КСРО күйреп, «қос кіндікті» әлем ыдырап жатқанда Тopwar Каспий теңізін «әлеуетті жаңа қақтығыс ошағы» деп атады. Бұл кездейсоқ емес еді. Байырғы империя Иран тарихтың өзі ұсынған мүмкіндікті пайдаланып, алып су айдынындағы ұлттық мүдделерін қорғауға құлшынды. Тәуелсіздігін тұғырлы, мемлекеттілігін мығым етуге ұмтылған Қазақстан Каспий мұнайын игеруге білек сыбана кірісті. Өзге елдер де қарап қалмады.
Көршілер Каспийді бөлісудің түрлі амалын ұсынды
Каспий үшін ұзаққа, ондаған жылға созылған күрестің аса ауыр жүргенін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз естеліктерінде баяндайды. Өйткені теңізді жағалай орналасқан елдер қарсыласына оның айдынынан бір қарыс артық жер бермеуге жанталасты. Сыртқы күштер де араға килігіп, отқа май құюға тырысты: Иранды Biggest Caspian Loser (Bloomberg), ал Ресейді «главный неудачник раздела Каспия» (ресейлік басылымдар) деп жанықтырып, Қазақ еліне айдап салмақ болды. Сарапшылар екі ортада Қазақстанның ұтып кететінін, Каспийдің ең үлкен бөлігі соған тиетінін күрсіне айтып, күндеді. Айта кету керек, Каспийдің ен байлығын игеруге Қазақстан алғашқылар қатарында кірісті. Себебі Елбасы мұнайды «экономикалық тәуелсіздіктің іргетасы» деп белгілеген болатын. Ал еліміздің бірінші шетелдік ірі инвесторы – америкалық «Шеврон» да Теңіз мұнайын игеруге келгені мәлім. 1998 жылғы 6 шілдеде Н.Назарбаев пен Б.Ельцин XXI ғасырда жалғасатын мәңгілік достық пен одақтастық туралы Декларацияға қол қойып, Каспий теңізінің солтүстік бөлігінің түбін межелеу жөніндегі ұзаққа созылған келіссөздерге нүкте қойды. Жаһандық ақпарат құралдары асыға таратқан бұл ақпар өзге каспийлік елдерді тіксінтті. Бірақ осы қадам арқылы Елбасы оларды тезірек ортақ келісімге келуге итермелеген еді. Мұны Қазақстанның өз ұстанымын таңуы деп бағалағандар болды. Қазақстан әріптестерін Каспий теңізіне БҰҰ-ның теңіз құқығы жөніндегі 1982 жылғы Конвенциясы ережелерін қолдануға және оның түбін ресурстарымен бірге модификацияланған орта сызық бойынша межелеуге көндіруге жан салды. Бұл схема бойынша ең үлкен үлесті Қазақстан қанжығалайды: еліміз Каспийдің шамамен 29%-ын бір өзі еншілеп, қалған үштен екі бөлігін төрт елдің бөлісіне ұсынады. Онда Иранға ең аз үлес – 13% тиеді. Тегеран 13 пайызға ешқашан келіспейтінін мәлімдеді. Ол қазақтардың ұстанымына балама 2 бірдей ұсынысты қорғады: біріншісі теңізді 5 ел арасында тең бөлікке бөлуді қарастырады, яғни әрқайсысына 20% аумақтан беріледі. Екінші нұсқаға сәйкес, Каспийді ешқашан бөлмеу керек, онда 5 елдің қазіргі және келешек ұрпақтары Каспийді ортақ пайдаланады. Ресей мен Әзербайжанның ұстанымы да бөлек еді. Әзербайжан Каспийді теңіз емес, көл деп тануды жақтады. Айтқандай, Иран мен Әзербайжан Каспийді ежелден «Хазар көлі» атап келген. Тек 2018 жылғы Ақтау саммитінен кейін ирандық ақпарат құралдары «Каспий теңізі» деп жаза бастады. Егер оның мәртебесін көл деп бекіткенде, ұлттық секторлардағы жер қойнауы мен түбін, беткі айдынын бөліп, сондағы пайда болған межелеу сызықтары мемлекеттік шекара болып табылатын. Бұл нұсқа «қатаң бөлу үлгісі»» деп аталды. Бірақ бұл сауда, кеме қатынасы, балық