Соңғы жылдары облыс экономикасының қарқын ала бастағаны барлық саладан айқын сезіледі. Өткен жылы Сыр өңірінде құрылыс ерекше қарқын алды. Жүзге жуық әлеуметтік нысанның құрылысы басталып, олардың басым бөлігі өңір тұрғындарының игілігіне берілді.
Сыр еліндегі серпінді істер биыл да жалғасын тауып отыр. Өңірдегі бірқатар құрылыс, әлеуметтік нысандар мен кәсіпорындарды аралап көрген Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова қала әкімі мен бірқатар мекеме басшысына нақты тапсырма жүктеді. Алдымен сол жағалау бойында жаңадан салынып жатқан 14 арендалық тұрғын үйдің құрылысын бақылап көрді. Өңір басшысы пандемия кезеңіне қарамастан тұрғын үйлерді салу тоқтамайтынын айтып, қала әкімі мен мердігер компания басшысына құрылыс жұмыстарын сапалы орындау және уақытылы аяқтау қажет екенін ескертті. Сондай-ақ облыс әкімі «КазАгроМир» жылыжай кешені мен ет өнімдерін шығаратын «Танкаман» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. 2,2 гектар жерді алып жатқан жылыжай жылына 1 000 тонна қияр және қызанақ өндіреді. Ал «Танкаман» шаруа қожалығы жылқы өсіріп, оны бордақылаумен айналысады. Қосымша қымыз да өндіреді. Мұнда 15 азамат жұмыс істейді. Бұдан соң жалпы ауданы 41,1 мың шаршы метрді құрайтын СПМК-70 тұрғын ауданында болды. Жаңадан салынып жатқан 14 кредиттік тұрғын үйдің құрылысымен танысты. Жалпы саны 630 пәтерді құрайтын үйлерді салуға 8 млрд 245,7 млн теңге бөлінген. Құрылыс басында Гүлшара Әбдіқалықова қала әкімі Ғанибек Қазантаевқа тұрғын үй құрылысына қажетті түрлі заттың сапасына аса мән беруді және уақытылы аяқтауды міндеттеді. Одан кейін Қызылорда қаласындағы «Хуа Ю Интернационал» химиялық реагенттер шығаратын зауытты және құрылысқа қажетті өнімдер ұсынып отырған «ВЕГА-ПРОМ», шұжық дайындайтын ЖК «Қалымбетова», ет өнімдерін шығаратын «Аруана-Агролидер» цехтарына және Dalatex тігін фабрикасына барды. Айта кету керек, «Хуа Ю Интернационал» химиялық реагенттер шығаратын зауыт жылына 1 000 тонна өнім өндірсе, шұжық шығару цехында 12 азамат тәулігіне 5 тонна шұжық дайындай алады. Ал «ВЕГА-ПРОМ» цехы тәулігіне 50 тонна құрылыс заттарын халыққа ұсынады. – Цех 2014 жылы құрылды. Құрылысқа қажетті желім ұнтақтары дайындалады. Облыстың 80 пайызын қамтып отырсақ, бұған қосымша Орал, Түркістан қалаларына біздің өнімдер жеткізілуде. Жалпы, қазір 8 түрлі желім дайындасақ, алда осы цехтың ауқымын кеңейту басты жоспарда тұр, –дейді «ВЕГА-ПРОМ» цехының басшысы Әбдіхалық Ділманов. Сондай-ақ құны 50 млн теңгелік «Аруана-Агролидер» цехы тәулігіне 800 тонна консервіленген ет өнімдерін әзірлейді. Ал Dalatex тігін фабрикасында 23 тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. Кездесуде облыс әкімі шағын бизнес иелеріне жұмысты одан әрі жандандырып, көлемін арттырумен қоса, шығарылған өнімді сапалы әрі стандартқа сай етіп өндіруді тапсырды. Бұл жұмыстардың іске асырылу барысын бақылауды орынбасары Нұрлан Тілешовке жүктеді. Нысандарды аралау барысында өңір басшысы «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» аясында Ғ.Мұратбаев көшесіндегі стадион аумағын абаттандыру және «Қызылорда су жүйесі» мекемесіне жүргізілген жөндеу жұмысын да тексерді. Гүлшара Әбдіқалықова келесі бағытты бірнеше шағын өндіріс орындарына бұрды. Алдымен Талсуат ауылдық округіндегі «Сыр маржаны» ет комбинатының құрылыс жұмысымен танысты. Комбинат ауысымына 5 тонна ет өнімдерін өндіруге қауқарлы. Өндіріс орны 250 бас ірі қара малы мен 1 000 бас ұсақ мал союға мүмкіндігі бар. Шағын комбинаттағы өнімдердің 70 пайызы ішкі нарыққа, 30 пайызы экспортқа жөнелтіледі. Бүгінде ет комбинатының құрылысы 30%-ға аяқталған. Қажетті жабдықтар толық алынып болғаннан кейін нысан 2021 жылдың желтоқсан айында пайдалануға беріледі. Бұдан кейін облыс әкімі Ә.Қашаубаев көшесінің бойында орналасқан шыны зауытына барды. Өндіріс жылына 197 100 тонна табақша шыны шығара алады. Мұнда табақ шыны, энергия үнемдейтін шыны, айна мен ламинатталған шыны өндіреді. Қазір құрылыс алаңында жабдықтау жұмыстарына 91 жұмысшы тартылған. Бүгінде зауыт құрылысы 78%-ға аяқталып отыр. Балқыту ваннасы мен күйдіру пешін монтаждау жұмыстары аяқталғаннан кейін зауыт толықтай іске қосылады. Айту керек, балқыту ваннасы және күйдіру пешін монтаждау үшін 4 ай уақыт және жылы режим жағдайы қажет. Шыны зауытындағы жұмыстарды саралаған облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова орынбасары Нұрлан Тілешовке жабдықтау жұмыстарын нәтижелі аяқтап, зауыт жұмысын мерзімінде аяқтауды тапсырды. Аймақ басшысы пандемия кезеңіне қарамастан тұрғын үйлерді салу тоқтамайтынын айтып, қала әкімі мен мердігер компания басшысына құрылыс жұмыстарын сапалы орындау және уақытылы аяқтау қажетін қаперге салды. Өткен жылдары денсаулық сақтау саласында аудандық орталық ауруханаларды салу мәселесі шешімін тапты. Бюджет қаражаты есебінен 12 жаңа спорт нысаны салынды. Сонымен қатар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 60 секцияға арналған спорттық-сауықтыру кешендерінің құрылысы бойынша 5 жоба жүзеге асырылды. Апатты жағдайдағы мектептерді жою бойынша жұмыс биыл да жалғасын таппақ. Сондай-ақ осы жылы Қызылорда облысында 48,5 млрд теңгеге 4 ірі индустриялық жоба қолға алынды. Бұл 500-ден астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік бермек.Нұрсұлтан ҚАЗБЕК, Қызылорда облысы