Осы орайда Елбасы бастамасымен құрылған Шанхай ынтымақтастығы ұйымы шекара мәселесін шешуге зор ықпал етті.
ХХ ғасыр соңында КСРО күйрегенде, Қытаймен арадағы бұрынғы кеңес шекараларының мәселесі ушыға түсті. Себебі, Кеңес Одағындай алпауыт империяның күйреуін ҚХР өз пайдасына жаратып қалмаққа ниеттенді: осылайша, шың елі 1992 жылдан кейін Орталық Азия мен Ресейдің Қиыр Шығысындағы бұрын бекітілген шекараларды қайта қарап, бұл істе қытай мүддесін ілгерілету мәселесіне ден қойды.
[caption id="attachment_132114" align="aligncenter" width="1200"] Фото: ummet.kz[/caption]
Осы шекаралар үшін шығыс көрші Кеңес Одағымен бірнеше рет (Даман аралында, Жалаңашкөл маңында) қарулы қақтығысқа дейін барды, алайда жеңіліп, шегінді. Енді империяның күйреуін пайдаланып, ұпайын түгендемек. Тұралаған, тәуелсіздігі қалыптасып үлгермеген республикалар оған тегеурінді қарсылық көрсете алар ма?
Сондықтан Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев шекара мәселесін саясиландырмау, оған қатысты барлық түйткілді заң өрісінде шешу, ең бастысы, бес мемлекет арасындағы шекараны қақтығыс пен шиеленістің емес, ынтымақтастық пен өркендеудің шекарасына айналдыруға баса мән берді.
Елбасы «Шанхай бестігін» құру жөнінде ұсыныс білдірді. Қытай мен Ресей осы бастаманың іске асуын қолдайтынын ресми түрде мәлімдеді.
Нәтижесінде, Қазақстанның ұсынысымен 1996 жылы Шекара ауданында әскери салада сенімді нығайту туралы келісімге қол қойылды. Соның негізінде ізінше Қазақстан, Қытай, Ресей, Қырғыз Республикасы және Тәжікстан кіретін «Шанхай бестігі» құрылды.
[caption id="attachment_132117" align="aligncenter" width="1200"] Фото: akorda.kz[/caption]
Елбасы бұл келісімнің айрықша маңыздылығын осы кездесуден бірнеше күн өткенде, Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясы делегаттарының алдында сөз сөйлегенде түсіндірді. Н.Назарбаев мұның Азия-Тынық мұхит аймағындағы үлкен саяси ауқымға ие, бірінші қадам екенін, оның аймақтағы, сондай-ақ бүкіл ғаламшардағы бейбітшілік пен тұрақтылықты ары қарай нығайта түсуге оң әсері айрықша екенін жеткізді.
1997 жылы осы елдер Шекара ауданында қарулы күштерді өзара қысқарту туралы келісім бекітті. Дүниежүзілік қоғамдастықты елең еткізген, аса маңызды бұл уағдаластықтың құндылығы зор еді. Сонымен қатар осы маңызды келісімдер – жаңа, қуатты сыртқы саяси құрылымдардың іргетасын да қалады. Осы кезде дипломатиялық, саяси айналымда «Шанхай бестігі» деген тіркес орнықты.
Бес мемлекет басшыларының 1998 жылғы 3 шілдедегі келесі кездесу орны ретінде Алматының таңдалуы кездейсоқ емес еді. Онда Елбасы «бестік» елдері бірлесіп қол жеткізген, қымбат саяси капиталын ысырап етуге болмайтынын, керісінше, мұны сақтап, ынтымақтастық пен өзара сенімге негізделген қарым-қатынасты нығайта беру керек екенін жеткізді.
Сондықтан Алматы кездесуі қорытындысында болашақ Шанхай ынтымақтастығы ұйымының сұлбасы айқын көріне бастады.
Бестік аясында жасалған қадамдар бұрынғы кеңестік республикалардың ҚХР-мен арадағы шекаралық проблемаларын реттеуге оң серпін берді.
Әрине, көп жақты келісімге қол қою үшін тұтас ұйымды ұстап тұру қажет емес еді. Демек, осы келісімдерді рәсімдегеннен кейін бұл «бірлестік» тарап кететіндей болды. Бірақ ынтымақтастықтың бұл тетігін сақтап қалу мақсатында Елбасы оның аясында халықаралық терроризмге, ұлттық сепаратизмге және саяси экстремизмге қарсы әрекеттесуді ұсынды. Бұл тәуелсіздігін жаңа ғана алған елдер үшін ғана емес, сонымен қатар Қытай үшін де өзекті тақырып болатын: шың елінің саяси лексикасында оны «үш зұлымдыққа қарсы күрес» деп атайды. Сөйтіп, бұл ел де идеяны құп алды.
«Шанхай бестігі» аясындағы саммиттердің жетістігі оның тұрақты халықаралық ұйымға айнала алу әлеуетін паш етті. Мәселен, оның жиындарында 5 мемлекет өз араларындағы шекара мәселелерімен ғана шектелмей, Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру, бірлескен әскери жаттығулар өткізу проблемаларын талқылады. Кеңестер де тұрақты өту режиміне көшті.
Ақыры 2001 жылғы 14-15 маусым аралығында 6 мемлекеттің – Қазақстан, Ресей, Қытай, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан және Өзбекстанның мемлекет басшылары саммит өткізіп, Шанхай ынтымақтастығы ұйымын құратындарын жаһанға жария етті.
Осылайша, «Шанхай бестігі» институционалдық тұрғыдан рәсімделді.
Осыдан кейін бестікпен шектелмей, ұйым ретінде кеңею мәселесі күн тәртібіне шықты. Бұл ұйымға кіруге қызығушылар жетерлік еді. Себебі, ШЫҰ сыртқы саясат, құқық қорғау және күш құрылымдары бағыттарында ұтымды әрі тұрақты кеңес-консультациялар мен келіссөздер жүргізу, ортақ мәселенің шешімін табу бойынша тұрақты тетіктері бар, пәрменді ұйым екенін көрсете алды.
Осылайша, 2017 жылғы 9 маусымда Астанада өткен ШЫҰ саммитінде оған қатысушы мемлекеттердің лидерлері Пәкістан мен Үндістанды ұйымға мүшелікке қабылдау туралы шешімге қол қойды.
Бүгінде ШЫҰ Орталық Азиядағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлес қосуда. Өйткені көрші қос алпауыт мемлекет өңір үшін тайталасып, оны өзара бөліске салса, өзара ханталапайға тастаса, орталықазиялық республикалардың күні қараң болуы мүмкін.
Ал ШЫҰ болса, шекаралас елдерді шекіспей, қайта саяси, сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық тұрғыдан, сондай-ақ мәдени, білім, энергетика, көлік, экология салаларында ынтымақтасуына мол өріс ашты. Елбасының «бестікке» қатысты бастамасының құндылығы да осында.