Жанарынан айырылғандар мемлекеттік тілде қашан кітап оқиды?
Жанарынан айырылғандар мемлекеттік тілде қашан кітап оқиды?
308
оқылды

Көз жанары суалса да, көкірегі ояу за­ғип жандар мәселесі бүгінгі қоғамда шешілмей тұр. Айналасындағы әлемді тек сипалап жүріп танып, газет пен кітапты саусағының ұшымен оқи алатын жандар мемлекеттік тілде шы­ға­тын кітаптарға зәру. Зәру емес, мүлдем жоқ десек те, қателеспейміз. Себебі  Кеңес заманынан бері елімізде брайль жүйесінде бірде-бір мемлекеттік тілде кітап жарыққа шықпаған. Онсыз да тағ­дырдың асау соқпағында көзінен айы­рыл­ған немесе тумысынан жарық дүниені көре алмаған жандар ана тілінде шығатын мерзімді басылымдар мен кітаптардан неге мақұрым қалды? Тәуелсіздіктің  30 жылдық тарихында әлі күнге неліктен зағип жандарға арналған бірде-бір баспахана ашылмады? Неге тек Ресейдің «ресми» тілде шығатын кітаптарын  талғажау етеміз? Жүрекке түрпідей тисе де, ащы да болса, ақиқаты – осы. Жанарынан айырылған мыңдаған отан­дасымыздың жағдайы  қазір осындай ауыр халде. Төменде күрделі мәселеде ой толғап, түйіні тарқатылмаған жағдай­дың жай-күйін таразылап көрдік.

