Халықты қарусыздандыру қажет пе?
Халықты қарусыздандыру қажет пе?
236
оқылды

Еліміздің Ішкі істер министрлігі халықтан қару сатып алуды жал­ғастырып жатыр. Шамамен осыдан он шақты жыл бұрын басталған бұл процестің әлі тоқтамай келе жатқанына қарағанда, ел-жұртта қару көп тәрізді. Қару құнын бағалау мен қанша дана жиналғаны бөлек әңгіме, жалпы «бұл әдіс тиімді ме?» деген сауал бізді толғантады. Мұны жаппай қарусыздандыру деп айып­тайтындар да бар. Шынында, азаматтардың өзін қорғау мүмкіндігін тартып алған жоқпыз ба?

Қару жинау қайта басталмақ

Жалпы, халықтан қару сатып алу, яғни ел арасынан қару жинау 2008 жылдан бастап іске асты. Содан бері 53 мың дана қару-жарақ жи­налып, республикалық бюд­­жеттің 1,7 млрд теңгесіне 2 мил­­лионнан астам пат­рон алы­ныпты. Бір қызығы, биыл жыл басынан бергі 3 ай ішінде осындай іс-шара­­лар аясында 600-ден астам қару тәркіленіп үлгерген. Оның 39-ы ойық ұңғылы қарулар екен, яғни оғы алысқа жете­тін әскери қарулар сана­тында. Дегенмен құқық қор­ғаушылар мұны қанағат тұт­пайтын секілді. Жуырда Ішкі істер ми­­­нистр­лігі (ІІМ) қа­зақстан­­дықтарға заңсыз сақ­талған қаруды тапсырып, ол үшін ақша алуға тағы бір мүм­кіндік берді. Кезекті ак­ция 20 сәуірде бас­талды. Биыл халықтан қару сатып алу үшін респуб­лика­лық бюд­жеттен тағы 95 млн теңге жұмсалмақ. Заңсыз сақ­­­талған атыс қаруын, оқ-дә­рілерді, жарылғыш заттар­ды ақшалай сыйақыға тапсы­руға ниет білдірген азамат кез келген аумақтық полиция ор­­­­­ганына өтініш берсе бол­ғаны.

Жарақ құны қанша?

Ал қарудың құнын тиісті комиссия бір ай ішінде анық­тауы тиіс. Бағаның жоғары не төмен болуы қа­рудың күйіне байланысты болмақ. Мә­селен, тым ескі, тозған қаруға ең төменгі баға – 30 мың теңге төленсе, жақсы сақ­­талған қару үшін ең жоғары баға – 300 мың теңге беріледі. Төлемнің жоғары болуы тек қарудың күйіне ғана емес, түріне де бай­­ланысты. Ав­томатты ойық қарудың әрбір тапсырылған данасы үшін 290 мың теңге, ойық вин­товкалар мен кара­бин­­дер үшін 145 мың теңге, та­паншалар мен револьверлер үшін 100 мың теңге төленеді. Ал тегіс ұңғылы мылтықтар 90 мың теңгеге дейін баға­­ла­нады. Бірақ бір нәрсені ұмыт­паған жөн. Тіркелген қаруға немесе «кри­­­миналдық» деп аталатын жараққа, қолдан жа­салған оқ-дәрілер, газды және жарақат салуға арналған қаруларға ақша төленбейді.

Азаматтар қару ұстауға тиіс пе?

Әуелі мына сұраққа жауап берсек. Халықта мұнша қару қайдан жүр? Ішкі істер ми­нистрлігінің дерегіне сенсек, әдетте қа­зақ­стандықтарда жүрген қарудың басым бөлігі мұрадан қалған. Одан бөлек, тіркеу бойынша шектеулер енгізілгенге дейін табылған не сатып алынған қаруларды үйінде заңсыз сақтайды екен. Елден қару жинап алуды бұрыс іс дей алмаспыз. Қыл­мысты азайтуға мүмкіндік туар. Де­­­генмен мұнда аза­маттардың өзін-өзі қорғау мәселесі бар. Яғни, қауіпсіздік жайы. 2013 жылы Мәжіліс депутаттары «Азаматтық тұл­ғаларға қазақстандық заңдар бойынша өзін-өзі қорғау құралдарына қатысты трав­матикалық қаруды иеленуге тыйым салатын» түзетулерді қабылдады. Оның үстіне, қауіп­сіздік қыз­­­мет­керлері бұл криминогендік жағ­дай­дың жақсаруына әкеледі деп сендірді. Сонау 2010 жылы  «Ішкі істер органдарының қоғамдық қауіпсіздікті қам­та­масыз ету сала­сындағы қыз­метін же­тілдіру мәселелері бойынша кей­бір заңна­малық актілерге өз­герістер мен то­лық­тырулар енгізу туралы» заң бұрын қолда­­ныста болған «5+5» нормасын (бір адамның қолында аңшы қаруының ең көбі бес данасы болуы) «2+2»-ге дейін тө­мендетті. Яғни, аң­­шылардың қаруы азайды. Ал халықтың қо­лындағы қару тәркіленді. Тәркіленді де­меске шара жоқ, себебі қа­руды министрлік халықтың өз са­лығына, нарық­тағы бағадан 3-4 есе кем құ­нына сатып алады. Заңгер Абзал Құспан халықты «жаппай қару­сыз­дандыру» қауіпсіздік жайын ұмыт қыл­ғанын айтады. – Ең әуелі шалғайда мал баға­тындарға қиын. Қару-жарақтың «сақтау ережесі» деген болады. Малшылардың жағ­дайы оған кел­мейді. Қа­руды тәркі­­леуге бо­лады, егер құқық қорғаушылар олардың қауіпсіздігін қам­тамасыз ете алса. Бірақ олай болған жоқ. Мал ұрлығы көп. Мейлі, енді қауіпсіздік жайына тереңірек бар­сақ. Кез келген мем­­­ле­кетте «Әс­кери док­трина» бо­луы тиіс. Бұл бізде жасал­мады. Онда «ықтимал қар­сылас» деген түсінік болады. Еліміздің геосаяси орналасу айма­ғын қараңыз. Қақтығыс болған жағдайда халықтың қауіп­сіздігіне жауап берер өз ша­масы болуы тиіс. Қазақ­стандағы қару са­­татын дүкен иелерінің 100 пайызы ресей­лік аза­маттар. Әскери ұйым­дардың жатты­­ғуында да со­лар. Ал бізде қару ұстай ала­тын азаматтар аз. Кеңес Ода­ғы кезінде мектеп қабыр­ғасынан бастап қару ұстауға тәрбиелейтін. Қақты­ғыстың болу ықтималдығын ешкім жоққа шығара ал­майды. Қыл­­мыс өз алдына, жап­пай қарусыздандыру процесіне өз басым қар­сымын, – дейді ол. Сайып келгенде, елімізде қарудың көлең­келі айналымы туралы деректердің болмауы құқық қорғаушыларды алаң­­дататын сынды. Қару тәр­кілеудің екіжақты әсері бар екенін білдік. Алғашқысы қылмысты азайтуға сеп­­тесер болса, келесісі аза­мат­тардың қауіпсіздік жайын ұмыт­­­тыра­ды. Сондықтан бұл мә­­селе алдағы уақытта да жан-жақты зерделеуді қажет етсе керек.

Мадияр ТӨЛЕУ