«Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек өткен жылдың желтоқсан айында Көкшетауға ресми сапары барысында өткізген қоғамдық қабылдауында Аршалы ауданында мәдениет үйін салу мәселесі көтерілген болатын.
Ескі ғимаратта орналасқан мәдениет қызметкерлері атынан дыбыс режиссері Қасымхан Нұрахмет сөз алып, мәдениет қызметкерлеріне қолдау көрсетуді сұраған еді.
Аршалы аудандық мәдениет үйі 1960 жылдары салынған бұрынғы кинотеатрдың ғимаратында орналасқан. Ғимарат 20 жыл бұрын жөндеуден өтіп, Мәдениет үйінің балансына берілген. 200 орындық концерт залы бар. Алайда 8 мыңнан астам халқы бар аудан орталығы үшін бұл өте тар екен. Елорда іргесінде орналасқан ауданда халық саны күннен-күнге өсуде. Аршалы ауылына қоныс аударушылар да көп. Бала туу саны жағынан да аудан алдыңғы орында екенін ескерсек, әлеуметтік нысандар қажет екені айтпаса да түсінікті.
Мерекелік ірі шаралар үшін қолайсыз ғимаратта әдіскерлер, музыканттар, би, концерттік костюмдерді сақтауға арналған бөлмелер жоқтың қасы. Облыстық, республикалық көлемде өнер көрсетіп, байқауларда бас жүлде иеленіп жүрген өнер майталмандары жағдайларының жасалмай, ескі ғимаратты паналауы көңілге қаяу түсіретінін жеткізген Аршалы мәдениет үйінің дыбыс режиссері Қасымхан Нұрахмет партия басшылығынан көмек сұрады. Партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек мән-жайды саралай келе, жергілікті атқару органдарына мәселені оң шешуін қарастырып, жаңа мәдениет үйінің құрылысын өз бақылауына алды.
Аудандық мәдениет үйін салу үшін арнайы жер телімі қарастырылып, жобалық-сметалық құжаттарын дайындау үшін аудандық бюджеттен 12,5 миллион теңге шамасында қаражат бөлінген.
Қазір жер учаскесінің мақсатты пайдалану құқығын өзгерту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жер учаскесінің акт негізінде электр желілерін тартуға және архитектуралық-жоспарлау тапсырмасын жасауға техникалық шарттар алуға өтінім жіберіледі. Жобалаушы ұйым топографиялық және геологиялық суреттер бойынша дайындық жұмыстарын бастап кетті.Аршалы ауданының халқы су жаңа мәдениет үйінің игілігін көретін күн де алыс емес.
Жалпы, «Nur Otan» партиясының Ақмола облысы бойынша сайлауалды бағдарламасын орындаудың Жол картасында алдағы бесжылдықта Аршалы және Атбасар аудандарындағы 2 мәдениет үйінің құрылысы, облыс бойынша 13 ауылдық мәдениет ошағы мен 3 мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған. Жаңа мәдениет үйлерінде кітапхана, оқу залы, мәжіліс залы және хореографиялық бөлмелер, кең концерт залдары жоспарланған. Өнер адамдарына мәдениет пен руханияттың дамуы үшін барлық жағдай жасалмақ. Сондай-ақ тарихи және көрнекті жерлерге танымдық-өлкетану экспедицияларын өткізу, облыстың қасиетті орындарын абаттандыру бойынша жұмыстар да ұмыт қалмайды.