өңірмен байланыстыруға белді бекем буғанмын. Осылайша, Талдықорған 2001 жылдың 14 сәуірінде екі аймақты біріктірген, іріленген Алматы облысының әкімшілік орталығы мәртебесін иеленді. Жерұйық мекен үшін үлкен өзгерістерге жол ашқанын уақыт дәлелдеді. Биыл, міне ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Талдықорғанның облыс орталығы болғанына 20 жыл толды. Қазақстан әлем мойындаған, мәртебелі де мерейлі мемлекет болып қалыптасса, Жетісу өңірі де өркендеп, оның орталығы Талдықорған да түлеп, жерұйық мекеннің жауһар қаласына айналды. Шыны керек, алғашқы жылдары қиын болды. Бірнеше жыл ішінде қаланың жағдайы нашарлап кетіпті. Басқаны айтпағанда, кәдімгі жарықтың өзі жиі өшеді. Электр қуатының тұрақсыздығынан тұрғын үйлері мен бір кезде тірлігі қайнаған өндіріс орындары қаңырап қалған қаланың кейпі тым жүдеу еді. Жаңадан тағайындалған облыс әкімі Шалбай Құлмаханов өзінің мықты құрылысшы екенін дәлелдеді. Бар күшті облыс орталығын қайта қалпына келтіруге, бұрынғысынан да жақсартуға жұмылдырды. Ол кезде Талдықорған қаласын Сәкен Жылқайдаров басқарды. Марқұм іске тыңғылықты, шешімге ширақ азамат еді... Қалада құрылыс күні-түні толастамады. Уақытпен санаспадық, түн ортасында құрылыс басшыларымен жиналыс өткізетінбіз. Алдымен облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуын үйлестіретін мекемелерге ғимараттарды дайындау, қызметкерлерге тұрғын жай әзірленді. Жылдар бойы қордаланған мәселелерді шешуге кірістік. Нәтижесінде, жарық, жылу сияқты мәселелер реттелді. Біртіндеп қаланың келбеті кіре бастады. Атқарылған жұмыстардың бәрі дәл бүгінгідей көз алдымда. Қиын болса да, қызықты кезең еді, қимастықпен еске аламын. Облыстық мекемелер, жұмысқа келген мамандар орналасып, кадрлар тұрақтанды. Тірлік жанданды, кезінде үй-жайын тастап кеткен тұрғындар орала бастады. Құрылысшылардың жанкешті еңбегінің арқасында жарты жылға жетер-жетпес мерзімде қала реттеліп, тиісті мекемелер Талдықорған қаласына қоныс аударды. Содан бері Талдықорғанды Жетісудың бас қаласына айналдыру жұмыстары толастаған емес. Алматы облысында қазір халықтың саны 2 миллионнан асса, 2001 жылы халқының саны 100 мыңдай болған Талдықорғанда бүгінде 200 мыңға жуық адам тұрады. Қаланың аумағы 4 есе кеңейді, тұтастай жаңа тұрғын аудандар салынды. Талдықорғанның бас жоспары екі мәрте жасалды. Алғашқысы облыс орталығы болған кезде қолға алынса, кейінірек қала қанатын кеңге жайған кезде жаңа жоспар түзілді. Осы жоспарларға сәйкес 2000 жылдың бірінші онжылдығында «Қаратал», «Көктал», «Шығыс» шағынаудандары толысып, солтүстік-батыс тұрғын ауданы пайда болды. Соңғы 5 жылда 6, 7, 8-шағынаудандар, коттедж тұрғызылды. Бүгінде қаланың оңтүстік-батыс ауданы ел ішінде «Жаңа Талдықорған» деп аталады. Жалпы, Алматы облысында өткен жылы 2 395 отбасы баспаналы болды. Биылғы тұрғын үй межесі – 1 млн шаршы метр. Ойға алғандар орындалса, жаңа баспанаға 3 731 отбасы қол жеткізеді. Соның ішінде Талдықорғанда үйлі болатындардың үлесі басым. Қазір Талдықорғанда «Қайнар», «Темірбетон», «Метакон», «JLC сүт» сияқты 20-ға жуық ірі және орта кәсіпорын бар. «Қайнар» аккумулятор зауыты кейінгі жылдары бір кездегі даңқын қайтара бастады. Зауытта заманауи желілер іске қосылып, тауарларын экспортқа шығара бастады. Облыста 6 индустриалды аймақ және бірнеше өндірістік алаң құрдық. Соның бірі – қала сыртында аумағы 595,0 гектар жерде орналастырылған «Талдықорған» индустриалды аймағы. Онда бірнеше зауыт іске қосылды. 