Қазақ тағамтану академиясының президенті, медицина ғылымдарының докторы Төрегелді Шарманов өмірінің мәні де, сәні де болған сүйікті жарын жиі-жиі есіне алады. Оның бүгінгі жазбасы кіршіксіз махабаттың, құрметтің қандай болуы керек екенін көрсеткендей....
«1950 жылдың күз мезгілі болатын. Қала ортасындағы жалғыз кітап киоскісінде кезекте тұр едім, алдымдағы ұзын қос бұрымын арқасына жіберген қыз маған жалт қарады.Бір ғана осы сәт менің өмірім мен тағдырымды түгелдей игеріп алған еді. Үйленгенге дейінгі 6 жылды тек қол ұстасып, қыз бен жігіт арасын жалғаған алтын арқау сезімнің құшағында өткіздік. Сол кездегі кино мен концерт залдарын, би алаңдарын, студенттік талай жиындарды өзіміздің меншігімізге айналдырып алған болатынбыз. Жатақхана алдындағы кішкентай бақшадағы орындықта арқамызды бір-бірімізге сүйеп, биік қиялдар мен тәтті сезімдер құшағында үнсіз талай таңды бірге атқызған кездеріміз – бәрі-бәрі екеуміздің бақытымыздың ғажап көріністері еді. Өміріміздің мәні жүрегімізге ұялаған сүйіспеншілік өзара терең түсіністікпен нығайып, сеніммен дамып, жарасымды шынайы сыйластықпен жалғасып, биік дәрежеге көтерілген еді».Ай мен күндей, өте нәзік, сұлу қыздың нұр шашқан жанары найзағайдың отындай менің жүрегімді жарып өтті. Бұл менің Күлзиям болатын.