Арселор: бақ па, сор ма?
Арселор: бақ па, сор ма?
280
оқылды

Кеңес дәуірінен қалған жабдық­тарды жаңаға айырбастауға қара­жатын «қимай» отырған «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-да жыл басынан бері бірнеше апат болды. «Қи­май» отыр дейтініміз, бұл алып кә­сіпорынға қарайтын шахта мен кәсіпорындардағы техника мен арнайы жабдықтардың 70 пайызы ескіріп, тозған...

Апаттан көз ашпаған «АрселорМиттал Теміртаудың» таза табысы 2019 жылы 79,5 миллиард теңге болған. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда үш есе көп. Компанияның былтырғы табысы әзірге жарияланған жоқ. Осы цифрға қарап отырып-ақ өз қамын ғана ойлаған компания қожайыны Лак­шми­да «қалтам қамписа болды, қалғанында нем бар?» деген ой бар ма, дерсің! Жақында «компанияға 1 миллиард теңге айып салынды,  енді олар жабыла ма?» деп дабыраладық. Бұл сома олардың біржылдық табысының бірнеше пайызы ғана екеніне бас қатырмадық.

Жыл басынан бері төрт апат

23 қаңтарда «АрселорМиттал Теміртау» АҚ еншілес компаниясы «Құрылысмет» ЖШС-нің соғу-престеу цехында апат болды. №11 жылыту пешінің үстіне жалпы аумағы 72 шаршы метр болатын екі аражабын тақтасы құлағаны анықталды. Апат салдарынан №11 жылу пешінің қосалқы платформасы мен инженерлік құрылымдарына зақым келген. Апат демалыс күні болғандықтан, зардап шеккендер болған жоқ. Кейін «Саран» шахтасындағы технологиялық кешеннің екі ғимаратының тасымалдаушы таспасы мен ішкі ағаш қаптамасы толық жанып кетті. Қызыл жалынның қатты болғаны сонша, тіпті ұзындығы 27 метр болатын екі ғимарат құлап кеткен. Бұдан басқа, соңғы айларда «АрселорМиттал Теміртаудың» үш кәсіпорнында бірнеше рет өрт пен жойқын апат болды. Соның салдарынан екі кенші көз жұмған еді. Жақында жыл басында болған «Ленин» шахтасындағы жарылыс­тың тексеру нәтижесі шықты. Бұл туралы Қарағанды облысы Өнеркәсіптік қауіпсіз­дік департаменті басшысының орынбасары Кеңгірбай Есенеев: – Тексеру аяқталды. Бұл факті бойынша «Арселор Миттал Теміртау» компаниясы­ның басшылығы кінәлі деп танылды. Олар кеншілерге өндірістік бақылауды қамта­масыз етпеген. Қазір істі Полиция де­партаменті мен прокуратураға жібердік. Өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментін­дегі­лер «Арселор Миттал Теміртау» шахталарындағы өндірістік жабдықтардың 70%-ы ескі екенін анықтады, – дейді. Оның айтуынша, кен орындарында қолданылып жүрген құрал-жабдықтар кеңес заманынан пайдаланып келеді. Ең сорақысы, бірде-бір мемлекеттік органның өндіріске сараптама жасауға құзыреті жоқ екен. «Тәуелсіз сарапшылар «Ар­селорМитталдың» қалауымен сараптама жасайды», – дейді департаменттегілер. АрселорМиттал Теміртау

