Ана мен бала денсаулығы қай мемлекетте болсын маңызды. Жүктілік барысында ананың бар жағдайы жасалып, босанған сәтте аман-есен сәбиін өмірге әкелуі үшін жан-жақты шаралар қолданылады. Дамушы мемлекет ретінде Қазақстан бұл мәселеге тіпті мән беретіні белгілі. Осы мақсатта Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынған стандарттарын сәтті енгізіп жатыр. Соның арқасында ана мен бала өлімі коэффициенті жыл өткен сайын төмендеп, жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп келеміз.
Демографиялық өсімнің мемлекет үшін маңызын айтып жатудың өзі артық. Өйткені бұл – елдің дамуына бірден-бір әсер ететін фактор. Ал халық санының артуы әйел денсаулығына тікелей байланысты. Яғни, неғұрлым болашақ аналарға жағдай жасалса, соғұрлым өсім де қуантарлық деңгейде болады. Одан кейін өмірге келген сәбидің қалыпты дамып, ата-анасының көз алдында жүгіріп жүргені маңызды. Бірімен-бірі тығыз байланысқан ана мен баланың ахуалына айрықша мән беру арқылы жағымды көрсеткішке қол жеткізуге болады. Бұған дейін Тұңғыш Президент – Елбасы жыл сайынғы Жолдауында демографиялық жағдайды, соның ішінде ана мен баланың амандығы жайлы үнемі шегелеп атап өтетін. «Қазақстан-2050» стратегиясында Нұрсұлтан Әбішұлы ХХІ ғасырдың жаһандық он сын-қатерінің бірі ретінде жаһандық демографиялық теңгерімсіздікті бекерден-бекер атамады. Себебі бұл мәселе кезек күттірместен шешілуге тиіс екенін білді. Сөз жүзінде ғана тапсырма беріп қоймай, оның іс жүзінде орындалуын, қуантарлық нәтиже беруін қадағалады. Мәселен, ана мен бала өлімін азайту үшін медициналық көмекті қолжетімді етті. Бүгінде жүктілік бойынша есепке тұрған әйелдер барлық тиісті медициналық шарадан тегін өтеді. Халық санын көбейту үшін болашақ анаға жасалатын жағдайдың жақсы болғаны керек. Ол үшін де әлеуметтік жағдайды түзетуге тапсырма берілген. Ал оның орындалу деңгейіне тоқталатын болсақ, қазір аналарға арналған жәрдемақы түрі көбейді. Атап айтқанда, босанғанға дейінгі, босанғаннан кейінгі көмек түрлері бар. Жұмыс істейтін әйелдер декреттік демалысқа байланысты бірреттік төлемді еңбегіне сай алады. Үй шаруасындағы әйелдер де назардан тыс қалған жоқ. Бала өмірге келгенде берілетін бірреттік төлем құдды қазақтың көрімдігі іспеттес. Одан бөлек, бала бір жасқа келгенге дейін төленіп тұратын жәрдемақы бар. Оның көлемі де жыл сайын артып отыр. Сөзіміздің дәлелі ретінде соңғы бес жылдағы жәрдемақыға тоқталсақ. 2016 жылы жұмыс істемейтін әйелдерге бала жасқа толғанға дейін төленетін жәрдемақы көлемі бірінші балаға – 5,76 АЕК, екінші балаға – 6,81 АЕК, үшінші балаға – 7,85 АЕК, төртінші балаға 8,90 АЕК болды. Ал бірреттік төлем алғашқы үш балаға – 31,41 АЕК болса, төртіншіден әрі қарай 52,35 АЕК төленді. 2017 жылдың қаңтарынан бастап бала өмірге келуіне байланысты берілетін жәрдемақы бір жыл бұрынғы сомадан 7 пайызға артатыны мәлімделген. Бірақ желтоқсанда Елбасы Назарбаев 2017 жылы аталған жәрдемақының 20 пайызға артатыны туралы сүйінші хабарды жариялады. Соған байланысты қаңтар мен шілде, шілде мен желтоқсан аралығында екі түрлі сома төленген болатын. Салыстыру үшін 20 пайызға артқандағы қаражат мөлшерін атап өтейік. Алғашқы үш балаға берілетін бірреттік жәрдемақы 66 621теңгеден 86 222 теңгеге, төртінші баладан әрі қарай 111 035 теңгеден 142 947 теңгеге өсті. Ал жұмыссыз әйелдерге төленетін ай сайынғы жәрдемақы мөлшері 2017 жылы мынадай болған: бірінші балаға – 13 070 теңге, екінші балаға – 15452 теңге, үшінші балаға – 17 812 теңге, төртінші және одан кейінгі балаларға 20195 теңге болды. Осылайша, бірреттік төлеммен бұл жылы 392 743 адам қамтылды. Бұл мақсатта бюджеттен 34,7 млрд теңге бөлінген еді. Жәрдемақының көтерілу дәстүрі 2018 жылы да жалғасты. Бұл жылы 332,3 мың адам қамтылған. Жалпы сома – 34,2 млрд теңге. Алғашқы үш балаға – 91 390 теңге, төртіншіден бастап 151 515 теңгеден берілді. Ал бала жасқа толғанша бірінші балаға –13 853 теңге, екінші балаға – 16 379 теңге, үшінші балаға –18 880 теңге, төртінші және одан кейінгі балаларға 21 405 теңге болды. 2019 жылы төртінші балаға дейін 95 950 теңге, одан кейін 159 075 теңгеден берілді. Бір жасқа дейінгі төленетін жәрдемақы да көбейтілді. Бала өмірге келуіне байланысты берілетін төлем былтыр 100 738 теңге және 167 013 теңге болған. Жалпы, ана мен бала жағдайын жақсарту мақсатында 2020 жылы 693 млрд теңге қарастырылған еді. 2021 жылы аналарға төленетін жәрдемақылар 5 пайызға өсті. Яғни, алғашқы үш балаға дейін 110 846 теңге, одан кейін 183 771 теңге төленеді. Жалпы алғанда, ана мен баланың жағдайын жасаудың мәні табиғи өсімге келіп тіреледі. Яғни, осы көрсеткіш жоғары болуы үшін аналарға жасалатын медициналық көмек пен әлеуметтік жәрдемақы көтерілуі керек. Бізде жағымды динамика байқалатынын ескерсек, бұл мақсат біртіндеп орындалып жатқанын көреміз. Әлеуметтік жағынан көмек көрсету үшін жыл өткен сайын мән беріліп келе жатқанын атап өттік. Ал ендігі кезекте – ана мен баланың саулығы. Бұл мақсатта бізде арнайы бағдарламалар қабылданды. Әрі нәтижелері де ауыз толтырып айтуға болатындай.Бала – қоғамның ең қорғансыз бөлігі
Ұлттық статистика агенттігінің мәліметтерін шолып шығып, ана мен бала өлімі коэффициенттерінің тәуелсіздік алған жылдардан бері қалай өзгергенін бағамдадық. Ол үшін алдымен негізгі әлеуметтік-демографиялық көрсеткіштер жинақталған кестеге үңілдік. Бұл жерде деректер 1991 жылдан бастап жинақталған. Отыз жылды тізбелемей, әр онжылдыққа тоқталсақ. Егемендік алған тұста нәресте өлімі коэффициенті 27,30 болса, ана өлімі – 67,20. Араға он жыл салғандағы көрсеткіш ана мен бала өлімін азайтуға бағытталған шаралардың оң нәтиже бергенін көрсетіп отыр. Өйткені коэффициенттер тиісінше 19,10 және 48,60-ға азайған. Яғни, екі көрсеткіш те шамамен 1,4 және 1,3 есеге азайғанын байқаймыз. Үшінші онжылдықтың қолда бар нәтижесі 2019 жылға тиесілі. Ол жылы нәресте өлімі коэффициенті 8,37-ге тең болған. Ал ана өлімі – 13,4. Демек, тәуелсіздік алған жылдан бері нәресте өлімі 3 еседен төмендесе, ана өлімі тіпті 5 есе азайған. Ана өлімін алдағы уақытта бұдан әрі азайту көзделіп отыр. Бұл мақсатта дәрігерлердің білімі мен білігін арттыру маңызды. Себебі мамандардың кәсібилігі жоғары болған сайын түрлі қиын жағдайды еңсеріп, ананы да, баланы да аман сақтау қалу ықтималы жоғары. Жалпы алғанда, елдің экономикалық