Дәрігерге де бөлек заң керек пе?
Дәрігерге де бөлек заң керек пе?
189
оқылды

Денсаулық сақтау министрлігі «Педагог мәртебесі туралы» заң үлгісінде медицина қызметкерінің мәртебесіне қатысты заң жобасын әзірлеуде. Әлемді әлемтапырық етіп, Қазақстанды құрсаулаған пандемия «ақ халатты абзал жандардың» беделін өсіреді деп күтілген. Бұл мақсат толыққанды орындалмады. Халықтың бір бөлігі карантин шектеулері үшін бас санитарларды кінәласа, індет жұқтырған екінші бөлігі «дұрыс қарамайды, тез айықтырмады» деп дәрігерлер үстінен шағым боратуда. Жедел жәрдем қызметкерлерін ұру оқиғалары да көбейіп кетті.

Заңды көшіре салған ба?

ДСМ-дегілер жаңа заң жо­басын әзірлегенде көп бас қатыр­мағаны байқалады. Оның біраз тұсы 2019 жылғы 27 желтоқсанда күшіне енген «Педагог мәртебесі туралы» заңынан көшіріле сал­ғанға ұқсайды. Бірақ дұрыс көшіре алмағандай. Біріншіден, Алексей Цойдың ұжымы әзірлеген жобада «Әлеу­меттік кепілдіктер. Медицина және фармацевтика қызметкер­лерін әлеуметтік қорғау» деген кішкене бап бар. Оған сәйкес, «мемлекеттік медициналық ұйым­­дардың медицина қыз­мет­кер­ле­рінің балаларына тұр­ғылықты жері бойынша мектепке дейінгі ұйымдардағы орындарды жергі­лікті атқарушы органдар бірінші кезекте береді». Яғни, бұл игілікті мемлекеттік емхана мен аурухана қызметкерлері ғана пайдаланады. Квазимемлекеттік, жекеменшік клиникаларда ін­детпен күресіп, ұлт саулығына үлес қосып жүрген дәрігер, мейірбике мен санитар одан тыс қалмақ. Ал БҒМ жазған заң бойынша, кез келген педагогтің баласына әкімдіктер балабақшадан бірінші кезекте орын беруі тиіс. Екіншіден, «медицина қыз­меткерлерін әскери қызметке ша­­­қыруды кейінге қалдыру» ұсы­ны­лып отыр. Екі жылдан бері мұндай мүмкіндікті ұстаздар пай­далануда. Бұл бапты министр­лік ертерек енгізуі керек еді. Себебі жас медицина қызмет­кер­лерінің әскерге алынуы пандемия тұсында елде кадр тапшылы­ғының туын­дауына үлес қо­сыпты. Үшіншіден, сарапшылар пі­кірінше, жаңа заң ақ халатты­лар­ды қоғамның қысымынан еш қорғамайды. Онда медицина және фармацевтика қызмет­керлері «лауа­зымды адамдар және басқа да тұл­ғалар тарапынан заңсыз ара­ласу­дан және кедергі келтіру­ден қор­ғалуға», «пациент­тер мен олар­дың туыстары немесе өзге де заңды өкілдері тарапынан кәсібіне құр­метпен қаралуына және тиі­сінше мінез-құлық көр­сетілуіне» құқылы деп көрсетілген. Міндетті емес, құқылы. Оның бұл құқығына қол сұ­ғылған, айталық, сырқаттың туы­сы сабаған жағдайда дәрігердің «ерекше мәртебесіне» сай бұза­қыға ерекше жаза қолдану қарас­тырыл­маған. Мысалы, полицейге қол кө­тер­ген адам сотталып кетуі ық­ти­мал, ал адам өмірін араша­лайтын медицина өкілін ұрғандар айып­пұл­мен не бірер күн қамаққа алу­мен құтылады. Салыстыру үшін айтсақ, қанша сынал­ғанымен, «Педагог мәртебесі туралы» заң бұдан көш ілгері. Атап айтқанда, мұғалімді әкімдер, мектеп басшылығы негізгі маман­дығынан тыс жұмыстарға жеге алмайды. Тіпті, педагогтен басы артық есеп сұрат­қаны үшін жаза тартады. Дәрігерлер мәртебесіне қатысты жаңа заң жобасында оның бірі жоқ. «Медицина және фармацевтика қыз­мет­керлеріне лауазымдық міндеттерін атқару кезінде құрмет көрсетпегендер үшін әкімшілік жауапкершілік енгізіледі. Сондай-ақ бұл норма медицина және фармацевтика қызметкерлерінің мәрте­бесін арттыруға бағытталған» деген сенімде денсаулық сақтау ведомствосы.

