Аптаның алғашқы күнінде Шымкентте тағы да әйелдер әкімдіктің алдына жиналып, наразылыққа шықты. Сол маңдағы жолды жауып, көлік қозғалысына кедергі келтірді. Талаптары – кезексіз тұрғын үйге қол жеткізу немесе уақытша баспана алу.
«4 бала туғандар бізден артық па?»
Несін жасырамыз, соңғы кездері мұндай жайт қалыпты жағдайға айналып барады. Соңғы 2-3 жылда Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында аналарымыздың қит етсе, қолына плакат ұстап, көшеге шығуы әдетке айналды. Иә, кейде болып жататын әлеуметтік теңсіздік көпшілігінің титығына тисе керек-ті. Дегенмен қазақ қоғамы үшін орны бөлек ақ жаулықты аналарымыздың дәл мұндай әрекеті көзге оғаш көрінетіні рас. Әлеуметтік теңсіздік, баспана мұқтаждығы, тұрмыстың төмендігі қай елде болса да бар. Бірақ, өкінішке қарай еліміздің әлсіз топтары айқайласақ қана әрекет етеді, наразылыққа шыға берсек, жағдайымызды жасап аламыз деген тұрғыдағы пиғылды әбден бойына сіңіріп алса керек. Ұдайы әкімдіктің алдына жиналуды әдетке айналдырды. Бұл жағдай осыдан 3 жыл бұрын елордадағы бір отбасының кәмелетке толмаған бес баласы өрттен мерт болған соң басталған. Көпбалалы әйелдер мемлекеттік жәрдемақыны ұлғайтуды, баспана мәселесін шешуді, көпбалалы отбасыларға жеңілдіктер енгізуді талап еткен. Нәтижесінде, мемлекеттік жәрдемақы көлемі көбейіп, көпбалалы аналарды қолдау шаралары ұлғайды. Одан өзге де бірқатар шара қабылданды. 4 және одан көп баласы барларға жәрдемақы мөлшері бірнеше есеге көбейіп, ай сайын 42 мың теңгеден аса жәрдемақы белгіленді. Шыны керек, бұл бұрын- соңды болмаған мемлекет тарапынан жасалып жатқан үлкен қолдаудың бірі еді. Дегенмен намысшыл, қанағатшыл қазақтың әйелдерінің пиғылы өзгеріп кетті ме, енді «әр балаға 42 мың теңгеден берілсін», «4 бала туғандар бізден артық па, 2-3 баласы барларға да жәрдемақы берілсін» деп ұрандататындар көбейді. Шымкент қаласының әкімдігіне жиналатын аналардан дәл осындай сөздерді жиі естиміз.Ереуіл жасаудан жалықпайтын болды
Көшеге шығып, жолды жабуға тырысқан отыз шақты әйел әр кезде әртүрлі талаппен әкімдік алдына жиналатын сол баяғы жандар. Ресми мәліметтерге сүйенсек, олар әкімдік алдына былтыр 30 рет жиналыпты. Олар мемлекет берген қаржы жетпейтінін айтып, көмір түсіріп беруді, баспана кезегін жылжытуды талап етіп келеді. Шымкент әкімдігі былтыр жылдың соңына қарай үнемі наразылыққа шығып жүретін әйел-аналарды зерттей келе олардың жыл бойына алған көмектерін тізіп, әлеуметтік желіге жариялаған болатын. Сонда кейбір жандардың мемлекет тарапынан алып отырған жәрдемақыдан бөлек демеушілер есебінен алған көмектерін қосқанда, миллион теңгеден асатын қаржылай, заттай көмек алғанын байқағанбыз. Оның үстіне, былтыр пандемия жағдайына орай әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға ақшалай болсын, азық-түлік себеттері болсын жиі-жиі жәрдем мен көмектің түскені жасырын емес. Соған қарамастан наразылыққа шығу бәсеңдеген жоқ. Бұл жолғысы баспана. Арасында баласын жетектегендер де бар. Қолдарына «Баспана берілсін!», «Жәрдемақы. Әр бала басына 42 500 теңге бер!» деп жазып, плакат ұстаған. Баспана берілсін деп айқайлайды. Шаяхметов көшесін жапқанымен, полиция қызметкерлері мұның заңсыз екенін айтып, оларды жол жиегіне шығарды. Әкімдік алдына қайта барған аналарға Тұрғын үй қатынастары басқармасының өкілдері шығып, кезексіз үй берілмейтінін, баспана кезегінде тұрған жандардың көп екенін айтып түсіндіріп жатты.80 пайызы 555 мың теңге грант алған
