Нотариаттық қызметке жаңа талаптар енгізіледі

Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутаттар нотариаттық қызмет және ма­шина жасауды дамыту мәселелері туралы заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдады.

Салық кодексіне енгізі­­летін түзетулер екі оқылымда, сайлау­ды жетілдіру және атқарушылық өндірісті жетілдіру мәселелері бойынша заңдар екінші оқылым­да қабылданды. Сонымен қатар Мәжіліс әскери қызмет­шілердің құқықтық жағдайын жетілдіру, қорға­ныс және әскери қызмет мәселелері туралы заңды қабылдады.

Мәжіліс депутаттары баста­машы болған «Қазақстан Респуб­ликасының Салық кодексіне өз­герістер енгізу туралы» заң екі оқылымда қабылданды. Мәжіліс депутаты, бастама авторларының бірі Ерлан Стамбеков атап өт­кен­дей, өзгерістер жаңа Конституция мен «Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы» Конституциялық заң нормаларын іске асыруға бағытталған.

Депутаттың деректері бо­йын­ша, заң жобасында құқықтық рет­теудің мәнін өзгертпей, жекелеген нормалардың редакциясын тех­никалық тұрғыдан нақтылау және біріздендіру қарастырылған. Атап айтқанда, «шетелдік» терминін «шетелдік азамат» ұғымымен ал­мастыру, «тенге» сөзін «теңге» нұс­қасына келтіру, сондай-ақ аумақ атауларын көрсету тәртібін астанаға басымдық бере отырып реттеу ұсынылады.

– Салық заңнамасындағы институционалдық атауларды жаңа конституциялық модельге сәйкестендіру қарастырылған. Осыған байланысты «Парламент» атауы «Құрылтай» атауымен ауыс­тырылып, сондай-ақ жаңа «Қазақ­стан Халық Кеңесі» институты енгізіледі, – деді Ерлан Стамбеков.

Бұған қоса, конституциялық заңнан осындай норманың алы­нып тасталуына байланысты аза­мат­тардың Конституциялық Сот­қа жүгінуі кезіндегі мемлекеттік баж салығы жойылады.

Жалпы алғанда, ұсынылып отыр­ған түзетулер құқықтық-тех­никалық сипатқа ие және заң­на­маны жаңа институционалдық жү­йеге сәйкестендіруге бағыттал­ған. Олар салық жүктемесін де, са­лық салу тетіктерін де өзгертпейді. 

Жалпы отырыс барысында но­тариат саласындағы мемлекеттік бақылау жүйесін жетілдіруге ба­ғытталған нотариаттық қызмет мә­селелері бойынша депутаттық өзгерістер мен толықтырулар жо­басы бірінші оқылымда ма­құл­данды. Заң жобасының норма­ла­рын Мәжіліс депутаты, құжат авторларының бірі Нұрсұлтан Байтілесов таныстырды.

– Қолданыстағы модель нота­риаттың жария-құқықтық табиға­тын толық ескермейді және әділет органдарының құқықбұзушы­лықтарға жедел ден қою мүмкін­діктерін шектейді. Нәтижесінде бақылаудың тиімділігі төмендеп, азаматтардың шағымдары бойын­ша жедел әрекет етуді қиындатады. Осы мәселені шешу үшін мемле­кет­тік бақылау тәртібін тікелей «Нотариат туралы» заң шеңберінде бекіту ұсынылады, – деп түсіндірді депутат.

Бұған қоса, заң жобасында ат­қа­рушылық жазбаны тек борыш­кер­­­дің тіркелген жері бойынша жасау нормасын бекіту ұсынылды. Ал бо­рышкердің тұратын аймағы сәй­кес келмесе автоматты түрде бұ­ғаттау тетігін енгізуді көздейді. Со­нымен қатар борышкерге атқа­ру­шы­лық жазбаның көшірмесін «электрондық үкімет» порталы және SMS арқылы жеткізу фактісін тіркей отырып жолдау міндеті қарастырылады.

Заң жобасын қарау депутат Дмитрий Колоданың жетекші­лі­гімен жұмыс тобының отырыста­рында жалғасады.

Мәжіліс депутаттары бастама­шы болған машина жасау мәселе­лері жөніндегі түзетулер де бірінші оқылымнан өтті. Құжатты әріптес­теріне Мәжіліс депутаты, бастама авторларының бірі Айтуар Қош­мам­бетов таныстырды. Оның ай­туынша, заң жобасында қолданыс­тағы заңнамаға нақты өзгерістер енгізу қарастырылған, бұл ретте өңдеуші өнеркәсіп саласының басқа да мәселелері қамтылады.

– Түзетулерде арнайы эконо­ми­калық аймақтардың тиімділігін арттырудың жаңа тәсілдері көз­дел­ген. Атап айтқанда, орта және жо­ғары қайта өңдеу деңгейіндегі тауарлар өндірісінің басым қызмет түрлерін белгілеу, АЭА қатысушы­ларының шарттық міндеттемелерін орындауын бақылауды күшейту, сондай-ақ АЭА әлеуетті қатысушы­лары үшін қайталанатын өндіріс­терді, сұранысқа ие емес өнім өн­діруді болдырмайтын критерийлер енгізу ұсынылады, – деді депутат.

Заң жобасының басқа да нор­маларымен елішілік құндылықты дамыту және өндірісті оқшаулау деңгейін тереңдету жөніндегі мін­деттемелерді енгізу, түсті және қара метал сынықтары мен қалдық­та­рын жинау, сақтау, қайта өңдеу және өткізу жөніндегі қызметті рет­теу және басқа да мәселелер реттеледі.