Жағдайы мұғалімнен де нашар

ДСМ жаңа заң аясында сала маман­дарын ынталандыру шараларын енгізуді жоспарлап отыр. Бірақ олардың ішінде ең бастысы жоқ. Мысалы, медицина маман­дары үшін зейнетақы жасы төмен­детіл­мейді. Оларға бірінші кезекте мемлекеттік баспана алу құқығы ұсынылмайды. Онда тіпті сыйақы беру кепілдігі де бекітілмеген. Сонда не қалды? Ішінара ынталандыру жоспарлануда. Біріншіден, жергілікті әкімдіктер жыл сайын өз өңіріндегі мықты, майталман медицина қызметкерін іріктеп, «Кәсібі бойынша үздік» мәртебесін және 500 АЕК (1 млн 458,5 мың теңге) біржолғы ынталан­дырушы төлем береді. Бірақ бұл сыйақы жергілікті бюджет есебінен төленетін­діктен, ол әр өңірде әкімдіктің қаржылық жағдайына тәуелді болады. Заң әкімдерді осы мәртебе-атақты қанша көлемде үлестірем десе де шектемейді. Екіншіден және ең бастысы – жыл сайын санаулы дәрігерге республикалық деңгейде «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» атағы беріледі. Оны алу үшін медицина қызметкерлері Қазақстан Рес­пуб­ликасы алдында ерекше еңбек сіңіруі және айрықша жетістіктерімен ауызға ілігуі шарт. Сонда оған осы атақпен бірге 1 000 АЕК (2021 жылы 2 миллион 917 мың теңгеге тең) көлемінде біржолғы сыйақы табысталады. Ақылға салсақ, бұл сыйа­қыны әлдебір аурухана не емханада күн сайын өз ісін ың-шыңсыз ғана адал атқа­рып, науқастардың дертіне шипа тауып жүрген қарапайым, даңққұмар емес дәрі­герлер бәрібір ала алмайтын болса керек. Айтпақшы, бұл тармақ та педагогтер заңынан көшірілген: «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағына ие болған педагог 1 000 АЕК көлемінде біржолғы төлем ала алады. «Саланың тартымдылығын арттыру, кадрлық қамтуды жақсарту, денсаулық сақ­тау мамандарын материалдық ынталан­дыру мақсатында қоғамда медицина қыз­мет­керлерінің мәртебесін арттыру және білікті медицина кадрларының тапшылығы мәселесін шешу үшін нақты шаралар қабылдау қажет», – дейді ДСМ заң жоба­сына түсініктемеде. Иә, дұрыс-ақ. Осыған ынталан­дыратын­­дай тағы не бар? Жобада басқа ештеңе жоқ. Педагогтердей еңбегіне ақы төлеу жүйесі, лауазымдық айлықақы, қосымша ақылар, үстемеақылар және ын­та­ландыру сипатындағы басқа да төлемдер секілді кепілдіктер онда сөз етілмеген. Ғылыми, кандидаттық, докторлық дәре­жесі үшін мұғалімдердей жалпыға ортақ 17 АЕК (шамамен 50 мың теңге) үстемеақы бекітілмейді. Бала оқытушыларға арналған жыл сайынғы ақы төленетін 56 күн еңбек дема­лысын Үкімет адам емдеушілерге қимады. Ұстаздардан тағы бір айырмашылығы, медқызметкерлердің «жұмыс жүктемесінің нормативі» туралы да заң жобасында айтылмаған. Демек, ауыртпалықтың азай­май, одан ары артқанына шыдамаған әрі қолдау көрмеген дәрігерлер мен мейір­бикелердің саладан кету үрдісі жалға­сатынға ұқсайды. Сонымен қатар БҒМ кәсіптік қызметін жүзеге асыру және өмір сүру үшін ауылға барған педагогке көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алу не салу үшін әлеуметтік қолдау көрсетуді заңмен бекітті. Бұған қоса, педагогтің үй жалдауына өтемақы төленуі тиіс. Оның санаторийлік-ку­рорттық емделуіне және демалуына жол­дама сатып алу үшін толық немесе ішінара төлемдер жасалады. Әкімдіктерге педагогті әлеуметтік қолдауға бағытталған өзге де жеңілдіктер белгілеу жүктелген. Цой заңының жобасында мұның бірі жоқ.