Жақында аталған мәселені өз парақшасында Парламент Мәжілісінің депутаты, ақын Мақпал Мыса да көтерген. Халық қалаулысы жағдайдың аса ауыр екенін айта келе, Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа ресми хат та жазыпты. Дегенмен күрделі мәселе жуық арада шешілер түрі көрінбейді. Сандарды сөйлетсек... Ресми деректерге сүйенсек, елімізде қазір арнайы зағип жандарға арналған кітапханаларда жанары әлсіз 18 128 оқырман тіркелсе, су қараңғы оқырмандардың жалпы саны 13 545 адамға жеткен. Бұған қоса 8 532 оқушының көру қабілеті мүлдем бұзылған. Ал зағип балаларға арналған 11 арнайы мектепте 1 439 бала оқиды. Дегенмен елді індет жайлап, карантин қос өкпеден қысқандықтан,  бұл балалар қазір мүлдем оқи алмай отыр. Бұған қоса шалғай ауылдарда есепке ілікпей, тағдырына мойынсұнып, оқу-білімнен мүлде мақұрым қалғандар бар екені айтпаса да түсі­нікті. Жоғарыда аталған зағип жандарға 1 республикалық, 7 облыстық және 4 қалалық арнайы кітапхана  мен 5 бөлім қызмет көрсетеді екен. Бірақ олардың бірде-бірі осы уақыт ішінде мемлекеттік тілде шыққан кітаптарға ие бола алмаған. Барлығы Ресейдің баспа­ханасында шығарылған бедерлі-нүктелі орыс тіліндегі кітаптарды оқуға мәжбүр. Өз елінде тұрып, ана тіліндегі кітаптармен сусындай алмаған жандардың бұдан да өзге мәселелері жетерлік болып шықты. Елімізде брайль жүйесінде кітап шығаратын бірде-бір баспахана жоқ. Тіпті, жоғарыдағы кітапханалардың көпшілігінде, оның ішінде республикалық арнайы кітапхананың да жеке ғимараты болмай шықты. Жалға алғандықтан,  кітапхана басшылығы мемлекеттік бюджет есебінен жөндеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндіктері болмай жатқанын жеткізді. «Біз республикалық арнайы кітапхана өз ғимаратымыз болмағандықтан,  2 083 шаршы метр аумақты жалға алып отырмыз. Жыл сайын ғимаратты жалдауға  бюджет қоржынынан 47 миллион 252 мың теңге қаражат шығындалады. Мемлекеттен бөлінген қаражатты негізінен жалға алу үшін жұмсағандықтан, биыл жөндеу  жүргізе алмай келеміз. Біздегі сияқты басқа да облыстық және қалалық арнайы кітапханалар­дың көпшілігінің өзінің жеке ғимараттары жоқ. Кітапханаға көру қабілеті төмен және су қараңғы адамдар көптеп келеді. Кітап қорының негізгі бөлігі Кеңес Одағынан бері келе жатқан кітаптар. Оның көбісін тұрақты оқырман­дарымыз әлдеқашан оқып тастаған. Жаңа кітаптар өте сирек түседі. Ол түскен бойда алып кетіп, оқырмандар бір кітапты бірнеше айлап кезекке тұрып күтуге мәжбүр», – дейді зағип және нашар көретін азаматарға арналған республикалық кітапхана­ның директоры Асхат Байұзақов. Кітапхана директорының мәліметі бо­йынша,  республикадағы арнайы кітапханалар негізінен Ресейдің  «ЧУ ИПО Чтение ВОС», «Логос» және «МИПО Репро» баспа­ханаларынан тек орыс тіліндегі кітаптарды қымбат бағада тапсырыс беріп сатып алуға мәжбүр. Аталған мәселе «Nur  Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасында  тайға таңба басқандай етіп көрсетілген. Бағдарламада «Мүмкіндігі шектеулі адамдардың тең қолжетімділігін құру және әлеуетін асыру үшін  2025 жылға дейін көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған мемлекеттік тілдегі кітапханалар қоры 10%-ға ұлғайтылатын болады» деп көрсетіліпті. Дегенмен  егер мемлекеттік тілде 30 жыл ішінде бірде-бір кітап шықпай, тіпті жаңа баспахананың қазығы да қағылмаса,  бұл мәселе қайтіп шешілмек? Осы орайда аталған мәселе «Nur Otan» партиясының фракциясында көтерілгенін атап өткен жөн. Ақын, Парламент Мәжілісінің депутаты  Мақпал Тәжмағамбетова әлеуметтік желілерде және Үкімет басшысының орынбасарына хат жазып, мәселенің бүге-шігесін ашып көр­сеткен. «Аталған мәселені «Nur Otan» партиясы фракциясының жиынында көтеріп, оның шешіміне сәйкес Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың атына ар­найы ресми хат жолдадым. Онда төмендегі мәселелерге ерекше назар аударылды. Бірін­шіден, Білім және ғылым министрлігі көзі көрмейтін зағип жандарға жалпы жабдықталған білім мазмұнына сәйкес арнайы индивидуалды қажеттіліктерді өтейтін білім беру бағдар­ламасын әзірлеу қажет. Екіншіден, Білім және ғылым министрлігі педагогикалық колледждер мен университеттер аясында зағип жандармен жұмыс істейтін тьютр, куратор, кітапханашы, сонымен қатар ең аяғы денешынықтыру сабағына дейін барлық пән мұғалімдерін, яғни арнайы педагогикалық мамандарды әзірлеу бағдарламасын және оларға мемлекеттік тапсырыс механизмін енгізуі маңызды. Үшіншіден, Мәдениет және спорт министрлігі за­ғип жандарға арналған қалалық, облыстық, республикалық арнайы кітапханаларда мем­ле­кеттік тілдегі брайль жүйесімен бедерлі-нүктелі қаріптегі әліппе, кітаптар, тағы да басқа оқу ресурсымен қамтамасыз етуді қолға алған жөн. Хатта аталған жайлар тәптіштеп көрсетілді», – дейді Парламент Мәжілісінің депутаты Мақпал Тәжмағамбетова. Толғағы жеткен мәселеде тиісті министр­ліктер неге бейжай қарады? Әлдеқандай себебі болды ма? Білім министрлігінен жөн сұрадық. Олар ресми хат жіберуімізді талап етті. Дереу ресми хат жөнелттік. Сауалда еліміздегі брайль жүйесіндегі кітаптардың жеткіліксіздігі мен осы жылға шешу жоспарға кірген-кірмегені, қанша қаражат бөлінгенін, сондай-ақ оқыту орталықтарын мемлекеттік тілде ашу қарас­­тырылған-қарастырылмағанын сұрадық. Бірақ күні бүгінге дейін еш жауап ала алмадық. P.S.

Сонымен, министрліктің жауап бере алмай жатқанына қарағанда жанарынан айырылған жандардың ана тілінде кітапты оқитын күнінің ауылы әлі алыста екені бірден аңғарылады. Білім және ғылым ми­нистрлігі жауабын берсе, өздеріңізге бірден «сүйінші хабар» жеткізетін  боламыз...

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы