Тәуелсіздіктің бір «түлегі» – «Электронды Үкімет» биыл төл мерейтойын атап өтіп жатыр. Осыдан тура 15 жыл бұрын, 2006 жылғы 12 сәуірде меморгандар мен ел тұрғындарының интернет кеңістіктегі өзара қарым-қатынасының тетігі ретінде «www.e-gov.kz» порталы пилоттық режимде іске қосылды (кейін ол www.e.gov.kz, бертінде eGov.kz болып трансформацияланды). Жалпы, «Электронды Үкіметті» құру идеясын Елбасы Н.Назарбаев 2004 жылы жария етті. Қазақстан осылайша дамыған елдер түскен даңғылға аяқ басты.
Министрлер шайқасқан шақ
Цифрлық даму министрлігінің дерегінше, бүгінде халықтың 62%-ы немесе шамамен 12 миллион адам мемқызметтерді электронды форматта пайдаланады. Бірақ әр кез осылай болмағаны белгілі. Біраз жыл бұрын «Электронды Үкімет» дегеннің не екенін қарапайым бұқара түгіл басшылық лауазымдағы шенеуніктер де жете ұғына бермейтін. Нәтижесінде, е-Үкімет жөніндегі алғашқы мемлекеттік бағдарлама қабылданған Министрлер кабинетінің отырысында сол кездегі Премьер Даниал Ахметовке әріптестеріне «Электронды Үкіметтің» болашақта шын Үкіметті ауыстырмайтынын, бар болғаны оның көмекшісі, халық пен билік арасындағы делдал ғана болатынын түсіндіруге тура келді. Әйткенмен, шенділер бәрібір шошынды: «Е-Үкімет» нағыз Үкіметті алмастырмағанымен, бюрократиялық тегершіктегі заңсыз табыс тетіктерін істен шығаратын еді. Бұл қауіп шынға айналды: жоба көптеген шенеунікті заңсыз табыс көздерінен айырды. Бірақ қарсылықтың күшті болуы салдарынан 2000-жылдардың орта шенінде ХҚКО-лар мен портал құрылғанымен, олар арқылы көрсетілетін мемқызмет саны тым аз еді: саусақпен санап шығуға болатын. Жоба өте ауыр жылжыды. Журналистік қызметімізді президенттік, парламенттік және үкіметтік пулдар аясында жүзеге асыра жүріп, «Электронды Үкіметті», ХҚКО-ларды және аталған порталды құру айналасында ашық-жабық жүрген меморгандар арасындағы айтыс-таласқа талай куә болдық. Негізі, идея қарапайым-тын әрі алдыңғы қатарлы елдерде әбден сыналған, жақсы қырынан танылған: халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру, қызмет көрсету стандарттарын жақсарту, сондай-ақ ірілі-ұсақты шенеуніктердің бұқара және бизнес өкілдерімен «тонның ішкі бауындай» тығыз араласуын мейлінше азайтып, сыбайлас жемқорлық, пара алу тәуекелдеріне тосқауыл қою үшін мемқызметті цифрландыру және «бір терезе арқылы» көрсету қажет! ХХІ ғасырдың басында бұл істі ілгерілету Зағипа Бәлиева басқаратын Әділет министрлігіне жүктелді. Осы іс халыққа қызмет көрсету орталықтарын құрудан басталды. Елбасы тапсырмасын орындау жолында ведомство өзге меморгандармен қызылшеке айтысқа, табанды тайталасқа түсті. Өйткені өзге министрлер өз құзырларын не себепті Әділет министрлігінің құрылымына тапсыруы керегін, яғни идеяның мәнін түсінбеді. Биік лауазымды шенділердің бір тобы ел Үкіметіне хат жазып, Әділет министрлігі енгізгелі отырған «алапат монополияға» тыйым салуды не оған балама құрылымдар құруға рұқсат етуді сұрады. Содан 2007 жылдың 27 қыркүйегінде Зағипа Яхияқызының депутаттардан көмек сұрап, Парламент мінберінен ашына сөйлегені есте қалыпты: «Біз үлкен проблемаларға жолығып отырмыз! Меморгандар құзыреттерін беруден жаппай бас тартып жатыр. Ішкі істер министрлігінің, Салық комитетінің, Жер қатынастары агенттігінің қызметтері