Осыдан отыз жылдан астам уақыт бұрын, 1990 жылдың 24 сәуірінде Қазақстанда «Президент лауазымын енгізу туралы» заң қабылданған болатын. Сөйтіп, ҚазКСР Жоғарғы кеңесі Нұрсұлтан Назарбаевты ел Президенті етіп сайлады. Кейін 1991 жылдың 1 желтоқсанында жалпыхалықтық сайлау нәтижесінде Н.Назарбаев ел басқару өкілеттілігіне көпшіліктің қалауы негізінде ие болды. Содан бері Қазақстан президенттік ел басқару формасының игілігін көріп келеді.
Бүгінде әлем бойынша президенттік басқару формасына негізделген саяси жүйе құрған 50-ге жуық мемлекет бар. Сонымен бірге президенттік, парламенттік басқару тәсілін құп көретіндер де аз емес. Академик Сұлтан Сартаев президенттік билік идеясы жүзден астам мемлекетте түрлі формада жүзеге асырылғанын жазған еді. Сөйтіп, замана сынынан өтіп, жетіле түскен осынау басқару жүйесі Қазақстанның негізгі басқару формасына айналды. Оның да түрлі себебі болып еді. Дегенмен сонау 1990 жылы Президент лауазымын енгізу арқылы Қазақстан тәуелсіздік алуға нақты қадам жасаған болатын. Өйткені тәуелсіз елде ғана президент болады.Дәстүрлі танымнан алыстамаған жүйе
Негізі, посткеңестік елдердің басым бөлігінде, соның ішінде Орталық Азия елдерінде президенттік басқару формасы кеңінен тарады. Басқарудың бұл жүйесін таңдауға жүздеген жылдарға кететін аймақтық саяси мәдениетте қалыптасқан дәстүр мен КСРО кезіндегі билік үлгісінің әсері мол болған тәрізді. Қазақ халқы да өз тарихында биліктің қабілет-қарымы жоғары, білікті ханға немесе қолбасшыға сеніп тапсырған кезде табысқа жетіп отырды. Қасым хан, Хақназар, Тәуке, Абылай ханның мысалы соған дәлел. Сондықтан тәуелсіздік алған кезде Қазақстан үшін президенттік басқару формасын таңдау қалыпты құбылыс болатын. Халық мұндай басқару формасын жатырқаған да жоқ. Әрі президенттік басқару формасы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дағдарыстан шығаруға да септігін тигізген болатын. Жалпы, Президенттің ерекше мәртебесі билік бөлінісінде айрықша орын алды. Сонымен қатар билік тармақтары арасындағы теңдіктің қалыптасуына да ықпал етті. Өйткені Президент мемлекеттік билік органдарының үйлесімі мен тізе қоса жұмыс істеуін қамтамасыз етуі тиіс еді. Осылайша, президенттік басқару формасы билік тармақтары арасындағы шиеленістерді азайтып, маңызды шешімдер қабылдауға кедергі жасайтын факторларды жойып отыруға мүмкіндік берді. Ал еуразиялық кеңістікте бірден парламенттік басқару формасын таңдаған мемлекеттер дамуы біршама тежелген сәттер де тіркелді. Мәселен, Моңғолия 1990-жылдары парламенттік басқару формасын қабылдады да, партиялардың ықпалы артып, Үкімет тек заң шығарушы органға есеп беретін деңгейде қалды. Нәтижесінде, мемлекетті дамытуға ықпал ететін дұрыс шешім қабылдау мүмкіндігі жойылды. Әлі күнге популистік шешімдер арқылы халықтың көңілін табуға тырысатын партиялар стратегиялық жоспар жасау, елді дамытуға қажет амалдарға баруға келгенде табысты бола қойған жоқ. Ал Ресейде 1993 жылы президент пен парламенттің арасындағы текетірес қару қолдануға дейін барған болатын. Әрине, мұның бәрі өтпелі кезеңде президенттік басқару формасынан қолайлы жүйе жоқ екеніне дәлел болады. Дегенмен мәселе формада емес, президент ретінде ел басқарған тұлғаның қарым-қабілетінде екені анық. Қазақстан бұл тұрғыдан алғанда «жолы болған» мемлекет.Тәуелсіздікті нығайтқан басқару формасы
