Еліміз тәуелсіздіктің 30 жылында әлемдік экономикадағы 3 ірі дағдарысты бастан өткерді. Бір қызығы, 1998 және 2008 жылы болған, яғни 10 жыл сайынғы дағдарысты әлемнің экономист сарапшылары енді 2018 жылы қайталанады деп болжаған болатын. Алайда бұл жолы 2 жылға «кешігіп», 2020 жылы коронавирус пандемиясымен тұспа-тұс келді. 30 жылда «бұғанасы бекіп, қабырғасы қатып», еңселі елге айналып алған Қазақстан билігі үшін соңғы дағдарысты еңсеру аса қиынға соққан жоқ. Ал алғашқы екеуі қалай өтіп еді? Толығырақ тоқталайық...
1998 жыл
1997 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елдің алдағы даму белестерін айқындайтын «Қазақстан-2030» даму Стратегиясын бекітті. Стратегияны жүзеге асыру үшін кезең-кезеңге межеленген бірқатар басымдық айқындалды. Алайда 1998 жылы бой көрсеткен Оңтүстік-Шығыс Азия дағдарысы – еліміздің тәуелсіздік тарихындағы күрделі кезең болды. Ол дағдарыс тек дамыған емес, жаңа қалыптасып келе жатқан нарықтарға да ауыр соққы болып тиді. Соның ішінде Қазақстанның да жалпы ішкі өнімінде жағымсыз рөл атқарды. Осы тұста елордамызды Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы бастама талқыланып жатқан-ды. Кейін тәуелсіздіктің символына айналған жаңа Астана Қазақстан өңірлері үшін экономиканы дамытудың көшбасшысы болып шыға келді. Онымен шектелмей, саяси, әлеуметтік, қаржылық мәселелердің халықаралық алаңына да айналғанына куә болдық. Ал аталған қиындықтар мен кемшіліктерді жою үшін 1999 жылдан бастап Үкімет елдің өнеркәсібін жандандыруда бірсыпыра шараларды іске асырды. Жеңіл өнеркәсіпті дамыту бағдарламасы жасалып, химия өнеркәсібі мен машина жасау саласын дамыту бағдарламасы тиянақталды. Нәтижесінде, 1999 жылы мұнай-газ өндіру, металлургия, химия, полиграфия және тоқыма-тігін өнеркәсіптерінде өнімнің өсуіне қол жеткізілді. Жыл соңында жалпы өнім өндіру 1 пайызға, ал өндіріс көлемін арттыру 1,8 пайызға өсті. Елдің алтын қоры 2 миллиард долларға жетті.2008 жыл
Кеңес Одағының ыдырауынан, Оңтүстік-Шығыс Азия дағдарысынан кейінгі тәуелсіз Қазақстан басындағы ең үлкен күйзеліс – АҚШ ипотекалық нарығынан бастау алып, әлемдік деңгейде алапат толқын тудырған 2008 жылғы жаһандық қаржы дағдарысы. Құрылыс индустриясын қарқынды дамыта бастаған біздің ел үшін ол оңай болған жоқ. Құрылыс саласынан кейін банктік-қаржылық жүйе де біраз әлсіреп қалды. Әрине, ел экономикасына төнген жаһандық қауіпті еңсерудегі 10 жыл бұрынғы тәжірибе ескеріліп, ол жолы да тұңғиық толқынына төтеп бере алдық. Дереу қаржылық-экономикалық жүйені құлдыратпау, экономика секторларын қолдау бағытында Үкіметтің тұрақтандыру жоспары бекітілді. Ал 2010 жылы дағдарыс салқынын еңсеруді одан сайын түгесіп, даму сатысына өту мақсатында Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Экономикалық даму және сауда министрлігінің дерегіне сүйенсек, ең дағдарысты болып саналатын 2008-2009 жылдардың өзінде ЖІӨ-нің төмендеуін емес, өсімін қамтамасыз етіппіз. Атап айтқанда, ЖІӨ 2008 жылы 3,2 пайызға артса, әлемдік күйзелістің шарықтау шегі саналатын 2009 жылы 1,2 пайыздық өсімді көрсетті. Сөйтіп, 2010 жылы ЖІӨ 7 пайызға өсіп, сол сәтте ғана дағдарыстан кейінгі экономиканың қалпына келу белгісі көрінді. Өнеркәсіптік өндіріс 10,5 пайызға жоғарылап, жұмыссыздықты жою мақсатында 100-ге жуық жаңа кәсіпорын ашылды. Әрине, ол кезде жоғарыдағы жетістіктердің бәрі бірден қалпына келе қоймағаны анық. Мамандардың есебінше, 2009 жылы 10 компания бағалы қағаздар жөніндегі міндеттемелерін орындамаған, 642 кәсіпорын жұмысын тоқтатқан, ресми жұмыссыздық 7 пайызға жеткен. Республика бойынша өндіріс көлемі де төмендеген. Өйткені АҚШ-тан басталған қаржылық жетіспеушілікті көлемі жағынан 30-жылдардағы ұлы депрессиямен салыстыруға болады екен. Тіпті, 2009 жылы әлемдік ЖІӨ Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі теріс динамиканы көрсеткен. Жұмыссыздықтың өсуі 199 миллион адамды құрап, еңбек нарығының тарихында рекордтық санға айналыпты. Міне, ондайда «жаңбырдың астынан құрғақ шығу» мүмкін емес еді. Ел билігі ұстанған сындарлы саясат пен халықтың сарқылмас сабырының арқасында ішкі нарықты реттеп, экономиканың сыртқы салдарын да салқынқандылықпен қабылдай білдік.2020 жыл
2018 жылдың өзінде-ақ АҚШ пен Ресей арасындағы ақпараттық соғыс қаржы тақырыбына ойысты. Ол кезде 1998 және 2008 жылғы дағдарыстың салдары Орталық Азия елдері мен Ресейдің арқасына қатты батқанын әлі ешкім ұмыта қоймаған болатын. Сондағы дағдарыстың толқынын біреулер шексіздікті, енді біреулер сәтсіздікті білдіреді дейтін 8 санымен байланыстырып (1998, 2008, 2018), болмай қоймайтын эволюциялық құбылысқа теңеп үлгерді. Экономистердің өзі бұқараны «әр 10 немесе 20 жыл сайын дағдарыстың қайталанып отыруы – заңды құбылыс» екеніне сендіруге тырысты. Сөйтіп жүргенде, жаңа әлемдік дағдарысқа 2020 жылы коронавирус пандемиясы мен мұнайдың күрт арзандауы әкеп соқты. Ал Қазақстан Үкіметі коронавирусқа байланысты енгізілген төтенше жағдай кезінде экономиканың құлдырауына жол бермеу үшін бірден дағдарысқа қарсы шаралар дайындауға кірісіп кетті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев дағдарысқа қарсы жоспар дайындау үшін жедел штаб құрылғанын мәлімдеді. Ол жиында экономикалық жағдайды жақсарту үшін біраз қадамның жүзеге асырылатыны айтылды. Жіктеп жеткізсек, «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламалары бойынша бизнеске 1 триллион теңгеге дейін несие беру; ірі сауда нысандары, кинотеатр, театр, көрмелер мен спорт нысандарын заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге арналған мүлік салығынан бір жылға босату; заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерді бір тоқсанға өсімнен босатып, 3-тоқсан үшін салық есебінің уақытын өзгерту; бизнеске жылына 6 пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген несие беру; «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» бағдарламасы аясында құны 300 миллиард теңге болатын инфрақұрылым, әлеуметтік нысандар мен жергілікті маңызға ие жолдарды жөндеу жұмыстарына Қазақстан азаматтарын тарту мәселелері қарастырылды. Сондай-ақ төтенше жағдай кезінде несие бойынша төлемдерді кешіктірген жағдайда халықты айыппұл мен өсімнен босату және 200 мың жаңа жұмыс орнын құру жағы жеделдетілді. Мамандардың айтуынша, 2020 жылғы дағдарысқа әлем бойынша жеке және мемлекеттік сектордағы қарыз жүктемесінің 246 триллион долларға өсуі себеп болған. Яғни, қазір қарызға бату дегеніңіз барлық өнім мен қызмет құнын көрсететін әлемдік ЖІӨ-ден де асып кеткен. Түйін:Осылайша, Қазақстан тәуелсіздік жылдары ішінде жаһандық ауқымдағы қатерлі 3 дағдарыстың толқынына төтеп беріп, жаңа дәуірге қадам басты. Мұндай жетістікке жету, ең алдымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси ерік-жігерінің, қазақ халқының өршіл мақсатқа ұмтылысын көрсететін мінезінің арқасында жүзеге асқаны аян. Бұл туралы 2010 жылы Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиында Елбасының өзі: «ХХІ ғасыр Қазақстан үшін жаңа қауіп-қатерлерді өзімен бірге ала келді. Оның ішінде ең ірісі әлемдік дағдарыс болды. Осы жағдайда санаулы елдер ғана бұл сынды еңсере алды. Оның қатарында біздің Қазақстан да бар. Тәуелсіздік – бәрінен бұрын елдің экономикалық тәуелсіздігі», – деді.
Оған дәлел ретінде әлемдегі ең күшті мемлекет – АҚШ-тың Қазақстанға нарықтық экономикасы бар ел мәртебесін беру туралы шешімін атап өткен жөн. Бұл – АҚШ басшылығының, сондағы іскер топтар мен сарапшылардың қазақстандық реформалардың жетістіктерін мойындауы. Бұл ретте Қазақстанның ТМД елдері арасында осы мәртебені бірінші болып алуы кездейсоқтық емес деп білеміз.
Еркеғали БЕЙСЕН