Көлік салығы елді неге ашындырды?
Көлік салығы елді неге ашындырды?
251
оқылды

«Көлік деген – сән-салтанат!» деген сөз бар. Алайда салықшылар қаласа, оны жыл сайынғы тау­қыметке, азап пен тозаққа айналдырып жібере алады. Бүгінде көптеген адам өзіне жалған са­лық есептелгенін, оған жасанды түрде өсімпұл жазылғанын айтып, шағымдануда. Тіпті, көлігі жоқ, қаражаяу тұрғындар көлік салығын төлеу туралы қатаң ескерту алған. Егер төлемесе, ісі ЖСО-ға беріледі, банктегі салымдары мен карталары жаппай бұғатталады, жаза тартады.

Салық берешегі қадам бастырмайды

Қаржы министрлігінің салыққа жауапты құрылымы – Мемлекеттік кірістер комитеті биылғы 1 сәуірге дейін көлік салығын төлеп үлгермеген қазақстандықтарға «онысы тым ұлғайып кетпей тұрғанда» төлеп тастауға үндеуде. Себебі 2 сәуірден бастап төленбеген әр күн үшін әлгі салық сомасына өсімпұл есептеліп жатыр. Бұған дейін «темір тұлпары» үшін мемлекетке алым-салығын төлеу қажеттілігі туралы ескерту-хабарламалар e-Salyq Azamat ұялы қосымшасын пайдаланушыларға жолданыпты. «Хабарлама жолдау процесі цифрландырылды. 2020 жыл үшін көлік салығын төлеу мерзімі 2021 жылғы 1 сәуірде аяқталды. Сондықтан осы мерзім ішін­де төлеп үлгермегендердің бәріне күн сайын өсім­пұл есептелуде», – деп түсіндірді Ақтау қала­сының Мемлекеттік кірістер басқармасының бөлім басшысы Азамат Сағидуллаев. Ол осы салықты да e-Salyq Azamat қосымшасы немесе банктердің ұялы қосымшасы арқылы төлеп тастауға болатынын жеткізді. Осы қосымша арқылы жеке тұлғалар өз атына тіркелген автокөліктер бойынша мәлімет ала алады. Сондай-ақ ол жерде артық төленген төлемдерді қайтару бойынша өтінім беруіне болады. «Салық төлемін есептеу кезінде Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полициясы коми­тетінің деректерін пайдаланамыз. Көлік салығы азаматқа соған иелік еткен нақты мерзім үшін есептелуі тиіс. Мысалы, жарты жыл иесі болса, жарты жылға төлейді. Егер көлігін сатып жіберсе, нақты иеленген мерзім үшін салық сол көлікті есептен шығарғанға дейін төленуі керек», – деді маман. Ол көлігі үшін дер кезінде салық тө­лемеген қазақстандықтарға қандай жаза қолданы­­латынын айтып берді. Біріншіден, өсімпұл есептеледі. Екіншіден, хабарлама жіберіл­геннен кейін 30 күн ішінде төленбесе және борыш сомасы 1 АЕК-тен асса, онда Мем­­­лекеттік кірістер басқармасы оның ісін сот орындаушысына береді. Өз кезегінде ЖСО борышкердің банк есепшоттары мен карта­­ларын бұғаттайды. Мүлкі бойынша кез келген операция жасауына тыйым салады. Қарызды өндіру жолын қарастырады. Әлеуметтік жәр­­демақы, зейнетақы, жала­қысынан ұстайды. Үшіншіден, борышкердің елден сыртқа саяхаттап, сапарлап шығуына шектеу қойы­лады. Яғни, қарызын «сөндіргенше», шетелге аяқ баса алмайды. Төртіншіден, бо­рышкер банкте жаңа есепшот, депозит аша алмайды. Жалпы, бүгінде заң бойынша жеке тұлғалар салықшылардан хабарлама келуін күтпей, жыл сайын өз меншігіндегі авто­көлікке өз бетінше салық есептеп, төлеуге міндетті. Осы мақсатта Мемкірістер коми­тетінің ресми сайтында (https://kgd.gov.kz/ru/calc/transports) есептегіш-калькулятор орналастырылған. Соның графаларын тол­тырып, машинаңыздың салығын өз бетіңіз­ше есептеуге мүмкіндігіңіз бар. «Жеке тұлғалар көлік салығынан қандай жағдайда босатылады деген сұрақ қойылуда. Қазақстанда Ұлы Отан соғысының арда­­­герлері және оған теңестірілген адамдар, І, ІІ, ІІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар, «Ал­тын алқа», «Күміс алқа» иелері 1 авто­мобилі үшін көлік салығынан босатылады», – деді Азамат Сағидуллаев.

