Сыр еліндегі серпін: бағдарлама баяны нәтижемен өлшенеді
Сыр еліндегі серпін: бағдарлама баяны нәтижемен өлшенеді
263
оқылды

«Мал баққанға бітеді» деген ата-бабамыз әу бастан төрт түлікті көбейту жайын жақсы білген. Қазіргі таңда мал шаруа­шылығын жандандыруға барлық мүмкіндік қарастырылған. Тіпті, тиісті мамандарға барып, кеңес алсаңыз да сізге кәсіп бас­тау­дың қыр-сырын үйретіп, жеңілдетілген несиеге қол жеткізу тетігін көрсетеді. Соның нәти­жесінде мемлекеттік бағдар­ламалар арқылы Сыр өңірінде өз кәсібін бастаушылар көбейді.

Қоғамның басты талабы – ауыл шаруа­шылығын дамыту, соның ішінде мал шаруа­шылығын өркендету. Қызылордалық іскер азаматтардың алға қойған мақсаты да осы. Қазір мемлекеттік бағдарламаның игілігін көрген ауылдағы ағайындар төрт түлікті көбейтіп қана қоймай, ет, сүт бағытындағы экологиялық таза өнімді нарыққа молынан шығаруды қолға алды. Кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған «Ең­бек» мемлекеттік бағдарламасы аясында был­тыр 3,3 млрд теңге қаржы қаралып, 2020 жыл ішінде 825 жоба қаржыландырылды. Сон­дай-ақ «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы ая­сын­да шамамен 2,8 млрд теңге қайтарымсыз грант­тар 4 770 жұмыссыз және өзін-өзі жұмыс­пен қамтыған азаматқа табысталды. Осы жылы шағын және орта бизнесті қаржылай қолдауға бюджеттен 6,2 млрд теңге қаралған. Атап айтқанда, «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жеке кәсіпкерлікті қолдауға 2638,5 млн теңге бөлінді. Оның ішінде «Даму» қорына 1278,75 млн теңге аударылды. Бірінші тоқсан қорытындысы бойынша облыста құны 4,7 млрд теңге болатын ШОБ субъектілерінің 370 жобасы субсидияланды. Сондай-ақ 4,7 млрд теңге жалпы несие сомасына 436 жоба кепілдендірілді, бұл ретте кепілдік сомасы 2,5 млрд теңге болған. Қазіргі уақытта кепілдендіруге бөлінген қаражаттың толық игерілуіне байланысты бюджеттен қосымша қаражат қарастыру қажеттігі туындап отыр. Кәсіпкерлік және туризм басқармасы салалық басқармаға 900 млн теңге, оның ішінде субсидиялауға 300 млн теңге, кепілдендіруге 600 млн теңге мөлшерінде қосымша қаражат бөлуге бюджеттік өтінімдер жіберді. Ал мемлекеттік гранттар беру жөніндегі конкурсты өткізу мамыр-маусым айларына жоспарланған. Жалпы, қарас­тырылған қаражат екінші жартыжылдықта игеріледі. Ал «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шең­­берінде микрокредит беру үшін респуб­ликалық бюджеттен 1278,5 млн теңге көзделген. Оның ішінде ауыл тұрғындарына 1 млрд теңге, қала тұрғындарына 278,5 млн теңге қаралған. Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша 17 адам 59 млн теңге несие алды. Шағын несие беруді көбейту үшін жергілікті бюджеттен «Қызылорда» өңірлік инвес­тициялық орталығына 300 млн теңге бөлінді. Кәсіпкерлердің жобаларын қаржыландыруға арналған байқау кеңесі осы сәуір айында өткізілмек. Жалпы, бөлінген қаражат аясында, кем дегенде, 15 жобаны қаржыландыру жоспарланып отыр.

Қызылорда облысында өткен жылы 40 мыңға жуық адам «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына қатысты. Олардың жартысына жуығы жұмыссыздар, 6 мыңға жуығы өзін жұмыспен қамтығандар, 7,3 мыңы жұмыс іздеушілер және 1,6 мыңнан астамы кәсіптік-техникалық оқу орындарында оқушылар, студенттер, зейнеткерлер.

