Тәуелсіздік. Шәйкенов. Конституция
Тәуелсіздік. Шәйкенов. Конституция
221
оқылды

Нағашыбай Шәйкенов – Ресейде туып, Қазақстанда еңбек еткен заң саласының білгірі. Ол Орынбор облысы Новороссийск ауданында дүниеге келген. Заң ғылымының докторы, профессор, мемлекет қайраткері дәрежесіне дейін көтерілген тұлға. Мем­лекеттік жоғары лауазымдармен қатар Қазақ мемлекеттік заң университетінің ректоры болып қызмет атқарды. Шәйкенов Қа­­зақстандағы құқықтық реформаның авторы ретінде танылды. Ол әр жылдары Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңесшісі, Әділет министрі, Премьер-Министрдің орынбасары қызметтерін атқарған. Сондықтан Тәуелсіз Қазақстан тарихында Нағашыбай Шәйкеновтің де алатын орны бөлек.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Ғасырлар тоғысында» атты кітабында Ата Заңды дайындау кезіне қатысты: «Жоғарғы Кеңес таратылған соң Консти­туция жо­басы жөніндегі жұмыспен мен нақ­ты және шұғыл айналыса бас­тадым. Ондай жауапты қыз­метті ойдағыдай ат­­қаруда маған көмек­­тескен адамдарға ри­за­­­шы­лығымды айта кеткен жөн. Олар: На­­ғашыбай Шәйкенов – заң ғы­лым­­да­ры­­­ның докторы, про­фессор, Бауыржан Мұ­ха­­­меджанов, Константин Кол­паков – заң ғы­лымдарының кан­дидаттары. Заң­ның әртүрлі сала­сының маман­дары. Әрқай­сысы өз тарауларын зор жігермен жазып шықты» деп жазады. Еліміздің заң жүйесінің да­муының бастауларында Қазақстан Респуб­­лика­сының бірінші Әділет министрі Нағашы­бай Шәйкенов тұр. Ата Заңмен жұмыс басталардан бір жыл бұрын оның басшы­лы­ғымен құқықтық реформа бағдар­ла­масы қабылданды. Ол сонымен қатар Қазақстанда заң мектебін құрды.

Свердловск заң институтының түлегі

Нағашыбай Шәйкеновтің жұбайы Лидия Шәйкенованың айтуынша, Сверд­ловск заң ин­ститутында ағайынды Наға­шыбай мен Жарасқан Шәй­­кеновтер қатар оқыған. Кейінірек олардың қата­рына қарындасы Айсұлу қо­сы­лады. Айсұлу екеуі жақсы дос бо­­лады. Қазақстаннан келген орыс қызы болса да, қазақ тіліне жетік. Өзі Қытайда туып, қазақ бала­ларының арасында өскен. Наға­шыбай Аман­ғали­ұлының қазақ­шасы оған қара­ғанда әлде­қайда нашар болыпты. Қа­зақ­станға кел­­­­геннен кейін ғана ана тілін үйре­нуге кіріскен. «Ол бас­­қалар­дай емес, қателессе де сөй­леуге ұял­ған жоқ», – дейді Лидия Шәй­кенова. Шәйкеновті жақсы білетіндер оның ғажайып адам болғанын айтады. «Ол кез келген істі шебер меңгерген, өз идеясын, көзқа­ра­сын қорғай білетін, табанды жан бола тұра, романтик, сезімтал, нәзіктігі бар еді», – дейді заңгердің жұбайы. Әр­дайым жан мен ойдың таза­лығымен, адал­дығымен, қара­пайымдылығымен, шы­найы дос бола алатын қабілетімен ерек­ше­ленді. Өте білімді, кез келген та­қырыпта еркін сөйлесе алатын, білім көкжиегі кең, білікті азамат болды. Ол заң, әдебиет, тарих, философия, психо­логия, физика, химия, астрономия, өнер саласын тереңірек меңгерген. «Шешен сөйлейтін, жас кезінде өлең жаз­­­ғаны бар, философиялық ой-түйіндер жазатын. Отбасы да оған ерекше қарады. Үйде бәрі Наға­­шыбайды жақсы көретін. Оның отбасындағы беделі де жоғары бол­ды», – дейді Лидия Шәйкенова. 2000 жылы Санкт-Петерборға кетіп бара жатып, отбасымен қош­тасқанда: «Мен сіздерге кө­мек­­теспегенім үшін ке­ші­ріңіздер. Сіздерге материалдық байлық қал­дыра алмадым, есесіне өзімнің адал есімімді қалдырып барамын» деген екен. «Нағашыбай Аманғалиұлы Ата Заңды құру бойынша жұмыс ат­­қаратын топты басқарған және мә­тіннің негізгі авторы болған кезең жақсы есімде. Тоғыз адамнан тұратын топ бір ай бойы тынымсыз еңбек етті. Олар тіпті тамақ ішуді ұмытты. Тамақ әзірлеп, қызымнан беріп жіберемін. Күндіз-түні жұ­мыс істеді. Президентпен тікелей бай­ла­ны­сып, әрбір тарауын тал­қылап отыр­ды. Қысқа мерзімде осындай керемет Кон­ституция әзірленді», – дейді Лидия Шәй­кенова. Ол мемлекеттік қызметті басты жұ­мысы деп санамаған. Өзі үшін маңыздысы өзінің білімі мен білі­гін мемлекет жолында әдемі ұш­тастыра білді. Оның ең басты ар­тықшылығы – ұстаздығы. Оның бо­лашақ заңгерлерге айтатын ең басты қа­ғидасы – олар Қазақ­стандағы құқықтық тәртіпті қам­тамасыз етуі керек.