Заңсыз салық заржақ етеді

Сөз жүзінде бәрі жақсы, өмірде жағдай басқаша. Мысалы, көпбалалы ана Айым Рысбек екі жыл бұрын осы мәртебесін растайтын куәлігіне қол жеткізіпті. «Салық кодексіне сәйкес, көпбалалы аналар 1 көлігінің салығын төлеуден босаты­лады делінген. Менің атымда Hyundai Accent көлігі тіркелген. Биылғы наурыз айының соңында сол көлікке салық төлеу қажет де­ген хабарлама келді. Бұл көлікті салық жүйесінен салық салынатын нысан ретінде қалай алып тастауға болатынын білмеймін. Автоматты түрде жойылатын шығар деп жүрсем», – дейді ол. Алматылық Марина Фуфаеваның басына түскен жағдай одан да күрделі: оған Іле ауда­нының Мемкірістер басқармасы 33 мың теңгеге жуық көлік салығын есептепті. Оның сыртында Түрксіб ауданының Мемкірістер басқармасы 16 мың теңгеден аса салық жазған. Себебі 2007 жылға дейін ол Іле ауданында тұрған, кейін қаланың Түрксіб ауданына көшкен. Тұрғылықты жерінің өзгеруіне байланысты Іле ауданында тіркеуден шы­ғыпты. Сол кезде болған «үй кітапшасына» тиісті белгі соғылған. Алайда бір қалада отырған Салық басқармалары бір-бірімен ақпаратты лайықты деңгейде алмаспайтынға ұқсайды. «Қызық пен шыжық» мұнымен бітпейді: салық есептеліп отырған көлікті – Nissan R`nessa универсалын М.Фуфаева 2009 жылы сатып жіберген! Өз бетінше ізденген ол бұрынғы көлігі 2009 жылғы 11 желтоқсанда Алматы қаласының басқа тұрғыны атына есепке қойылғанын анықтаған. Кейінгі 5 жыл бойы оның иесі көлік салығын адал төлеп келе жатқан көрінеді. Бірақ ондай тексеру салық органы ма­мандарының қолынан келмей ме, кім білсін, енді Түрксіб басқармасы Маринаға салық берешегінің 18,4 мыңнан асқанын хабарлаған. Содан ол аталған көліктің Алматыда тіркел­гені көрсетілген барлық анықтаманы және көліктің техпаспортын бірнеше рет ұсынып, дәлелдеуге тырысады. Салық органына қай­та-қайта барып жүруге оның уақыты да жоқ. Ал салық­шылар заңсыз, әділетсіз ма­залауын қояр емес. Яғни, негізсіз есептелген салықтан құ­тылу үшін өз бетіңше зерттеу жүргізіп, Шерлок Холмсқа айналып кетсеңіз де, келтірген бар дәйектемеңіз бюрократиялық жарға соғылып, парша-парша болады. Данияр А. автокөлікті сату кезінде көлік салығын да бірден төлеп тастау керек екенін халыққа ешкім айтпайтынына өкініш білдіреді. «ІІМ-нің, мемкірістер органдарының жүйелері мен базалары өзара үйлеспейді, бір-бірімен нашар кіріккен. Көлігімді өткізіп едім, жарты жылдан кейін 2018 жылға салық берешегім бар екені туралы әлдебір хабарлама келді. Мен оны көлігімді есептен шығару кезінде төлеп тастауым керек екен. Оны айтқан ешкім жоқ. Мамандандырылған ХҚКО-дағылар да білмейді. Сондықтан 2 жылғы салығын төлеуіме тура келді. Бұған қоса, жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеуге мәжбүр болдым. Себебі Мем­кірістер комитетінен сұрауыма жауап күтіп жүргенде оның қызметкерлері ісімді ЖСО-ға бере қойыпты. Жақында көлік салығы бойынша борышымның бары туралы тағы да хабарлама келді. Бұл бір мазақ па деймін. Оны да ЖСО талауына тастап үлгеріпті. Салық бойынша қарыздар не себепті біраз уақыт өткеннен кейін бірінен соң бірі, кезек-кезек шыға беретінін түсінбеймін», – дейді Данияр. Ал Аслан Е. көлігінің салығын былтырғы желтоқсанда төлеп тастаған көрінеді. Алайда биылғы сәуірде базада оның берешегі бар екені туралы тосын ақпарат белгілі болып, шетелге шыға алмай қалған. Ол өзін жазықсыз жазалаған салықшыларға ашулы. Деректер базалары мен ақпараттық жүйе­лердегі былық үшін шенеуніктер мен жауапты тұлғалар жазаланбаса, жағдай түзелмеуі мүмкін. Бұлай бара берсе, билік халықты жоқ жерден ашындырып алуы ықтимал.  

Елдос СЕНБАЙ