«Еңбек» бағдарламасы бойынша берілетін несиенің тиімділігі ауылдық елді мекен тұрғындарын жігерлендіруде. Сыйақы мөлшер­лемесінің төмендігі, жеңілдік кезеңдері, несиені өтеудің икемді кестесі, тиімді кепілдік саясаты, қар­жыландыру шарттарының жеңілдігі ауыл бизнесінде жаңа шаруашылықтар құруға және кеңейтуге, өндірістің дамыған деңгейіне көте­рілуге мүмкіндік береді. Мәселен, Қызылорда қаласына қарасты Қызылөзек ауылдық округінің тұрғыны Бақытжан Әлімбетов осы бағдарламаның игілігін көріп отыр. Ол аталған бағдарлама басталған 2017 жылы 2,5 миллион теңге несие алған. Нәтижесінде, мал басын көбейтіп, шаруа қожалығын құрып, оны аяғынан тік тұрғызған. Көпбалалы отбасы үшін бұл негізгі табыс көзіне айналды. – «Еңбек» бағдарламасына қатысудың пайдалы екеніне көзім жеткен соң, өткен жылы тағы да бақ сынауға бел будым. Нәти­жесінде, 4 миллион теңге мөлшерінде несие алып, оған 10 бие сатып алдым, – дейді кәсіпкер. Айта кету керек, Қызылорда облысында өткен жылы 40 мыңға жуық адам «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына қатысты. Олардың жартысына жуығы жұмыссыздар, 6 мыңға жуығы өзін жұмыспен қамтығандар, 7,3 мыңы жұмыс іздеушілер және 1,6 мыңнан астамы кәсіптік-техникалық оқу орындарында оқушылар, студенттер, зейнеткерлер. Облыстық кәсіпкерлік палатасының кеңесшілері 2020 жылдың 12 айының қорытындысы бойынша 1 785 кәсіпкерлік субъектісіне 1 677 қызмет көрсеткен. Оның ішінде онлайн түрінде – 576, оффлайн түрінде 1 209 қызмет көрсетілген. Мұнымен қоса, 4 075 тұлғаға кеңес берілген. Нәтижесінде, «Бизнес-мектеп» оқу курсын 801 тұлға оқып шықты. Оқуға қатысушылардың 54 жобасы жалпы сомасы 172,4 млн теңгеге қаржыландырылды. «Бастау» жобасы өткен жылдан бастап онлайн өткізілуде. Жоба аясында облыс бойынша 2150 адамды оқыту жоспарланған болатын. Қорытындысымен 2181 азамат сертификат алды. Жоба аясында оқыған азаматтардың ішінде жалпы сомасы 422,1 млн теңге 746 қызылордалықтың жобасы қаржыландырылды. Оның 411,2 млн теңге болатын 741 жобасы мемлекеттік грант есебінен қаржыландырылса, 10,9 млн теңгеге 5 жоба мемлекеттік бағдарлама шеңберінде жеңіл­детілген несиеге қол жеткізді. Облыстық Кәсіпкерлік және туризм бас­қармасының мәліметі бойынша, 2021 жылдың 1 қаңтарында аймақта жұмыс істеп тұрған кәсіп­керлік субъектілерінің саны 5,1%-ға ұлғайып, 48 657 бірлікке жетті. Шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылғандар саны 96 мың адам, жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 18% болды. Өн­дірілген өнім көлемі – 390 млрд теңге. Пандемия жағдайының өзінде кәсіпкерлерді қолдау шараларының қарқыны бәсеңдемегенін атап өту қажет. Мұндай мол қолдауды құр жібергісі келмейтін іскер азаматтар өз кәсібін бастап, қолға алған ісін дөңгелетіп отыр.

Нұрсұлтан АЛПЫСБАЙ, Қызылорда облысы