Шымкент қаласы вирус жұқтырушылардың күрт көбеюіне байланысты 15 сәуірден бастап «қызыл аймақта».
22 сәуір күнгі мәлімет бойынша, бір тәулікте КВИ-дің 112 жағдайы тіркелген. Оның 74-інде белгісі бар болса, 38 адам вирустың белгісі жоқ түрімен ауырған. 26 науқас инфекциялық стационарға жатқызылып, 86 адам үй бақылауына алынған. Жалпы, инфекциялық стационарда 474 науқас емделіп жатыр. Сонымен қатар қалада вакцина салдырушылар саны артып, бір тәулікте 2 000-ға жуық адам вакцина алды. Осы уақытқа дейін үшінші мегаполисте 73 118 адам вакцинацияланған.Шенеунік өзін аспандағы айға теңей ме?
Үшінші мегаполис қауіпті «қызық аймақта» болған соң қаланың бас санитар дәрігерінің күшейтілген шектеу шаралары бар қаулысы шықты. 19 сәуір күнгі шыққан №9 қаулының алдыңғы қаулыларға қарағанда едәуір өзгерістері бар. Олардың ішінде қалыпты режимде жұмыс істеп тұрған азық-түлік дүкендері мен супермаркеттердің жұмысы кешкі сағат 22.00-ге дейін шектелді. Жексенбі күні жұмысын тоқтатып, жұмыс күндері кешкі сағат 23.00-ге дейін тұрғындарға қызмет көрсетіп жүрген СПА-орталықтары мен сұлулық салондарының жұмыс уақыты бір сағатқа шегеріліп, тағы бір күні қысқартылды. Сонымен қатар азық-түлік, мал, автокөлік сияқты ашық базарлар сенбі, жексенбі күні жұмысын тоқтатты. Мұның алдында мекемелер мен ұйым қызметкерлерінің 50 пайызы қашықтан жұмыс істесе, соңғы қаулы бойынша қашықтан жұмыс істеу 80 пайызға ұлғайтылды. Сауда желілері мен сауда үйлері де сенбі, жексенбі күні жұмыс істемейді. Мәдениет нысандарына қызмет көрсетуге тыйым салынды. Облысаралық, қалааралық автокөлік тасымалы да тоқтатылды. Бір жылдан бері карантин жағдайындағы шектеу шаралары өмір салтымызға үйреншікті болып бара жатқаны жасырын емес. Дегенмен осынау шектеулер кәсіпкерлерге орасан зиянын тигізіп отырғаны тағы рас. Әрине, «сақтықта қорлық жоқ», кәсіпкерлер талай табыстан қағылса да бұған мойынсұнуға тура келеді. Бірақ шымкенттік шағын және орта бизнес өкілдері осы жолы шыдамның да шегі бар десе керек, қаулы шыққан күннің ертесіне әкімдіктің алдына наразылыққа шықты. Негізінен, мұнда фасфуд тағамдары мен балмұздақ сататын 70-тен астам кәсіпкер жиналған. Соңғы шыққан қаулыда сыртқа тамақ шығарып сататындар мен базарға, моншаларға бірдей шектеу қойылған. Кешкі сағат 22.00-ден кейін қызмет көрсетуге тыйым салынған. «Осында жиналған кәсіпкерлердің барлығы адамдарға сыртта тамақ сатады. Тамақ өнімдерін сатқанымен, онда адам отырмайды. Келіп алып кетеді және жеткізіп беру қызметі жолға қойылған. Сонда да бізге шектеу қойып тастады. Тұрғындар кешке қарай сауда-саттық жасайды. Біз мұны кәсібімізді өлтірумен айналысып жатыр деп сезінеміз», – дейді жиналғандардың бірі. Қолдарына «Төлебаев жастарға орын бер», «Төлебаев жұмыстан кет» деген плакат ұстап алған олар, «Әйтенов шық» деп қала әкімінің шығуын талап етіп ұрандатты. Наразы топ Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов пен қаланың бас санитары Әбдіманап Төлебаевтың сыртқа шығуын талап еткенімен, шенеуніктер келе қойған жоқ. Шағын кәсіп иелерінің сөзінен әбден ашынғандық байқалады. Мәселен, Арман есімді кәсіпкер жігіт Төлебаевқа өкпе-ренішін жасырмады. «Қаланың бас санитары Төлебаев өзін аспандағы аймен бірдей санайды. Ал мен үшін ол қазақтың қарапайым азаматы. Ол халықпен санаспайды, кабинетінен шықпай, ойына келген шешімді шығарып, отыра береді. Сөйлесіп, ымыраға да келмейді. Біз кеше осы мәселе бойынша сөйлеспек болғанбыз. Келмеді. Бүгінде кәсіпкерлердің алдын орап отырған жалғыз жан –осы, біз оның орнын босатуын талап етеміз», – деді ол. Сонымен бірге олар еш нәрседен де тайсалмайтынын ашық білдірді.Шектеусіз жұмыс істеуі керек болған
