Мемлекеттік қызмет туралы заңнама талаптарының орындалуын бақылау мақсатында Қарағанды қаласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы арнайы топ әкімшілік мемлекеттік қызметшілердің арасында мониторинг өткізді. Оны өткізудің басты себебі – кейінгі уақытта талаптардың сақталмауы. Мәселен, 2020 жылдың соңынан 2021 жылдың басына дейін 4 сыбайлас жемқорлық фактісі анықталған.
Сонымен қатар «Жұмыспен қамтудың» жол картасы бағдарламасын тексерген антикор мамандары жалған құжатпен жұмысқа тұру деректерін де анықтады. Мемлекеттік қызметке қабылдау барысында да біраз былықтың беті ашылды. Заңнама талаптары көп жағдайда жұмысқа орналасу кезінде бұзылады. Бір тест тапсырмай, жұмысқа орналасса, бірі медицина ұйымының мөрі жоқ анықтама тапсырған. Мысалы, Қарағанды қаласының Қазыбек би атындағы аудан бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасында тест тапсырмай, жұмысқа орналасыпты. Бұл Мемлекеттік қызмет персоналын басқару ұлттық орталығында мәліметтер ашық көрсетілетініне қарамастан болған жағдай. Әрине, бұл жағдайда лауазымды тұлғалардың ықпал еткені анық.– Көрсетілген фактілер қызметкерді тағайындау кезінде мемлекеттік органдардың, сондай-ақ персоналды басқару қызметтерінің басшылығы тарапынан тиісті бақылаудың жоқтығын көрсетеді, – дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары Асхат Оразхан.Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыптық мониторингтің қорытындысы бойынша осындай тәуекелдерді болдырмау үшін департамент мемлекеттік органдар үшін тиісті ұсынымдар да әзірлеген. Мониторингтен бөлек, департамент мамандары жол картасының орындалысын да бақылайды. Жұмыспен қамту орталығының мәліметінше, өткен жылы Қарағанды облысында 62 миллиард теңгенің 622 жобасы жүзеге асырылып, 16 мыңнан астам жұмыс орны ашылған. Жұмыстардың дені жолдарды күрделі жөндеу және қала аумағын абаттандыру. Алайда жол картасы бойынша жұмысқа орналастыру кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелі өте жоғары екені анықталған. Ал жалпы, тендердің басты талабы – әлеуметтік нысандардың құрылысына жергілікті тұрғындарды көптеп тарту. Жұмыспен қамту орталығы арқылы құрылысшыларға айына 85 мың теңге жалақы төленуі тиіс. Алайда жол картасының тізіміне мүлде құрылысқа қатысы жоқ адамдар еніп кеткен. Тексеруші топ тіпті ірі шаруашылық жетекшісінің жұмыссыз ретінде тіркелгенін анықтады. Мониторинг топтың жүргізген ауызша сауаланамасына қатысқандар ішінде тұрақты жұмыстары бола тұра, қағаз жүзінде халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа жіберілген деп көрсетілгені де анықталды. Жол картасы бойынша жұмыс істемеген шаруа қожалықтары да жұмыскер ретінде көрсетілген.
– Анықталған азамат облыс аудандарының бірінде шаруа қожалығының төрағасы болып қызмет атқаратынын және жол картасымен мүлдем жұмыс істемегенін айтты. Жалпы, бұл бір ғана дерек емес. 2017 жылдан бері өндірістік тауар сатумен айналысып келген кәсіпкер де өзінің бағдарлама қатысушысы екенін білмеген. Мемлекеттік қызметке қабылдау конкурсында да заңбұзушылық көп. Тесттен өте алмаса да жалған құжаттар жасатып, жетекші маман лауазымына тағайындалғандар анықталды. Кәсіпкер ретінде тіркелсе де, мемлекеттік қызметін жалғастыра берген шенеуніктердің заңсыз ісі әшкере болды, – дейді антикор өкілі Арслан Мынгишев.Осыған байланысты департамент мамандары «жол картасы» аясында жұмысқа орналастыру үшін кезең-кезеңімен ашық және тексерілетін тетікті енгізу мүмкіндігін қарастыру қажет дейді.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды қаласы