Елімізде коронавирус індетіне қарсы вакцинация жүріп жатқаны белгілі. Ерікті түрде екпе салуға жуырда Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты ЖД-158/5 мекемесінде жазасын өтеушілер де үн қосып, «Спутник-V» вакцинасын салдырды.
Сотталғандарға екпе екпес бұрын медицина қызметкерлері олардың дене қызуы мен қан қысымын тексерген. Сондай-ақ вакцинация алдында психолог пен иммунолог мамандар да жұмыс жүргізген.
- Вакцинация алған алғашқы сотталушыларда еш кері әсері байқалмауда. Олар өздерін жақсы сезінеді. Жазасын өтеушілер індеттен сақтанудың жалғыз жолы – вакцинация екенін түсініп отыр. Сондықтан олардың ерікті таңдауларын қолдап, екпе егу жұмыстарын ұйымдастырдық, – дейді ЖД-158/5 мекемесі бастығының орынбасары А.Танашева.