Осыдан үш жыл бұрын Алматы облысында бүкіл елді елең еткізген жағымды жаңалық болып, арада 21 жыл өткенде, 1997 жылы көршілес Кеген ауданына қосылған бір кездегі Нарынқол аймағы Райымбек деген атау алып, қайтадан дербес ауданға айналды. Осылайша, елдің шеті, желдің өті, шекараның шебінде орналасқан аймақтың бағы қайта жанып, тұрғындардың туған өлке болашағына деген сенімі берік бекіді.
Содан бергі үш жылда Нарынқол қайта түледі. Көшкен ел туған жерге қайта орала бастады. Аудан орталығының көркі бүгінде алыстан көз тартады. – Аудан тарқатылған кезді еске алғанда, әлі күнге қобалжимыз. Шекара бекетінде санаулы солдат қана қалды. Ауылдан көшушілер көбейді. Қараусыз үйлер қатары артты. Жастар тұрақтауды қойды. Айта берсең, ол шақта мәселе жетіп артылатын. Аллаға шүкір, бүгінде соның бәрі артта қалды. Барлығы жақсарып келеді. Нарынқолдағы әлеуметтік нысандарды қалпына келтіруге миллиардтар бөлініп, тиімділікпен игеріліп жатыр. Облыстағы аудан, қалалар да мүмкіндігінше көмектесті. Халыққа қызмет көрсету орталығы, емхана, тұрғын үйлер тұрғызылды. Жолдар қайта төселіп, көшелер реттеліп, жарықтандырылды. Бізге басқа не керек? Көңіл тоқ, тұрмыс түзелді, – дейді ауыл тұрғыны Медетхан Әбіров. Шынында да аудан орталығы атанған үш жылда Нарынқолда үлкен өзгерістер жүзеге асырылыпты. Көшелерге көз сүйсінеді, жаңа нысандар сап түзеп келеді. Аудандық әкімдік пен мәдениет үйі мүлде жаңартылған. Жаңа спорт кешені бой көтерген. Мемлекеттік қызметшілерге арналып 20 үй салыныпты, Жағатал өзенінің жағалауында тұрғызылып жатқан коттеджді қалашықтың алғашқылары дайын болып қалыпты. Қаңырап қалған екі қабатты, көп пәтерлі ескі үйлер де біртіндеп реттеліп жатыр. Ауылдарда төрт мектеп, екі балабақша күрделі жөндеуден өткізіліпті. Елді мекендерге рет-ретімен таза ауызсу тартылып жатыр. Жоғарыда айтқанымыздай, Нарынқолды қайта қалпына келтіруге облыстағы аудан, қалалардың барлығы атсалысты. Біреуі аулаларды абаттандырса, тағы бірі құрылыс материалдарымен көмектесті дегендей, бірде-бірі ортақ істен шет қалмады. Шалғайдағы ауданға инвестиция салушылар қатары да артқан. Ойқарағай көмір кеніші де өндірісін өркендете бастаған. Байынқол өзенінде алтын өндіру жолға қойылмақ. Тауларда жеміс-жидек бақтары отырғызылып жатыр. 500 гектарға орналастырылған еуропалық таңқурай мен қарақат түрлері жергілікті ауа райына тез бейімделіпті. Картоп өсіремін дегендерге де барлық жағдай жасалып жатыр. Облыстық бюджет есебінен 236 тонна элиталық тұқым жеткізіліпті. Сервистік-дайындау орталықтарын ашып, сұрыптау кешендері, тіркемелі жүк көліктері, комбайндар мен тракторлар сатып алынды. Фермерлер биыл картоп өсірілетін алқаптар аумағын 4,5 мың гектарға жеткізбек. Ең бастысы, бір кездері бос қала жаздаған ауылдарға ел оралды. Басқа елдімекендерді айтпағанда, Нарынқолдың өзіне көшіп келушілер саны еселеп артқан және олардың қатарында болашағын туған өлкемен байланыстырғысы келетін жастар жетерлік.Болат АБАҒАН, Алматы облысы