әлі күнге тізімге енбей тұр. Әрине, Елбасының осы тапсырмасын орындауға қауқарлы екенімізді дәлелдеуге тырысып жатырмыз. Бірақ біздің ісімізге қарсы саботаж жүруде, дискредитациялауға талпынуда. Кейбір министрлік бізге балама құру туралы ұсыныстар айтып, жоғарыға шығыпты. Мұндай масқараға сене аласыздар ма?! Егер анықтама қағазды жаңа орталықта немесе Салық комитетінің өзінде рәсімдеп алуға таңдауым болса, мен бұрынғыдай тура Салық комитетіндегі танысыма тартпаймын ба? Онда бұл идеяға шығындалудың қажеті қанша?!» – деді министр. Идеяның қарсыластары мықты, құзырлы болатын, олар жан шығып, ес кеткенше алысуға даяр еді. Бұл текетірес Даниал Ахметов басқаратын Үкіметте мүдделер қақтығысына ұласты. Үкімет отырысында осы мәселеге бола Әділет министрі З.Бәлиева мен Қаржы министрі Н.Коржова шарт та шұрт «шекісіп» қалғанын және министрлердің арасына Премьердің өзіне араша түсуге тура келгенін көргенбіз. Сол тұста Бәлиева ханымға қарсы біріккен биік лауазымды шенеуніктер тобы Министрлер кабинетінің отырысына әлгі орталықтарға бәсеке болатын жаңа ұйымдарды құру мәселесін алып шықты. Бұған жауап ретінде З.Бәлиева тікелей Тұңғыш Президенттің өзіне кіріп, халыққа қызмет көрсету саласында меморгандарда өршіген коррупциялық былықтарды жайып салады.eGov дәурендеген кез
Үкіметтегі ұшы-қиыры көрінбейтін қақтығыстарға Ұлт көшбасшысы нүкте қойды: Нұрсұлтан Назарбаев «Электронды Үкіметтен» Қазақстанның бас тартпайтынын министрлерге анық аңғартты және оның бөлінбес элементтері саналатын ХҚКО-лар мен электронды порталды ары қарай қарқынды дамытуға пәрмен берді. Оның үстіне, бұл жобаны Парламентте басымдыққа ие «Нұр Отан» (қазіргі «Nur Otan») партиясының депутаттары бірауыздан қолдады. Көп ұзамай қарсы топтың бірден-бір жетекшісі, Қаржы министрі Наталья Коржова отставкаға кетті. Идеяға қарсы өршелене өзеурегендердің үні басылып қалды. Үкімет бұрынғыға қосымша тағы ондаған қызметті «сен тұр, мен атайын» дейтін азулы министрліктердің аузынан жырып алып, ХҚКО-лар мен порталдың еншісіне тапсырды. Бұдан бөлек, аймақтардағы әкімдерге де елді өзіне кіріптар етуге мүмкіндік беріп келген 18 қызметтің «қызығымен» қош айтысуға тура келген... Содан бері жыл сайын электронды Үкіметтің қолжетімді қызметтерінің саны үздіксіз дерлік артып келеді: оның ішінде халық үшін әлеуметтік маңызы бар қызметтер, бизнеске арналған қызметтер, төлемдер мен пайдалы сервистер, композиттік және проактивті қызметтер, сондай-ақ лицензиялар мен рұқсат беру құжаттары бар. Бүгінде халыққа қызмет көрсету орталықтары – «Азаматтарға арналған Үкімет» мемкорпорациясына, ал eGov.kz порталы – «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамына қарайды. Ол Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне бағынады. Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин әлемді жайлаған пандемия халыққа мемлекеттік қызметтерді электронды, цифрлы форматта көрсетудің қаншалықты маңызды екенін көрсетіп бергенін айтады. Енді елестетіңіз: кезінде «Электронды Үкіметке» қарсы топтар үстем болғанда, Елбасы ұсынған идеяның іске асуы ұзап, қазіргі пандемияға Қазақстан әлдеқайда нашар дайындықпен келетін еді. Сонымен бірге пандемия мемлекеттік басқарудың барлық үдерісін цифрландыру бағытындағы жұмысқа да, электронды Үкіметті дамытуға да қосымша серпін беріп отыр.Дамудың болашақ белестері