әлеуеті, әлеуметтік қорғалуы мен медициналық қызмет көрсету сапасы жақсарса, демографиялық ахуал да шарықтай береді. Елбасы өзінің «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында «Балалар – қоғамымыздың ең әлсіз және қорғансыз бөлігі. Сондықтан олардың құқығы қорғалуға тиіс. Мен Елбасы ретінде әрбір сәбидің құқығының қорғалуын талап етемін. Біздің жерімізде туылған әр сәби –қазақстандық. Және ол сәбиді мемлекет қамқорлығына алуға тиіс» деп атап өткен болатын.Өлім-жітім көрсеткіші азайған
Мақсат ретінде шегеленген ана мен баланың саулығын сақтау мәселесі күнтізбеден еш түспейді. Ал шаралар жаңартыла бермек. Оң нәтижелерді жоғарыда тізбектеп шықтық. Ендеше соңғы жақсы жаңалықтар сөйлесін. Жыл басында Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният төрағалығымен өткен нәресте өлімін азайту бойынша шұғыл шаралар қабылдау жөніндегі республикалық штабтың отырысында ана мен бала өлімінің азайғаны мәлімделді. Ажар Ғиният 2020 жылдың қорытындысы бойынша республикада оң динамика байқалып, нәресте өлімінің көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 7,2%-ға төмендегенін атап өткен. Вице-министр келтірген деректерге қарағанда, 2019 жылы 1 000 тірі туған нәрестеге шаққанда 8,40 болса, биыл 7,79, ал 2020 жылға нәрестелердің өлім-жітім индикаторының нысаналы мәні Денсаулық сақтауды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, 10,1%-ды құраған. Сондай-ақ балалар өлім-жітім көрсеткіші өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда, 16,8% -ға төмендеген және тірі туған 1 000 балаға шаққанда, 2019 жылғы 10,7-ге қарағанда 8,9-ды құраған. Денсаулық сақтауды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, балалар өлім-жітімі көрсеткішінің нысаналы индикаторы 2020 жылдың қорытындысы бойынша 10,6 болуға тиіс. «Аталған көрсеткіштерге әсер етудің маңызды аспектілерінің бірі – аналардың денсаулығын жақсарту, перинаталдық және неонаталдық көмекті жетілдіру, патронаждық қызметтің әмбебап-прогрессив моделін, баланы емшек сүтімен емізуді қолдау» деген болатын вице-министр. Оның сөзінше, Денсаулық сақтау министрлігі елімізде мүмкіндігі шектеулі балаларға кешенді көмек көрсетуді жетілдіру, оның ішінде ерте жастағы скринингтерді қолға алу жөніндегі Жол картасын іске асыру шеңберінде шаралар қабылдап жатыр. Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету бағытында учаскелік қызметтің балалармен жұмысты ұйымдастыру және аралас қызметтермен сабақтастықтығын жақсарту қажет. Сонымен бірге медицина қызметкерлерінің біліктілігі мен кәсіби білім деңгейін арттыру жөніндегі жұмысты жалғастыру, балалар мамандарының тапшылығын шешу, оның ішінде «Педиатрия (неонатология), балалар реаниматологиясы, анестезиология» және «балалар пульмонологиясы» мамандықтары бойынша кадрмен қамтуды 100%-ға дейін жеткізу қажет. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша босандыру ұйымдары мен балалар стационарларын заманауи жабдықтармен толық жарақтандыру жоспарланып отыр. Бұл дегеніміз ана мен балаға тиісті көңіл бөлу жалғасып қана қоймай, қуантарлық көрсеткіштерге жеткізе беретініне сеніммен қарауға мүмкіндік береді.Айша ЕРСҰЛТАН