2001 жылы Талдықорған қаласындағы өнеркәсіпте өндірілген өнімнің көлемі 17,6 млрд теңге болса, былтыр бұл көрсеткіш 88,3 млрд теңгені құрады. Жетістік көзге көрініп тұр. 2000 жылдарда тұтас облыстың бюджеті 25 млрд теңгенің шамасында болса, бүгінде ол 754 млрд теңгеге жетті. Бұл деректер жай ғана сандар емес, өсудің, өркендеудің, ел экономикасының ондаған жылдар ішінде қаншалықты дамығанын көрсетеді. Қазір қаланың жылыту қазандықтары көгілдір отынға ауыстырыла бастады. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Алматы мен Талдықорғанның арасын жалғайтын тақтайдай жол салынды. Талдықорған – Өскемен бағытындағы республикалық жолды қайта құрылымдау қарқынды жүріп жатыр. Соңғы 20 жыл ішінде облыс орталығында 8 жаңа мектеп, 26 медициналық нысан салынған. Қалада мектепке дейінгі біліммен қамту 95,1%-ға жетті. Жастарға қызмет көрсету орталығы, «Жастар» спорт сарайы, Балалар өнер мектебі, Оқушылар сарайы салынды. Былтыр 768 орынды үш жатақхана пайдалануға берілді. «Достық үйі», «Тіл сарайы», «Журналистер үйі», «Көрме кешені», «Драма театры», «Салтанат сарайы», «Рухани жаңғыру орталығы» сияқты ғимараттар халықтың игілігіне қызмет етіп келеді. Жаңа құрылыстармен қатар, бұрыннан бар ғимараттар да жаңартылды. Жетісудың жеті өзенін бейнелейтін субұрқақтар орталық алаңға әр беріп тұр. Қалада 30-дан астам саябақ, саяжол, гүлзар жасалды. «Жастар» мәдениет және демалыс саябағындағы арнайы тұғырға биіктігі 92 метр болатын Қазақстанның мемлекеттік Туы орнатылған. Қаланы жанап ағатын Қаратал өзенінің 1,5 шақырымға созылып жатқан жағалауы абаттандырылды. Онда балалар ойын алаңы, үлкендер серуендеп, демалатын орын, велосипед жолы – бәрі қарастырылды. Әсем демалыс орнына айналды. Жуырда Олимпиадалық стандартпен салынған алып ғимарат – жабық жүзу бассейнінің құрылысы аяқталады. Талдықорған тұралап қалғанда елдің төзімділік танытуына, бірлігін сақтап, қиындықты қайыспай көтеріп шығуына жігер берген де, қаланың жаңғыруының жаңа кезеңінде қоғамдық-саяси, мәдени-рухани өміріне белсене қатысып, көпті ортақ іске жұмылдыруға атсалысқан аузы дуалы, көкірегі қазына Егеубек Далбағаев, Бәтима Сақауова, Зылиха Тамшыбаева, Аманғазы Шегіров, Наурыз Қылышбаев, Оралбек Жақиянов, Күләш Шәмшидинова және басқа да ардақты азаматтардың есімдерін құрметпен атаймыз. Абзал аға-апаларымыздың елжандылығы, өңірге сіңірген еңбегі жас буын үшін тәлім алар тағылымды жолға ұласты. Ең күрделі кезеңде қаланы аяғынан нық тұрғызуға құрылысшы ретінде Шалбай Құлмаханов көп еңбек сіңірді. Кейін Серік Үмбетов, Аңсар Мұсаханов осы бағыттағы істі жалғастырып, өз үлестерін қосты. Сонымен қатар қаланы ұзақ жыл басқарған марқұм Сәкен Жылқайдаровтың да еңбегі ерекше. Қалада қаншама құрыш қолды құрылысшылар, архитекторлар, жол және коммуналдық шаруашылық салаларының білгірлері қолтаңбасын қалдырды. Тимур Сүлейменов, Сайран Фазылов, Ақмырза Рүстембеков, Аманжол Шормақов, Сейдахмет Шүрегеев, Анатолий Рябинин, Виктор Ивкин, Манарбек Ахымбеков, Валерий Ким, Малдыбай Қалиев және басқа да ортақ іске үлкен үлес қосқан азаматтардың есімі мен еңбегі болашақта қала тарихымен бірге талай мәрте аталады деп ойлаймын. Шырайлы шаһардың даму белестері әлі алда. Талдықорғанды нәрлендіретін де, әрлендіретін де – оның тұрғындары. Аймақ қай кезде де азаматтарымен еңселі, адамдарымен беделді. Сондықтан талдықорғандықтар тынымсыз еңбегімен, табысты тіршілігімен, береке-бірлігімен ел тәуелсіздігіне, қаланың қарыштап дамуына өз үлестерін қоса бермек.Амандық БАТАЛОВ, Алматы облысының әкімі