Заңгерлер дайындайтын мектеп

Елге келгеннен кейін заң са­ласында беріліп жатқан білімді көріп, қарны ашады. Оның: «Кей­бір институттар үшін заң факуль­тетін ашу мәртебе сияқты. Менің есебім бойынша, тек Алматының өзінде (сол уақытта) тоғызға жуық заң факультеті жұмыс істейді. Бү­кіл факуль­тетте бір ғана ка­­фед­ра, онда бес оқытушы бар, ал мең­герушісі – экономист. Ондай оқу орнынан қандай заңгер шығуы мүмкін? Сондықтан министрлік заң білімін, заңгерлер дайындауды өз бақы­лауына алуды жөн көріп отыр. Бұл – жеке дара билік жүр­гізу деген сөз емес. Мақсат – ға­лымдардың, мамандардың күшін біріктіріп, заң мамандарын даяр­лайтын бір қуат­ты орталық құру. Заң оқу­лық­тарын, оқыту бағдар­ламасын әзірлеу керек. Тек сонда ғана жо­ғары бі­лікті заңгер­лерді дайын­дауға бо­лады...» дегені бар. Ол бұл сөзді Әділет министрінің тізгінін ұстап отырған кезінде айт­қан екен. Кейінірек ол бұл сөзін іске асырып, заңгерлер дайын­дай­тын мектептің іргетасын қа­лады. Заң институтын ашу – идея ғана емес, қажеттіліктен туғаны анық еді. Ол өзінің бір сұхбатында: «Екатеринбург халқы саны жағы­нан Алматыға қарағанда бір жарым есеге көп. Мен жұмыс істеген бір ғана заң институты кафедрасының өзінде одақ көлемінде кеңінен та­­нымал бес профессор қызмет ат­қаратын. Азаматтық құқық, қыл­мыстық құқық және мемле­кеттік құқық кафедралары жоғары санат­ты профессорлық-ұстаздық құра­­мы­­мен мақтан тұтылатын. Осыған қарамастан Ека­терин­бургте тек қана доценттер емес, көптеген мық­­­­ты профессор бол­ды» деген екен. Осылайша, ғалым-заңгер­­­лердің аздығын айтып, жо­ғары бі­лікті ұстаздарды бір жерге жи­нап, институт ашу керек екенін алға тартты. Әрі оны жүзеге асыр­ды да. Шәкірттері Шәйкеновтің та­лантты педагог болғанын жиі ай­тады. Студенттері де оны жақсы көрді. Жыл сайын 1-курс сту­­­денттеріне «Мемлекет және құқық теориясы» пәнінен лекция оқыған. Лекцияны оқыр алдында бірнеше оқиғаларды алдын ала таратады екен, сосын лекция барысында әлгі оқиғаларды мысалға алып, түсін­діреді. Бұл әдіс студенттердің дә­рісті тез ұғуына мүмкіндік бе­ретін. Үлкенмен де, кішімен де бірдей пікір алысып, сөйлесетін, сабақтан бос уақытының көбін универ­ситеттің ішкі жұмысына және Қа­­зақстан көлемінде өтетін рухани істердің барысына арнайтын. Үне­мі қасында студенттер жүретін. Жас­тарға көп үміт артты. Ол са­налы ғұмырын елдің келешегі бо­латын, адамның көңілі толатын жастарды тәрбиелеуге арнады. Өзгеге тәрбие беру үшін өзі тәр­биелі болу қажет деген ұста­нымды берік ұстанды. Құқықтық реформа бағдар­ламасының негізін түзген тұлға: «Заңды барлық жағынан бағалап, дамытыңыз! Тек заң қақтығысты диалогке айналдыра алады. Әл­сіздерді күштілермен теңес­тіріп, оларға тең мүмкіндік беруге тек заң ғана қабілетті. Тек құқық қана бостандықты қолдайды. Себебі заң – бұл қоғам өрке­ниетінің өл­шемі және Алексей ІІ-нің «Заңға Махаббат қана үстемдік ете алады. Махаббаттан жоғары рақым тұр. Әділдіктен мықты кешірім ғана» деген қанатты сөзі бар», – дейді. 2017 жылы Ақтөбеде бірінші Әділет министріне арнап, ес­­­керткіш қойылды. Ескерткіштің ашылуына мемлекет қайраткерінің тума-туыстары қатысты. Бұл қазақ халқының қайраткер ұлына көр­­сеткен ерекше құрметі болса керек.  

Айым БЕКТҰР