Мәртебенің өнімділікке әсері бар

Медицина саласындағы зерттеуші ғалым, профессор, доцент Ж.Қожекенова бір мәселеге назар аудартады. «Қазақстандық медицина қызметкер­лері арасында әлеуметтік зерттеу жүргізілді. Сонда сұралғандардың 79,9%-ы жағдайы­ның орташа екенін айтқан. Ал медқызмет­керлерінің 17,6%-ы өзін ең төменгі тапқа жатқызыпты. Салада мамандықтың беделі төмендеуде, «ақ халаттылар» өз кәсібінің мәртебесіне көңілі толмайды. Мұны ары қарай елемеу, мамандықтың мәртебесін арттыру бойынша әлеуметтік-экономика­лық түбегейлі шаралар қабылдамау және қоғамдық пікірді түзетпеу салмақты теріс салдарларға соқтыруы мүмкін», – дейді ғалым. Дәрігерлік жұмыстың тиімділігі тек емхана-аурухананың заманауи жарақтан­дырылуына, жұмыс процесінің ұтымды ұйымдастырылуына, персоналдың білік­тілігіне ғана емес, сонымен бірге медицина қызметкерлерінің көңіл күйіне, олардың өз мамандығы мен мәртебесін ұлық тұ­туына да байланысты. Мұның бәрі еңбектің өнімділігіне және сенімділігіне әсер етеді. Сарапшылардың мәліметінше, Қазақ­станда 2014 жылы қылмыстық заңнама қатайтылғалы бері дәрігерлерге қарсы қозғалған істердің саны өскен. Әрине, өз ісіне салғырт қарайтын, таныстықпен тұрған, бірақ біліктілігі нашар, тіпті адам өлтіретін дәрігерлер бар. Дегенмен ДСМ мәліметінше, көп жағдайда дәрігерлер өлімге әкелгені үшін емес, оның алдын алмағаны үшін жауапқа тартылады. «Дәрігерді заңсыз, әділетсіз қылмыстық қудалау фактілері жиі болады. Қазақстанда жыл сайын Қылмыстық кодекстің 317-323-баптары бойынша 600-800-ге жуық іс ашылады. Алайда осы істердің көбі тергеу кезінде дәлелденбегендіктен жабылады. 2016-2019 жылдар аралығында Қылмыстық кодекстің 317-бабы бойынша соттарға 39 қылмыстық іс жеткен. Оның 35-і бойынша 55 адамға қатысты үкім шығарылды. 11 адамды қамтыған 4 іс про­курорға қайтарылды», – дейді ДСМ өкілі. Нәтижесінде, 2 медқызметкердің бас бостандығы шектетілген. 9-ына шартты жаза кесілді. 11-і сотталды, бірақ рақым­шылық жасалып, жазадан босатылды. 19 сотталған адам ескіру мерзімінің аяқ­талуына байланысты жазадан құтылған. 3-еуі түрмеге отырды. Сот залында 11-і ақталды. Жыл сайын медқызметкерлерге қа­тысты 300-ге жуық әкімшілік іс қозғалады. Министрлік дерегінше, бір жылда 3 мыңнан астам шағым түскен. Өтініштерді қарау нәтижесінде 299 жеке тұлға, 87 лауа­зымды тұлға және 23 заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Пациенттердің пайдасына 8,8 миллионнан астам теңге төленді. Жасыратыны жоқ, тіл білетін білікті қазақстандық дәрігерлер алыс-жақын шетелге кетуде. Дамыған елдерде, әсіресе АҚШ-та білікті медицина қызметкерлері шетінен миллионер. Medscape АҚШ-та 20 мың дәрігер арасында сұрау сала келе, ре­нтгенологтердің 49%-ының жинағы 2 миллион доллардан асатынын білді. Бізде де дәрігер мамандығы ең беделді саналуына қол жеткізген жөн. Ол үшін жалақыны өсірумен бірге біліктілікті арттыру маңызды. Америкада дәрігерлердің ұзақ жыл оқып, ұдайы біліктілігін көтере­тіні бізге үлгі болса игі.

Елдос СЕНБАЙ