Түзетулерді екінші оқылымға дайындау үшін құжат жұмыс то­бында Мәжіліс депутаты Мұқаш Ескендіровтің жетекшілігімен одан әрі талқыланады.

Сондай-ақ Мәжіліс депутат­тары бастамашы болған әскери қыз­метшілердің құқықтық жағ­дайын жетілдіру, қорғаныс және әскери қызмет мәселелері туралы заңды қабылдады. Түзетулер Мем­лекет басшысының әскери қыз­метшілерді қолдау шараларын кү­шейтуге бағытталған тапсыр­мала­рын іске асыру мақсатымен әзірленді.

– Біріншіден, казармалық жағдайда орналасқан немесе ка­рантиндік іс-шараларға тартылған әскери қызметшілерді мемлекет есебінен толыққанды тамақ­тан­дыру ұсынылады. Екіншіден, тө­тенше жағдайларды жою, терро­ризмге қарсы операцияларды жүр­гізу, сондай-ақ төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету міндет­терін орындауға тартылатын Қа­рулы Күштер мен Шекара қыз­метінің әскери қызметшілеріне үш еселенген мөлшерде ақшалай тө­лем қарастырылған, – деді Мәжіліс депутаты, бастама авторларының бірі Олжас Құспеков.

Конституциялық Соттың қау­лысын іске асыру мақсатымен заң­мен қылмыстық-процестік заң­на­­маға сәйкес лауазымынан уа­қытша шеттетілген әскери қыз­метшіні ең төменгі жалақы мөл­шерімен қам­тамасыз ету қарасты­рылады. 25 жыл және одан көп еңбек сіңірген әскери қызметші­лерге өз қалауы бойынша жұмыс­тан босау мүмкін­дігін беру де қамтылған.

Түзетулер аясында Қорғаныс министрлігінің халықаралық ұйым­­­­дар мен шет мемлекеттердің әскери ынтымақтастық органда­рындағы өкілдіктерінің қызметі регламент­теліп, жоғары әскери ла­уазымдарға ұсыну үшін канди­даттардың цифр­лық рейтингі енгізіледі.

Қосымша баяндама жасаған Мәжіліс депутаты, жұмыс тобы­ның жетекшісі Болат Керімбек құ­жат­­­­пен жұмыс барысында депу­таттар еліміздің Қарулы Күште­рінің Арна­йы операциялар күште­ріне арнаулы мақсаттағы бөлімше мәртебесін беру, сондай-ақ Қорға­ныс ми­нистр­лігіне олардың жедел мақ­саттары мен міндеттерін ай­қын­дау өкілеттігін бекітуге  бағыт­талған тү­зетулер енгізгенін хабар­лады.

Жалпы отырыста «Кейбір заң­намалық актілерге сайлауды же­тілдіру мәселелері бойынша өзге­рістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң екінші оқылымда ілеспе түзетулерімен қабылданды. Мәжіліс депутаты, жұмыс тобы­ның жетекшісі Үнзила Шапақ атап өткендей, құжаттың негізгі мақса­ты – сайлау жүйесін жетілдіру, сайлау процесінің ашықтығы мен тиімділігін арттыру.

Негізгі заңда мәслихат депута­ты бірмандатты аумақтық сайлау округі бойынша кері қайтарып алынған жағдайда оның өкілеттігін мерзі­мінен бұрын тоқтату тәртібі нақ­­тыланып, Бас прокурорға Инвес­ти­циялық омбудсмен өкі­леттігі бе­­рі­леді (аймақтарда ондай міндет об­лыс­тық прокурорларға жүктеледі).

Түзетулердің жеке блогы Конс­титуциялық реформамен байла­нысты. Онда Парламенттің бір палаталы құрылымға – Құрылтай моделіне көшуіне байланысты заң­намалық нормаларды сәйкес­тендіру, жаңа конституциялық институттарды құқықтық тұрғыдан бекіту қамтылған.

Сондай-ақ екінші оқылымда атқарушылық іс жүргізуді жетіл­діру мәселелері жөніндегі депу­таттық заң қабылданды. Мәжіліс депутаты, жұмыс тобының жетек­шісі Дмитрий Колоданың дерегі бойынша, енді өндіріп алушы шек­теу қоюға жол бермеу мақсаты­мен алиментті аудару үшін сот орын­даушысына арнайы шот ұсы­нуға тиіс. Платформалық жұмыс­пен қамтитын интернет-платфор­малардың немесе мобильді қо­сым­шалардың операторлары сот орындаушысының сұрауы бо­йын­ша борышкердің табысы туралы мәліметті беруге міндеттеледі.

Бұдан бөлек, Мәжілістің сала­лық комитеттері бірқатар жаңа құ­жатты жұмысқа қабылдады. Олар­дың қатарында Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның 2025 жылғы республикалық бюд­жеттің атқарылуы туралы есептері, екі ілеспе түзетулері бар «Қазақстан Республикасының жаңа Консти­туциясын қабылдауға байланысты рақымшылық жасау туралы» заң жобасы, Жер кодексіне ауыл ша­руа­шылығы жерлерінің ұтымды пай­даланылуына бақылауды кү­шейту мәселелері бойынша енгізі­летін түзетулер және Түркі мемле­кеттері ұйымына мүше мемле­кет­тердің үкіметтері арасындағы цифр­­лық экономика саласындағы әріптестік туралы келісімді рати­фи­кациялау туралы заң жобасы бар.

Жалпы отырыстың қоры­тын­дысы бойынша депутаттар мем­лекеттік органдарға өзекті әлеу­меттік және экономикалық та­қы­­рыптар бойынша 17 депу­тат­тық сауал жолдады.