– Былтырғы бір жыл ішінде электронды цифрлы қолтаңбаны алу, жеке куәлікті ресімдеу, автокөлікті тіркеу, білім беру мекемелеріне құжаттарды қабылдау секілді 30-дан астам әлеуметтік-маңызды қызметтерді қашықтан, цифрлы форматта көрсету мүмкіндігін іске асырдық. «Электронды өтініштер» сервисі арқылы 20-дан астам қызмет қолжетімді болды. Ауқымды жұмыс атқарылды, – дейді министр Б.Мусин. Сонымен, қазір eGov.kz порталында қазақстандықтар мемлекеттік қызметтердің 91%-ын ала алады. Бұдан басқа, заманауи қоғамның қажеттіліктерін ескере отырып, eGov-тың «десктоптық» нұсқасынан бас тартылды: енді қызметтерді ұсынудың қосымша тәсілдеріне көбірек екпін түсіруде. Атап айтқанда, eGov Mobile қосымшасында цифрлы құжаттар, денсаулық паспорты, зейнетақы калькуляторы және электронды еңбек биржасы сияқты 91 қызмет пен 4 сервис қолжетімді. Тіпті, коронавирусқа қарсы екпе салдырған азаматтар да осы қосымша арқылы вакциналау паспортын жүктеп алуда. Дәл осы қосымшада биометрияны пайдаланып, ЭЦҚ-ны бірнеше минут ішінде алуға болады. Telegram, Facebook және ВКонтакте арқылы 22 қызметке тапсырыс беруге болады. 2020 жылдың қорытындысында осы және басқа барлық арна бойынша Қазақстан азаматтарына және шетелдіктерге 60 миллионнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді. Әрине, «Электронды Үкімет» те, eGov.kz порталы да әбден кемеліне келді деуге болмайды. Оның алдында өркендеудің шексіз өрісі жатыр. Мысалы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа партияларды құру кезінде халықтың даусын жинауға е-Үкімет порталын пайдалану бастамасын ұсынды. Себебі порталда бет-бейнесін жасырған әлдебір анонимдер емес, өз ЭЦҚ-сымен тіркелген, барлық дерегі ақпараттық жүйелерде бар нақты адамдар отырады. Олар қандай да бір жаңа партияға мүше болуға өтініш білдірсе, Әділет министрлігіне олардың тұлғасын растап, тексеру рәсімін жүргізу қажеттілігі де қалмауы мүмкін. Осы салада Қазақстанның үлгі-тәжірибесін пайдаланған Ресей де кейбір бағытта ілгері озғаны байқалады. Оны да ескерген жөн. Мәселен, 2021 жылғы 1 мамырдан бастап автомобиль иелері өз қолданысындағы машиналарын РФ Мемқызметтер порталы арқылы сату мүмкіндігіне ие болмақ. Көлік саудаланатын сайттар онсыз да қаптап тұрғанда, бұл не үшін керек? РФ цифрлық даму, байланыс және бұқаралық коммуникация министрлігінің озық цифрлық шешімдер департаментінің директоры Алексей Горобцовтің түсіндіруінше, осы арқылы автокөлікті сату-сатып алу рәсімі және осындай келісімшарттарды бұзу ісі көлеңкеден күнгейге шығады. Өзінде жоқ, ұрланған не жалға алынған көлікке жалған құжат жасап, аңғал адамға сатып жіберу секілді қылмыстар азаюы тиіс. Бұл ретте ресейлік мемқызметтер порталын пайдаланушылар 1 мамырдан бастап «темір тұлпарды» сайт арқылы сату-сатып алу бойынша мәміле жасасып, құжатты электронды қолтаңбаларымен бекітіп, бірден ГИБДД-ның тіркеуіне жолдай алады. Мұндай сауда қауіпсіз болады: сатып алушы көліктің тарихын тексеріп, оған қойылған қандай да бір шектеулер мен айыппұлдардың бар-жоғын біледі. Мемқызмет порталы автомобильді ГИБДД, салық қызметі және сот приставтарының базалары бойынша тексеріп береді. Яғни, кемелдікке шек жоқ.