Қазақстанға президенттік басқару жүйесінің пайдалы екені тәуелсіздік алмай тұрып-ақ белгілі болды. Саясаттанушы Айдос Сарым бір сұхбатында «Қазақ КСР Президенті қызметін тағайындау туралы» Қазақ КСР заңы жайлы айта келе «Бұл заңның қабылдануы – Қазақстанның тарихындағы үлкен белестің бірі. Себебі бұл кеңес дәуірінде қазақ елінің мемлекеттік тәуелсіздік жолына нық басқан қадамы» деген еді. Расында да, Президент лауазымы енгізілген соң елде күрделі өзгерістер болды. 1990 жылдың 25 қазанында егемендік туралы декларация қабылданды. Ал Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылдың 29 тамызында өз Жарлығымен Семей ядролық полигонын жапты. Еліміздің мұнай-газ кешені кәсіпорындарын орталықтың билігінен алып, Қазақстан меншігіне өткізді. Мемлекеттік қорғаныс комитетін құру, сыртқы саясатты тәуелсіз жүргізу қатарлы бірқатар шешімді Н.Назарбаев тәуелсіздік жарияланардан бұрын қабылдады. Кейін Аралды құтқару қорын құрды. Сөйтіп, ел тағдыры үшін шешуші саналатын мәселелерді сол кездегі Жоғарғы кеңестің талқылауына салған да жоқ. Жоғарғы кеңес демекші, дамушы елдің бірқатарына, соның ішінде еуразиялық кеңістіктегі елдерге парламенттегі партиялар мен жекелеген депутаттардың ымырасыздығы талай кедергі жасаған. Қазақстан тарихында да Жоғарғы кеңестің күрделі әлеуметтік-экономикалық дағдарыс кезінде елді тығырықтан шығаратын шешімдерді қабылдауға кедергі жасаған тұсы болды. Сондықтан 1995 жылы қабылданған Конституцияда президенттік басқару формасы күшейтілді. Ал 1990-1993 жылдары елде іс жүзіне парламенттік билік болды деуге болады. Президенттік басқару формасы қабылданғанымен, Жоғарғы кеңестің ықпалы зор еді. 1993-1995 жылдар президенттік басқару формасы толығымен қалыптаса бастады. Бұрынғыдай Президент Министрлер кабинетінің де рөлін атқаруды тоқтатып, Үкімет жасақталды. Президент Әкімшілігі қатарлы бірқатар құрылым пайда болды. Академик С.Сартаев осынау кезеңді Президенттің басқаруымен атқарушы билік күшейген кезең ретінде сипаттайды. Ал 1995 жылы қабылданған Конституция Қазақстанды іс жүзінде толыққанды президенттік басқару формасына көшкен мемлекет деңгейіне шығарды. Сөйтіп, түрлі реформа жасап, елді дамытуға қажет өзекті шешімдер қабылдауға мүмкіндік туды. Әрі Н.Назарбаев әлеуметтік-экономикалық саясаттың бірізділігі мен жалғастылығын қамтамасыз ете білді. Жолдауларында жыл сайын нақты бағыт белгілеп, даму жоспарларын әзірледі. Тікелей өз бастамасымен жүзеге асырылған бағдарламалар арқылы экономиканы дамытып, халықтың әл-ауқатын көтерді. «Қазақстан-2030» және «Қазақстан-2050» стратегиялық бағдарламаларын қабылдады. Сөйтіп, елдегі жалпы ішкі өнім көлемі көбейгенше, инвесторлар Қазақстанның сенімді серіктес бола алатынына әбден көз жеткізіп, мол қаржы аударған соң түрлі реформаны жүзеге асырғаннан кейін ғана парламенттік рөлін арттыру бастамасын қолға алды. «Алдымен экономика, содан соң саясат» ұстанымына берік бола отырып Н.Назарбаев Қазақстан тәрізді мемлекеттер үшін президенттік басқару формасынан қолайлы жүйе жоқ екенін дәлелдеді. Ал Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы саясатты жалғастырып келеді. Оның «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын берік ұстану қажет дейтін принципі президенттік басқару формасының әлі де өзекті бола түсетінін, Қазақстанда демократияның өзіндік мәдениеті мен үлгісі қалыптаспайынша, популистік ұрандарға ерудің қажеті жоқ екенін аңғартады. Оған көрші елдердегі оқиғалар да куә. 2005 жылдан бері бірнеше рет саяси төңкеріс жасаған қырғыз елі президенттік басқару формасын күшейтуге мәжбүр болып отыр. Ал біздің халық өзгенің қатесінен де сабақ ала білетіні бар.Ардақ СҰЛТАН