Қақаған қыста тұрғындар жылусыз қалды

Сарыарқаның сарышұнақ аязын елдің бәрі біледі. Әсіресе, ақпанда қыс қаһарына мінеді. Бұл уақытта боран да ұйтқып, мазаны алады. Ал жұмысынан үйіне асыққандар, ыстық пәтеріне емес, апат кесірінен жылусыз қалған пәтеріне бас сұқса, суық «айықтырғышқа» түскендей әсер алар еді. Дәл осындай жағдай Теміртауда болды. Яғни, тұрғындар аязда жылусыз қалды. Мұның себебі сұралғанда, қаланы жылумен қамтамасыз ететін ЖЭО-2 жөндеу жүргізілуде деп ақталды. Оның өзінде «АрселорМиттал Теміртаудың» басшылығы емес, Теміртау қаласының әкімі Қайрат Бегімов тұрғындар алдында кешірім сұрады. Сол уақытта қала әкімі теміртаулықтарға әлеуметтік желілерде «АрселорМиттал Теміртау» ЖЭО-2 қазан­дық жабдығындағы жөндеу жұмыстарына байланысты қалаға жылумен жабдықтау төмендетілген параметрлермен беріледі. Жөндеу бригадалары күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Қалыптасқан жағдай үшін қала тұрғындарынан кешірім сұраймын» деп жазды. Сонымен қатар қала әкімі тұтынушыларға жылу үшін қайта есептелуі жүргізілетініне сендірді. Қала жылусыз қалғанда  ауа температурасы -25 градусқа дейін төмендеп кетіп, желдің жылдамдығы секундына 18 метрге жеткен еді. Шырылдап әкім кешірім сұрап жүргенде, бұл жағдайға жеткізген «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның басшылығы жақ ашпады. Оларға бұл жолы да ешкім үндей алмады...

Талапқа «пысқырып» та қарамайды

Өздеріңіз көріп, оқып отырғандай, «АрселорМиттал Теміртаудың» жабдық­тарының 70 пайызы ескірген, өз жұмысын атқарып болған, шіріген, «ажалы» жеткен. Үнді магнаты басқарып отырған «Арсе­лорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамына Үкімет бірнеше рет талап қойды. Жөнсіз емес, әрине. Өйткені жылдағы бо­лып жатқан апаттардан адам өлімі болып, экологияға зор нұқсан келуде. Кезекті бір апатты жағдайдан кейін «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының Қазақстанда жұмыс істеу лицензиясы тартып алынуы мүмкін деген сыбыс та шықты. Себебі еліміздегі ең ірі металл комбинаты Үкімет қойған талапқа мән бермей, ауаға көп мөлшерде зиянды қалдық таратуын доғарар емес. Мысалы, тексеру барысында Қарағанды облысы бойынша Экология департаментінің тексеру комиссиясы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ кәсіпорны бөлетін газдарды ұстау және тазарту жүйесін пайдалану қағидалары бұзылғанын анықтады. Тексеру барысында бұл бұзушылық технологиялық жабдықтың қанағаттанғысыз жай-күйінен туындағаны дәлелденді. Осыған байланысты №2 конвертер мамыр айына дейін күрделі жөндеуге тоқтатылды. «Зауытты мұқият тексеру зауыттың сегіз цехы бойынша жүргізілгенін атап өткен жөн. Әртүрлі нормативтің бұзылуы мен асып кетуі олардың жетеуінде: бу айдау, №2 табақша металды илемдеу, агломерациялық, кокстық, сондай-ақ әк күйдіру цехтарында, оттегі-конвертерлік және көмір дайындау цехтарында анықталды. Жоғарыда аталған барлық факті мен экологиялық талаптардың тиісінше орындалмауы Экологиялық кодекстің 69-бабы 3-тармағының бұзы­луына әкеп соқты, онда «Табиғатты пайда­ланушылар қоршаған ортаға эмиссияға рұқсатта көрсетілген шарттарды орындауға міндетті және оларды сақтамағаны үшін Қазақстан заңдарына сәйкес жауапты болады» делінген тексеріс нәтижесінде. Қорытындысында «Арсе­лорМиттал Теміртау» кәсіпорнына айып­пұл салынды. Бұдан басқа, кәсіпорынға сомасы шамамен 1 млрд теңгеден асатын залалды өтеу туралы нұсқама жіберілді. Естеріңізге сала кетейік, кәсіпорынның вице-президенті Виджай Гоял алдағы төрт жылда шығарындылар көлемін кем дегенде 30 пайызға азайтуға, оларды автомат­тандыруды қамтамасыз етуге және үш жыл ішінде Теміртау қаласында 500 мың ағаш отырғызуға уәде берген болатын. Түйін:

Бұл жазылған мақалада «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның ескіні жаңартпай, оның арты апатты жағдайға апарғаны туралы аз-кем ғана тоқталдық. Алдағы уақытта Үкімет­тің талабына, халықтың мұңына атүсті қараған заңбұзушылығы жетерлік, «не бақ, не сор» екені белгісіз алып компанияға тағы да ат басын бұрамыз...

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы