Қазақстанда 1,5 миллионнан астам адам өздерінің тұрғын үй жағдайын жақсартқысы келеді. Алайда нарықтағы жағдай мен азаматтардың табысы осынау арманның орындалуына толық мүмкіндік бере қоймайтыны тағы бар. Ендеше бұл мәселе қалай шешілмек, жалпы мүмкіндік бар ма, соған тоқталсақ.
Бар-жоғы 19 млн шамасындағы ел халқының 1,5 миллионы баспанаға зар болса, бұл қарапайым жұрттың жағдайының мәз емес екенін білдіреді. Баспанаға мұқтаж жандардың 565 мыңы тұрғын үй кезегінде, ал 1 миллионнан астамы жер учаскесінің кезегінде тұр. Сондай-ақ ресми дерек бойынша, 210,8 мың салымшы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан жалпы сомасы 1 трлн теңге жинақтарын мерзімінен бұрын шығарып алған. Осы мол ақшаның 99,4%-ын олар тұрғын үй жағдайларын жақсартуға жұмсауға ниетті.Баспана бағасы жиырма жылда қалай өзгерді?
Елімізде тұрғын үй құны кейінгі жиырма жыл ішінде қатты шарықтап кетті: жаңадан салынған баспананың бағасы 15 есе, ал қайталама нарықтағы құны тіпті 30 есе қымбаттаған. Егер 2000 жылдары жаңа үйдің шаршы метрі 21 мың теңгеден, ескі үйдің шаршы метрі 8 мың теңгеден айналды. Баспана бағасы ешқашан бір орында тұрақтап тұрған жоқ, алайда осы 20 жылда екі рет қатты секіріс жасады: бірінші рет 2007 жылы жаңа үйлердің шаршы метрі 70 мың теңгеден 161 мың теңгеге, қайталама нарықта 40 мың теңгеден 136 мың теңгеге бірден қымбаттады. Екінші рет 2015 жылы жаңа үйлердің шаршы метрі 258 мың теңгеге, ескі үйлердің шаршы метрі 190 мың теңгеге жетті. Одан кейінгі жылдары баға біршама тыншығандай, тіпті қайталама нарықтағы құны сәл төмендегендей де болған. Бірақ 2019 жылдан бастап жылжымайтын мүлік нарығы қайтадан «көкке өрлей» бастады. 2021 жылдың наурыз айындағы есеп бойынша, жаңа үйдің шаршы метрі – 324 мың теңге, ескі үйдің шаршы метрі 257 мың теңгеге жетті. Баға былтырғымен салыстырғанда 8,4%-ға артты. Тұрғын-жайлардың ең қымбаты Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында, ең арзаны Таразда. Айта кетейік, Атырау, Семей және Ақтаудан басқа қалалардың бәрінде үй бағасы өскен. Зерттеушілердің айтуынша, елімізде 2020 жылдың наурыз айында 52,7 мың пәтер сатылған, бұл былтырғы осы мерзіммен салыстырғанда 2,4 есе артық. Өңірлер бойынша Маңғыстау облысында баспана бәрінен көп сатылған (8,9 есе), одан кейін Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары тұр.Тұрғын үй нарығы дағдарысқа ұшырауы мүмкін
Сарапшылардың айтуынша, тұрғын үй нарығына жұрттың зейнетақы жинағын салуы айтарлықтай әсер еткен. Сондай-ақ мемлекет тұрғындардың баспана сатып алуы үшін түрлі жеңілдетілген бағдарламаларды іске қосып, сол арқылы ипотекалық нарыққа дендеп ене бастады. Қазақстанның жылжымайтын мүлік федерациясының президенті Ермек Мүсірепов баспана бағасының шамадан тыс шарықтауы тұрғын үй нарығының құлдырауына әкеліп соқтыруы мүмкін деп қауіптенеді. «Біздің ел 2007-2008 жылдары ипотекалық трендтің кері салдарын бастан кешірген. Үкімет бұл процесті тежемесе, тағы да сол кепке килігуіміз мүмкін. Адамдар несиелерін өтей алмай, банктер мен несие алушылар үлкен проблемаға тап болады», – дейді ол. Оның айтуынша, мемлекеттік бағдарламаны пайдалану белсенділігі жыл соңына дейін жалғаса түседі. Мұның алғашқы теріс әсерлері 2022 жылы көріне бастайды. Егер материалдық жағдайы осал жандар жұмысынан айырылса немесе жалақылары жеткіліксіз болса, ипотекалық несиелерін төлей алмай қалады. Бұл жағдай жаппай белең алған кезде баспана бағасы құлдырап, тұрғын үй нарығы дағдарысқа ұшырайды. Сөйтіп, тұрғын үй нарығында төлем төлеуге қабілетсіз несиелер проблемасы бірінші кезекке шығады. Сарапшы осы келеңсіздіктің алдын алу үшін өңірлер мен моноқалаларды дамыту қажетін айтады. Аймақтарда жұмыс орындары көптеп ашылатын болса, жұрт жаппай мегаполистерге ағылмайды. Өйткені адамдардың астана мен ірі қалаларға сабылуына ең бірінші жұмыссыздық себеп, егер шағын шаһарларда жұмыс орны мен баспана жеткілікті болса, олар жылы орындарын суытпас еді. Халықтың республикалық маңыздағы қалаларда көптеп шоғырлануы жылжымайтын мүлік құнының қымбаттауына тікелей әсер етеді. Өйткені сырттан келген адамдар қайтсе де баспанаға мұқтаж. Сұраныс болған жерде ұсыныс та бар. Ал республикада әлеуметтік тұрғыдан аз қорғалған жандардың баспанаға мұқтаждығы нарықтағы ұсыныстан екі есе көп. Сол себепті ірі қалаларда мемлекеттік тұрғын үй кезегіне өтініш беретіндердің саны қазіргіден де әлдеқайда көбейе түсетіні сөзсіз.Үкімет үй-жайдың бағасын арзандатуға ниетті
2020 жылы елімізде тұрғын үй құрылысының көлемі 11,2%-ға артқан, ал Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жаңадан пайдалануға берілген нысандардың саны 40% өскен. «Қазақстанда салынып жатқан тұрғын үйлердің көпшілігі өте қымбат. Сондықтан құрылыс компанияларының қолжетімді әрі сапалы үй салуын ынталандыру үшін офтейк-шарт жасаған жөн. Сонда баспана «Нұрлы жер» бағдарламасының құны бойынша төмен бағаға сатып алынады», – деген еді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Ал «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында жеке инвестициялардың есебінен шаршы метрі 300 мың теңге болатын баспана салуды ұсынды. Осы баспаналарды банк офтейк-шарты бойынша сатып алыну керегін айтты. Мемлекет әлеуметтік жағдайдың шиеленісін төмендету үшін ипотекалық бағдарламаларды көбірек ұсына бастады. Сондай-ақ тұрғын үй нарығын қолдау мақсатында басқа да көптеген жеңілдетілген бағдарламаларды белсенді қолға алып жатыр. Оған қоса халыққа баспананың қолжетімділігін арттыру үшін Үкімет «5-10-20» бағдарламасын іске қосты. Ол бойынша бүгінге дейін 5 мың несие берілді. Қорыта айтқанда, бүгінде мемлекет тарапынан қолға алынып отырған шаралар тұрғын үй нарығын дағдарысқа ұшыраудан сақтап қалуды да, халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуді де көздейді. Р.S.Баспананың қолжетімділігі жөніндегі халықаралық рейтингте Қазақстан 109 мемлекеттің ішінде 35-орынға жайғасқан. Бұл көрсеткіш бойынша біздің республика ЕАЭО мемлекеттерінің бәрінен және көрші мемлекеттерден көш ілгері. Жалпы, посткеңестік елдердің арасында алғашқы бестікке енеді. Аталған рейтингтің алдыңғы қатарында Сауд Арабиясы, Пуэрто-Рико, Оңтүстік Африка Республикасы сияқты елдер, ал ең соңында Сирия тұр.
Дәулет АСАУ