Аз уақыттан соң Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасының басшысы Нұрлан Қабыштаев наразы топқа келіп, оларды әкімдік жанындағы «Көрме» орталығына алып кірді. Қабыштаев журналистерге берген сұхбатында қаладағы барлық кәсіпкердің кез келген мәселесіне бейжай қарамайтынын, сондықтан алдымен палатаға келіп мәселені айтуы қажет екенін жеткізді. «Еліміздегі пандемия жағдайындағы талаптар бойынша шығып жатқан қаулылар ведомствоаралық комиссияның шешімімен бекітіледі. Кез келген шектеулер алгоритмде көрсетілген. «Қызыл аймаққа» кірген кезде белгілі алгоритм болады. Ол «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен келісіледі. Мұнда жиналған қоғамдық тамақтану орындары иелерінің талаптары орынсыз дей алмаймыз. Республикалық алгоритм бойынша мұндай кәсіпкерлік субъектілері шектеусіз жұмыс істеуі керек болатын. Мәселен, жуырда кешкі сағат 20.00-ге дейін уақыты шектелген қоғамдық тамақтану орындары басшыларының өтініші бойынша олардың жұмысын кешкі сағат 22.00-ге дейін ұзартып беруге қол жеткіздік. Сондықтан мұндағы жиналған кәсіпкерлер де бізге келгенде конструктивті келісімге келуге болар еді. Енді біз бас санитардан «қызыл аймаққа» кірсе де, жеткізіп беру жұмыстарын шектеусіз жүргізіп жатқан Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларындағы алгоритмнің неге бізде орындалмағанын сұрайтын боламыз», – деді Нұрлан Орынбасарұлы. Ал кәсіпкерлер палатасының өкілдері «Көрме» орталығында кәсіп иелеріне осы бағыттағы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бір қызығы, арада көп уақыт өтпей-ақ қаулының өзгеретіні туралы хабарланды. Енді аталған кәсіпкерлік нысандар тәулік бойы жұмыс істейтін болды. Осылайша, кеше Шымкентте түзету енгізілген №11 қаулы жарияланды. Мұның алдындағы қаулыда тек жеткізуге және әкетуге жұмыс істейтін қоғамдық тамақтану объектілерінің жұмысы таңғы сағат 08.00-ден кешкі сағат 22.00-ге дейін шектелген болса, енді фудкорттардың қалыпты режимде жұмыс істеуіне рұқсат етілген. Осы жағдайдан соң біз «кәсіпкер наразылыққа шықса, қаулыны өзгерте беру қаншалықты заңды?» деген сұрақпен Шымкент қаласының Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне хабарласқан болатынбыз. Департаменттің Тағам гигиенасы бөлімінің басшысы Айгүл Мелесқызы мұндай қаулы бір адамның шешімімен шығарылмайтынын, ведомствоаралық комиссияның келісімімен шығатынын жеткізді. «Шымкентте соңғы кездері вирус жұқтыру дерегі күрт өсіп кетті. Сондықтан біз шектеу шараларын күшейткен болатынбыз. Енді соңғы қаулыны кәсіпкерлердің наразылығынан соң өзгерттік. Бүгінде өзгертілген қаулы біз сияқты «қызыл аймақта» тұрған Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағыдай болды» деп жауап берді. Ал Шымкент қаласының бас санитар дәрігері Ә.Төлебаев наразы топтың әрекетіне қынжылысын білдіріп, қызметтен кететіндей саяси қызметкер емеспін деп жауап берді. Осылайша, шымкенттік кәсіпкерлер жарты сағатта мәселесін шешіп алды. Бізді таңғалдырғаны кәсіпкерлер айтқандай, бас санитар дәрігерінің кабинетінен шықпай-ақ тез арада маңызды құжатты өзгертіп тастағаны болды. Маңызды құжатты түзер тұста ескерілмеген осынау мәселе қалайша жарты сағатта шешіліп кетті. Шектеусіз жұмыс істеуі тиіс болса да, кәсіпкерлік нысандарына неге қысым көрсетілді? Әлде, шенеунік өз жұмысына салғырт қарады ма?Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы