192 жоба мақұлданды
192 жоба мақұлданды
188
оқылды

Алматы облысында 2020 жылдан бастап «Қарапайым заттар эко­номикасы» салаларын дамыту шеңберінде басым жобаларды же­ңіл­дікпен несиелеу» бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 57,1 млрд теңгеге 192 жоба мақұлданды. Соның арқасында агроөнеркәсіптік кешен, тамақ өнеркәсібі, туризм және қызмет көрсету, жеңіл өнер­кәсіп пен ағаш өңдеу, өнеркәсіп, электр энергетикасы және тағы да басқа бүгінде қызметтері үлкен сұ­ранысқа ие салалардағы жобалар жеңілдікпен берілетін несиеге қол жеткізді.

Жобаларды іске асыруға мониторинг жүргізу және сүйемелдеу мақсатында «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының жанынан жобалық кеңсе құрылып, оның жұмысына Алматы облысының Кәсіп­керлік және индустриялық-инно­вациялық даму басқармасының, «Даму» КДҚ филиалының, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалының және екінші деңгейдегі банктердің өкілдері тартылды. «Жалпы, бағдарлама бойынша біз құны 86,2 млрд теңге болатын 265 жобадан тұратын жобалар тізілімін әзірледік. Бағдарламаның операторлары қатарында  екінші деңгейлі банктер мен «Аграрлық несие корпорациясы» бар.  Қазір банктер мен Аграрлық несие корпорациясы тарапынан жалпы сомасы 57,1 млрд теңгеге 192 жоба мақұлданды. Кәсіпкерлік субъектілері қолдарына тиген қаражатты өндіріс орнын кеңей­туге, мал мен техниканы сатып алуға, көктемгі егіс жұмыстарына жұмсауда. Жақында  тағы 21 жоба қарастырылып, шешімі шығарылады және 38 жоба бойынша құжаттар жиналып, бизнес-жоспарлар жасалып жатыр», – деп атап өтті Алматы облысы кәсіпкерлер палатасы­ның директоры Әсет Шаях­метов. Жеңілдікпен берілетін несиеге қол жеткізгендердің бірі – Талдықорған қаласындағы «Жұмағали» шаруа қожа­лығы дәнді (күріштен басқа), бұршақ және майлы дақылдарды өсіруге 75 млн теңге алды. Талғар ауданында кеңселік және студиялық жиһаз өндіретін «P.T.Z.» ЖШС зауыты 500 млн теңгеге қаржы­ландырылып, өндірісін кеңейту мен өнімдер түрін молайтуға тырысуда.  Еңбек­шіқазақ ауданындағы «Альтаир» өндірістік кооперативіне құрастырмалы темірбетон және бетон конструкциялар мен бұйымдар өндірісін іске қосу үшін 135 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие беріліпті. Кеген ауданында «Тасбұлақ» ЖШС 8,8 млн теңгеге жылқы сатып алып, мал фермасын ашты. «Қарапайым заттар экономикасы» салаларын дамыту аясында басым жобаларға жеңілдікпен несие беру бағдарламасы елімізде 2019 жылы іске қосылып, содан бергі жылдары жүздеген кәсіпкер жаңа кәсіп көзін тауып, бұрыннан бизнес жүргізіп келгендер өндірісін кеңейту мүмкіндігіне ие болды.

Болат АБАҒАН, Алматы облысы