аулау, экологиялық ынтымақтастық, теңіздің басқа биоресурстарын тиімді пайдалануға және сақтауға елеулі қиындық тудыратын. Қазақстан осыны қаперге салып түсіндірген соң ресми Баку өз ұстанымын біртіндеп қазақстандық нұсқаға ауыстырды. Каспий теңізін «ортақ қолданыстағы теңіз» деп есептеген Ресей оның төңірегіндегі әрбір мемлекетке ені 10 миль болатын жағалау бөлуді дұрыс санады. Яғни, әр ел тек осы 10 мильдік белдеуде барлау жүргізіп, теңіз түбінің минералды ресурстарын игереді. Қалған ресурс бірлескен иелікте қалуы тиіс. Оны басқару үшін 5 мемлекет арнайы комитет құрады. Қазақстан бұл ұсыныстарды құп алмады.Келісімге көндіру кезеңдері
Ұзақ келіссөздер арқасында Елбасы ақыры Борис Ельцинді қазақстандық тұжырымдамаға иліктірді. Ресей президенті Қазақстан ұсынған схема «Каспий бойындағы мемлекеттердің мүдделеріне сай келеді» деп жариялады. Бұл ретте Астана Мәскеуге Каспийдегі шекара сызығында орналасқан кен орындарын бірлесіп игеруді ұсынды. Өйткені тезірек келісімге келіп, құнды ресурс – мұнайды өндіре бастау солтүстік көршінің мүддесіне сәйкес келетін. Осыдан кейін Қазақстан алпауыт кен орындарын – «Теңізге» қоса, «Қарашығанақ» және «Қашаған» кен орындарын игеру ісін қолға алды. 2003 жылы Каспий қайраңын игеру бағдарламасы қабылданды. Ол Қазақстанға энергия ресурстарының экспорттық тасымалын ондаған жылдар бойы өсіріп отыруға, сол арқылы халықтың әл-ауқатын арттыруға, индустрияландыруды, ауыл шаруашылығын және әлеуметтік саланы қаржыландыруға мүмкіндік беретін еді. Тұңғыш Президенттің бағалауынша, Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін анықтау 5 жақты келіссөздердің жемісті жүргізілуі – «Қазақстан дипломатиясының тағы бір табысы» саналады. Көмірсутегі шикізатының аса бай қорына ие Каспий үшін күрестің келесі кезеңдерін атауға болады. Біріншіден, Каспий өңіріндегі мемлекеттер өкілдерінің алғашқы кездесуі 1994 жылғы қазанда Мәскеуде өтті. Онда Иран «Каспий мемлекеттерінің аймақтық ынтымақтастық ұйымын» құру идеясын ортаға салды. Ал қазақстандық делегация «бестіктің» ішінде бірінші болып Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы Конвенция жобасын ұсынды. Әйтсе де, «уақыттың жеткіліксіздігінен» ол жоба егжей-тегжейлі қарастырылмады. Нақты шешім қабылданбағанымен, бірінші кездесу келіссөздерге өріс ашты. Елбасының мәліметінше, 1990 жылдар басында Қазақстан мен Ресей арасында жүргізілген келіссөздер ең әуелі Каспийдің солтүстік-шығысындағы «Теңіз» бен «Қашаған» кен орындарына қатысты еді. Келіссөздер нәтижесінде біздің еліміз Каспий маңының мұнайлы-газды аймағының негізгі, яғни шамамен үштен екі бөлігіне қол жеткізді. 2000 жылғы 13 мамырда Н.Назарбаев Мәскеуде президент В.Путинмен екіжақты келісімге қосымша болып есептелетін және өзгертілген аралық сызықтардың координаттарын белгілейтін Хаттамаға қол қойды. Екіншіден, 1997 жылғы 27 ақпанда Түрікменстан президенті Сапармұрат Ниязовтың (Түрікменбашы) Алматыға сапары кезінде Елбасы оны Бірлескен мәлімдемеге қол қоюға көндірді. Онда «Каспий теңізінің мәртебесі бойынша Каспий өңірі мемлекеттерінің келісіміне қол жеткенге дейін екі жақ аралық сызықтар жөніндегі әкімшілік-аумақтық шекараларды делимитациялауды ұстанатыны» жазылды. Сөйтіп, Ашхабад ең басты даулы мәселелер бойынша Қазақстанмен ынтымақтастықта болды. Үшіншіден, 2001 жылғы 29 қарашада Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев пен Әзербайжан президенті Г.Әлиев екі ел арасындағы Каспий теңізінің түбін межелеу туралы келісімге қол қойды. Төртіншіден, 2003 жылғы 14 мамырда Қазақстан, Әзербайжан, Ресей арасында Каспий теңізінің түбіндегі шектесетін бөліктер туралы келісім жасалады. Бесіншіден, 2003 жылғы 4 қарашада Тегеранда Каспий маңындағы бес елдің өкілдері Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау және биологиялық ресурстарын пайдалану жөніндегі конвенцияға қол қойды. Алтыншыдан, 2006 жылы Елбасы өңірдегі жаңа сын-қатерлерді қамти алатын «Каспийдегі тұрақтылық пакті» идеясын ұсынды. Жобада «Каспий теңізі тек бейбіт мақсатта пайдаланылуы тиіс» деп көрсетілді. Дәл осы көзқарас кейін «Ақтау декларациясына» да енді. Бұған дейін, 2007 жылғы қазан айында Тегеранда өткен ІІ Каспий саммиті қорытындысында бес ел декларацияға қол қойып, Каспий теңізін «бейбітшілік теңізі» деп жариялады. 2010 жылғы қарашада Бакуде өткен ІІІ Каспий саммитінде Каспий теңізіндегі қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық туралы келісім жасалды.Ырысқа бастаған Ақтау саммиті
Алайда ХХІ ғасырдың екінші онжылдығы басталғанда да, теңіздегі мемлекеттік шекаралар мәселесі бұрынғысынша өзекті болып қалды. Каспий мәртебесінің бұлыңғыр болуы оның шельфінде мұнай-газ индустриясының дамуын тежеді. Инвесторлардың көбі белгісіздікке бола, бұл өңірді игеруге мойын бұрмады. Әйтпесе, Каспий көмірсутегі ресурстары бойынша Солтүстік теңіз, Мексика бұғазы секілді алпауыт мұнайлы аймақтармен бәсекелесе алатын. Оның үстіне мәртебенің айқындалмауы және барлық ауыртпалықтың келер ұрпаққа мирасқа берілуі халықаралық қауіпсіздікке нұқсан келтіріп, соғыс қаупін төндіруі мүмкін. Елдер ұзақ күткен тарихи оқиға 2018 жылғы 12 тамызда Ақтау саммиті кезінде болды. Осы күнгі V Каспий саммиті тарихқа енді: Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Иран президенті Хасан Роухани, Ресей президенті Владимир Путин, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев және Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов «Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға» қол қойды. Осылайша, бес елдің болашағына қауіп төндірген, мол ресурсты игеруге кедергі келтірген проблема шешімін тапты. Құжатқа сәйкес, Каспий Байкөл (Байкал) сияқты ірі «көл» емес, «теңіз» деп танылды. Каспийдің су айдыны ортақ пайдаланымда қалады. Ал оның түбі мен қойнауын көрші мемлекеттер халықаралық құқық негізінде бөлісті. Үлкен бөлігін Қазақстан еншіледі. Кеме жүрісі, балық аулау, ғылыми-зерттеулер жүргізу тараптардың өзара келісімі бойынша жүзеге асырылады. Тараптар Каспий түбі арқылы суасты кабельдері мен құбыржолдарды төсей алады. Ресейдің ілгерілетуімен бес елден өзге шетелдік әскери құрылымдардың Каспийде жүзуіне тыйым салынды. Елбасы айтқандай, осылайша бес ел Каспий теңізін достық пен ынтымақтастық теңізі ету жолында күш біріктірді.Айхан ШӘРІП