Шымкент қалалық тұрғын үй қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Абылайхан Балықбаевтың айтуынша, қалада 44 110 адам баспана кезегінде тұр. Олардың 7 мыңнан астамы көпбалалы отбасылар. «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның 67, 74-баптарына сәйкес, мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтерлер белгіленген тәртіппен және кезек ретімен беріледі. Кезектің жылжуы автоматты түрде болады және ол қала әкімінің жіті бақылауында тұр. Мұнда жиналғандардың көбі кезекке де тұрмаған. Кезекке тұру үшін заңда көрсетілген санаттардың біріне енуі және мекенжайы соңғы 3 жылда Шымкент қаласында болуы, соңғы бес жылда тұрғын үй иесі болмауы тиіс. Біз осыны талай мәрте түсіндірдік. Бұдан бөлек, Отбасы банкі арқылы «Шаңырақ» бағдарламасымен жеңілдетілген несиемен үй алуға болатынын да ескерттік. Жиналғандар басқармада, басшылықтың қабылдауында да жиі болған. Енді кезекті жылжытуды немесе уақытша баспана беруді сұрайды. Бізде уақытша баспана деген жоқ, болса бергеніміз бізге де жақсы. Жыл сайын біртіндеп кезекті жылжытамыз. Бірақ бәрібір бір жылда 2 000 адам тағы қосылады. Былтыр 692 пәтер берілді, биыл тағы кезекте тұрған 676 жан баспаналы болады. Оның 378-і көпбалалы отбасыларға болса, 238-і әлеуметтік әлсіз топтарға үлестіріледі», – дейді ол. Ал әкімдік өкілі әйелдерді осындай наразылыққа үгіттеп отыратын 30-40 шақты белсендінің бар екенін жасырмады. Наразылыққа шығуға үгіттейтін арнайы он шақты WhatsАpp чаттары бар екен. Әкімдік қызметкерлеріне келушілердің түрлері де, өздері де әбден таныс. Оларға мүмкіндігінше демеушілер есебінен қыстық отын түсіріліп, жиі-жиі азық-түлік себеттері таратылады. Тіпті, коммуналдық төлемдері де талай мәрте төленген екен. Пәтерақысы төленгендер де бар. Сондай-ақ жиналғандардың 80 пайызы кәсіп бастау үшін 555 мың теңге көлемінде қайтарымсыз мемлекеттік грант алған. Атаулы әлеуметтік көмектен бөлек, «Біз біргеміз» қорынан 50 мың теңгеден жәрдемақыға да қол жеткізген. Қаладағы 4 аудан әкімдігі тарапынан жиі түсіндіру жұмыстары жүргеніне қарамастан ұдайы наразылыққа шыға беретін болыпты. Қалай болғанда да, қанша көмек алса да немесе тіпті көмексіз қалса да көшеге шығып айқайлай беру әдепсіздік екені белгілі. Шыны керек, дәл осы көріністерімен қоғамда әйелдерге, аналарға деген сыйластықты төмендетіп алатынын түсінер ме екен олар?! «Көпбалалы аналар» деген ұғымның да қадірін кетіріп жүр. Қоғам дертіне ұласып бара жатқан бұл көріністің қалай болмасын жолын кесетін қандай да бір шара қолдану қажет сияқты... Әйтпесе, әр адамның ұяты мен санасына салып қоя салсақ бұл жайт жуық арада тоқтамас...Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы